БҰҰ әлем халқының 2100 жылы қанша болатынын болжады. Болжам бойынша 2100 жылы жұмыр жерде 10,2 млрд адам өмір сүрмек. Ал адамзаттың орташа өмір сүру жасы 82 жасты құрайтын болады.

БҰҰ-ның бұл жолғы болжамы 2024 жылғы болжаммен ұқсас. Адамзат 2084 жылы 10,4 млрд халыққа жетеді. Артынша халық санының жер бетінде азаюы ақырындап белең алмақ.
ХХІ ғасырда адамзаттың өмір сүру жасы ұлғая бермек. Бұл медицинаның дамуы, ауыр еңбекті роботты жүйелер мен автоматтандырылған құрылғылардың істеуі арқылы мүмкін болмақ. Ғасыр соңында адамзаттың орташа жасы 81,7 жасты құрайды. Ерлер үшін бұл көрсеткіш 80 жас, ал әйелдер үшін 84 жас болмақ.
2100 жылы БҰҰ-ның болжамы бойынша бірқатар елдердің халық саны азая түспек. Ғасыр соңында Қытайдың халық саны 638 млн адам болса, Үндістан халқының саны 1,5 млрд болады. Бұл елдерде туу көрсеткіші өлім деңгейінен аз болса да, Қытай мен Үндістан халқы көп елдердің көшбасшылығын сақтап қалады.
Халық санының қарқынды өсу бойынша Африка мен Азия елдері көш бастайды. Конго Демократиялық Республикасы, Танзания мен Эфиопия, Нигерия халық саны бойынша Африкада алға шығады. Ал Азияда Пәкістан халқының саны еселеп артпақ.
Болжам бойынша 2100 жылы Ресей халқының саны 126 млн адамды құрайды. Бұл қазіргі көрсеткіштен 20 млнға аз деген сөз. БҰҰ-ның мәліметінше әлемдегі 63 мемлекет демографиялық өсім бойынша 2024 жылы шырқау шегіне жетті және 2025 жылдан бастап оларда кері процесс басталды. Ал 2025-2054 жылдары бірқатар мемлекет демографиялық өсім деңгейінің шырқау шегіне жетеді. Әлемнің тең жартысынан көбінде бала туу көрсеткіші 2,1 деңгейіне жетпейді. Сәйкесінше көптеген елде демографияның өсуі баяулайды.
Болжам бойынша 2070 жылы жер бетінде жасы 65-тен асқандардың саны жасы 18-ге толмағандарға қарағанда көп болмақ. Бұл бірқатар мемлекеттердің қартаюын білдіреді және роботтар күнделікті өмірде көбірек қолданылатын болады.
Дегенмен бұл болжам іске асу үшін, жер бетінде қауіпті эпидемия, ядролық соғыс және ауқымды қақтығыстар болмауы тиіс дейді мамандар.
Mezgil.kz