Су-57 мен С-500: Путин Үндістанға бара жатыр. Моди мен Трамптың ұстанымы қандай?

Foreign Policy басылымының саяси шолушысы, саясаттанушы Сумит Гангули Ресей мен Үндістанның қарым-қатынасы туралы, Путиннің Нью-Делиге сапары хақында сараптама жариялады. Сараптаманы қысқаша түрде назарларыңызға ұсынамыз.


347205372125769.jpeg

 

Ресей президенті Владимир Путин 5-желтоқсанда Үндістанға бармақ. Ол жыл сайын өтетін Ресей-Үндістан саммитіне қатысады. Путин Украинаға басып кіргеннен кейін, Үндістанға барған емес. Сарапшылар Путиннің Үндістанға сапары Уашиңтон мен Делидің арасындағы шиеленіс сәтінде жүзеге асып жатқанын айтуда.

 

Путиннің Үндістанға сапары алдында Үндістанның сыртқы істер министрі Джайшанкар Мәскеуге келді. Ол ШЫҰ жиынына қатысып, артынша Ресей-Үндістан арасында өтетін саммитке дайындық туралы айтты. Тамыз айында Үндістанның СІМ басшысы мен Ұлттық қауіпсіздік органының басшысы Ресейге келген болатын. Олар алдағы уақыттағы жасалатын келісімдерді талқылады.

 

Үндістан билігі соңғы айларда АҚШ-тың қыспағына ұшырауда. Нью-Дели бұл қыспақты «әділетсіз» деп атауда. Ал Уашиңтон Үндістанды «Ресейдің мұнайын сатып алу арқылы, соғысты қаржыландыруда» деп айыптаумен келеді. Трамп әкімшілігі ресейлік мұнайды сатып алғаны үшін Үндістан тауарларына тарифті көтерді.

 

Үндістан мен АҚШ арасындағы саясатты сараптаушылар Трамптың Үндістанға қыр көрсетуінің бір себебін Пәкістанмен болған соғыспен байланыстырады. Трамп қақтығысты тоқтату үшін тараптарды келіссөзге шақырды, Пәкістан Трампты Нобель сыйлығына ұсынды, ал Үндістан премьері Нарендра Моди АҚШ-тың қақтығысты тоқтатудағы рөлін мойындаған жоқ. Батыстың ақпарат көздері Пәкістан мен Үндістан арасындағы қақтығыс сәтінде Трамптың Модиге төрт мәрте қоңырау шалғанын, Үндістан тарапы жауап бермегені туралы мәліметті таратты. Бұл ақпарат Моди мен Трамп арасындағы шиеленісті тіпті үдетті. Артынша Трамп Үндістанның тауарларына тарифті 50 пайызға көтерді.

 

Үндістан сарапшылары Нью-Делидің Ресейден ұшақ сатып алу бойынша келіссөзді қайта бастайтынын айтуда. Алдағы саммитте тараптар маңызды келісімдер жасауы мүмкін. Соның ішіде ресейлік Су-57 ұшақтарды Үндістанға сату, С-500 кешендері сату және бұл қару түрлерін Үндістан аумағында құрастыру мәселесі талқылануы ықтимал. Ченнаи мен Владивосток арасын жалғайтын су жолын қалыптастыру да талқыланбақ.

 

Дегенмен Мәскеу Үндістанға қатысты бірқатар наразылығы барын бұған дейін айтқан еді. Ресейдің СІМ басшысы Сергей Лавров Үндістанның Қауіпсіздік бойынша төрттіктің (Quad) жиынына қатысуына наразы екенін айтқан болатын.

 

Үндістан Ресейдің бірқатар қаруын алуы мүмкін. Сарапшының ойынша осы әрекеті арқылы Үндістан АҚШ-тан да басқа қару алатын нарығы барын көрсетуге тырысады. Алайда бұл Трамптың өзге шешіміне ұласу қаупі бар. АҚШ Пәкістанмен әріптестікті күшейтіп жіберуі ықтимал.

 

Ресей Үндістанға қару сату бойынша көптеген келісім жасасқан еді. Алайда біраз келісімнің орындалу мерзімі тым ұзаққа созылды. Мысалы Ресей Үндістанға кеңестік «Адмирал Горшков» ұшақтасушы крейсерін сатты. Бірақ оны жеткізу мерзімі ұзаққа созылды. Үндістан Ресейден сатып алған өзге қарулардың да мерзімінен ұзаққа кешіктірілуін айтып, шағымданған болатын.

 

Ресей Батыстың санкцияларына байланысты Қытайды ағалап-жағалаумен келеді. Үндістан мен Ресейдің арасындағы байланыстың дамуын Бейжің қаламайды. Дели мен Бейжің ежелден бәсекелес, қарсылас саналады. Қырғи-қабақ соғысы кезінде Үндістан КСРО-ны қытайға қарсы баланс ретінде қарастырды. Алайда енді Мәскеу билігі Бейжің-Дели қақтығысында Үндістанға дипломатиялық қолдау көрсетуі екіталай.

 

Сарапшылар алдағы саммитке қарап, Үндістан мен Ресейдің арасындағы тығыз әріптестік, мызғымас одақтастық орнауы екіталай дейді. Бұл саммит Модиге Трамп әкімшілігіне қыр көрсету үшін және ресейлік мұнайды тіпті арзан бағаға алу үшін керек болса, Путин Үндістанға сапары арқылы әлемдік аренада оқшауланбағанын көрсеткісі келеді. Түптің түбінде Үндістан АҚШ-пен әріптестігін бәрібір жоғары қояды. 


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар