Мумбайдан Мәскеуге: Ресей Үндістаннан миллиондаған адам алдырмақ па?

Ресей билігі соғыстың салдарынан жұмысшы күшінің жетіспейтінін растады. Экономикалық жағдайға байланысты және қоғамдағы қысымды ескере отырып, Орталық Азия елдерінен де еңбек мигранттары Ресейге баруды азайтқан. Бұл Ресей нарығындағы жұмысшы күшінің тапшылығын тіпті үдетті. Мәскеу өзге аймақтардан жұмысшыларды шақыру келісімдері жасалуы тиіс дейді.


920__95_3604501577.png

(Сурет xabar.uz сайтынан алынды)

 

Сбербанк Үндістаннан кәсіби мамандарды алдыру арқылы Ресейдің экономикасын көтеруге болатынын айтуда. Бұл туралы банктың бірінші төраға орынбасары Александр Ведяхин айтты.

 

Банктың басшысы Герман Грефтің пікірінше алдағы жылдары Ресейдегі жұмысшы күшінің тапшылығы 3-5 млн адамға жетуі мүмкін. Бұндай тапшылық Ресей экономикасы үшін үлкен соққы болар еді. Ол еңбек мигранттарын Ресейге кіргізу механизмін жетілдіріп, мәселені шешуді ұсынуда.

 

Reuters басылымына сұхбат берген Александр Ведяхин былай дейді: «Үндістанның еңбек ресурсы әлемде сұранысқа ие. Олардың жұмысшы күші кәсіби деуге болады. Біздің миссиямыздың бір қыры Ресейге Үндістаннан жұмысшы күшін әкелумен де сипатталады», - дейді.

 

Үндістанның Петербордағы бас консулы Нилам Ранидың пікірінше Ресейге Үндістаннан келетін еңбек мигранттарының саны күн сайын артып келеді. Ол 2025 жылы Ресейге келген жұмысшылардың саны 400 мың адамға жетуі мүмкін екенін айтты. Ал кей сарапшылар алдағы жылдары Үндістаннан Ресейге жұмыс істеуге миллионнан астам адам келуі мүмкін деп болжайды. 

 

Ведяхин сөзін жалғап, былай дейді: «Олар жұмыс берушілердің ұсынысы бойынша визамен келеді. Осылайша визасыз жүрген өзге жұмысшылардан ерекшеленеді. Үнділер қалай жұмыс істейді? Олар Үндістанда белгілі бір мамандықты игеріп алады. Ресейде мойындалуы тиіс сертификатты алады. Сөйтіп сертификатымен бізге келіп, белгілі бір жұмысшылар бригадасына кіріп, келісімге қол қойып, құрылыс саласында еңбек етеді», - дейді ол. Ал Сбербанк жұмысшыларға қаржы төлеуді тиімді ету үшін Ресей мен Үндістан арасында трансферді жүйеге келтірген.

 

Ресей жұмыс күшінің тапшылығына қарамастан, еңбек мигранттарына қойылатын талапты күшейтуде. Ресей тарихынан және орыс тілінен емтихан тапсыру міндеттелген. Мигранттардың балалары орыс тілін білмесе, мектепке қабылдануы екіталай.

 

Ведяхин бұл туралы былай дейді: «Еңбек мигранттарын квота бойынша шақыру талабында орыс тілі мен Ресей тарихын білу туралы талаптарды жеңілдету көріністері бар. Сондай сигналдар бар. Бұл дұрыс қадам. Ресейде жұмысшы күшінің дефициті артуда. Ал 2030 жылы тіпті 3 млн адамнан асып түсуі мүмкін. Ондай сәтте экономиканың көп бөлігі тоқтап қалады. Ал Үндістан азаматтары кәсіби және еңбек ресурсы көп. Үндістанның 15 млннан астам азаматы өзге елде еңбек мигранты болып квотамен жұмыс істеуде», - дейді.

 

Үндістаннан еңбек мигранттарын көптеп әкелу мәселесі желтоқсан айында талқылануы мүмкін. Желтоқсанда Ресей президенті Путин Үндістанға сапарлап барады. Ведяхиннің сөзінше, Үндістанда Сбердің екі бірдей офисі бар. Біреуі Мумбайда, енді бірі Нью-Делиде орналасқан. Банктың Бангалорде үлкен IT хабы бар. Бұл құрылымдар да жұмысшы тартуға қатысуы ықтимал. 


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар