Жұманғариннің есебі: Үкімет Ұлттық қорсыз қарекет ете ала ма?

Бүгін Сенаттың кезекті отырысында 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы мен жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі талқыланды.

1763629746501501.jpg

(Сурет: Үкіметтің телеграм арнасынан алынды)

Аталған жиында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бірқатар мәселелерге тоқталып, ел бюджетінің кірісі мен шығысына қатысты сандеректерді жария етті.

Біз Серік Жұманғариннің есеп-қисабын ұсынамыз, қараңыздар:

Жергілікті бюджет кірістері

Вице-премьер Серік Жұманғарин жалпы сипаттағы трансферттердің параметрлерін қарау барысында өңірлердің алдағы үш жылға арналған кірістерінің болжамды көлемін айтты.

Жергілікті бюджет кірістері 2026 жылы 10,7 трлн теңге, 2027 жылы – 12,1 трлн теңге, 2028 жылы – 13,3 трлн теңге болады деп болжануда. Шығыстар 2026 жылы 14,9 трлн теңгені құраса, 2028 жылға қарай 18,7 трлн теңгеге дейін өседі.

АӨК және су үнемдеу технологияларын субсидиялау

Трансферттерде АӨК-ті субсидиялауға, су үнемдейтін суару технологияларын енгізуге және жаңа нысандарды күтіп-ұстауға арналған шығыстар ескерілді. Бұл мақсаттарға 2026 жылы 1,5 трлн теңге, 2027 жылы – 1,6 трлн теңге, 2028 жылы – 1,7 трлн теңге көзделген.

Үш жылға арналған өңірлерді дамыту бюджеті

 «Даму бюджеті жыл сайын артып келеді: 2026 жылы – 1,8 трлн теңге, 2027 жылы – 3,2 трлн теңге және 2028 жылы – 4,1 трлн теңге. Үш жылда барлығы – 9,1 трлн теңге», - деп атап өтті Серік Жұманғарин.

2026 жылы елімізде ЖІӨ-нің нақты өсуі 5,4% деңгейінде күтіледі

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ЖІӨ бойынша болжамды мәлімдеді.

«Базалық нұсқаға сәйкес 2026 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 5,4%, 3 жылдағы орташа жылдық өсуі 5,3%-ды құрайды», - деп атап өтті Серік Жұманғарин. Оның айтуынша, номиналды жалпы ішкі өнім 2026 жылғы 183,8 трлн теңгеден 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге дейін өседі.

2028 жылы Қазақстанда экспорт көлемі $83,7 млрд-қа дейін ұлғаяды

Серік Жұманғарин 2028 жылға дейінгі сыртқы сауда операцияларының болжамын ұсынды. Оның мәліметінше, Қазақстанда экспорт көлемі біртіндеп арта түседі.

«Болжам бойынша экспорт 2026 жылғы $77,1 млрд-тан 2028 жылы $83,7 млрд-қа дейін, импорт – $67,7-ден $75,2 млрд-қа дейін өседі», - деп атап өтті Серік Жұманғарин.

2028 жылы Қазақстанда инфляция деңгейі 5-7%-ға дейін төмендейді

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин алдағы үш жылға арналған жаңартылған инфляция болжамын ұсынды.

«Инфляция болжамы 2026 жылы 9-11%, 2027 жылы 5,5-7,5% және 2028 жылы 5-7% деңгейінде айқындалған», - деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өзекті макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы негізінде қалыптастырылған 2026-2028 жылдарға арналған мемлекеттік қаржы мен Ұлттық қор параметрлерін ұсынды. Алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджет болжамы салық-бюджет саясатының негізгі басымдықтарына сәйкес дайындалғаны атап өтілді.

«Салық-бюджет саясаты мемлекеттік қаржының орнықтылығы мен теңгерімділігін қамтамасыз етуге, бюджет тапшылығын азайтуға, сондай-ақ Ұлттық қор қаражатын меншікті қаражатпен алмастыруға бағытталған. Бюджетті болжау бюджет қағидалары мен Мемлекеттік қаржыны басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында белгіленген нысаналы бағдарларға негізделді», - деді Серік Жұманғарин.

2028 жылға қарай республикалық бюджет кірістері 23,2 трлн теңгеге дейін өседі

«Трансферттерді есепке алмағанда кірістер 2026 жылы 19,2 трлн теңге көлемінде немесе жалпы ішкі өнімге қатысты 10,5% деңгейінде болжануда. Осы жылдың бағалауымен салыстырғанда өсім 4,7 трлн теңгені құрап, 2028 жылға қарай 23,2 трлн теңгеге дейін немесе 20,8%-ға өсуі күтілуде. Жалпы, республикалық бюджеттің меншікті кірістермен қамтамасыз етілуі 2025 жылғы 63,7%-дан 2028 жылы 83,5%-ға дейін өседі», - деп атап өтті Серік Жұманғарин. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мұнайдың кесімді бағасы бойынша есептелген лимит шегінде жыл сайын 2 770 млрд теңге мөлшерінде айқындалды.

Серік Жұманғариннің айтуынша, үш жылға арналған республикалық бюджеттің шығыстары белгіленген лимит шеңберінде қалады.

«2026-2028 жылдары шығыстардың өсу қарқыны 108,7–109,3% деңгейінде тұрақтандырылды. Бюджеттің шығыстары бюджет қағидаларында белгіленген лимиттерді сақтай отырып, 2026 жылы 27,7 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 15,1%, 2027 жылы – 28,8 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 14,0%, 2028 жылы – 29,8 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 13,0%-ды құрайды», - деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Қазақстанның үкіметтік борышы 2028 жылға қарай ЖІӨ-ге 19,6%-ға дейін төмендейді

«Фискалдық және мұнай емес тапшылықтардың деңгейі 2026 жылы тиісінше жалпы ішкі өнімге 2,5% және 4,9% құрап, 2028 жылы жалпы ішкі өнімге 0,9% және 2,7% дейін төмендейді деп болжануда. Осыны ескере отырып, үкіметтік борыш 2026 жылы жалпы ішкі өнімге 21,4% деңгейінде болжанып, 2028 жылға қарай жалпы ішкі өнімге 19,6%-ға дейін төмендеуі күтілуде, бұл белгіленген ковенанттардан аспайды», - деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар