Иран ядролық қаруға ұмтылуда: Тегеран ғалымдарын Ресейге не үшін жіберді?

The Financial Times басылымы Иран ғалымдарының өткен жылы құпия түрде Ресейге екі мәрте барғанын анықтады. АҚШ сарапшыларының мәліметінше, Иран билігі Ресейден әскери технология алуды және ядролық салаға қатысты деректерге қол жеткізуді ойластырған.


wide_4_3_74d28098aec4a1e50db9e2c95d13d924.jpg

 

Financial Times басылымы Мәскеудің Тегеранға ядролық сала бойынша көмек қолын созуға ниетті екенін айтты. Тараптар арасындағы ақпарат алмасу, технология бойынша келісімдер құпия негізде қалуда. Алайда ОББ (ЦРУ) сарапшысы Джим Лэмсонның пікірінше, Иранның қорғаныс саласына қатысы бар ғалымдары лазерлік технологияларға қол жеткізуді ойлаған. Бұл технология ядролық сынақ өткізбестін ядролық қарудың құрылымын бағамдауға мүмкіндік берер еді.

 

FT басылымы бірқатар құжаттарға, жазбаларға қол жеткізген. Ол бойынша Иран тарапы DamavandTec атты бүркеншек компания құрып, сол компанияның атынан ғалымдарды Ресейге жіберген. Иранның ғалымдары Петербор қаласында болып, лазерлік технология бойынша ақпарат жинаған. Тегеран жіберген мамандар Ресейдің «Лазерлік жүйелер» атты компания өкілдерімен кездескен. Бұл компания АҚШ-тың санкциясына ұшыраған болатын. Компания азаматтық және әскери мақсаттағы өнімдерді жасаумен айналысады.

 

FT жүргізген зерттеулер бойынша, DamavandTec компаниясы мен оның директоры Әли Калванд Иран ғалымдары мен Ресей ғалымдарын және қорғаныс технологиясы саласының мамандарын бірнеше мәрте кездестіріп, келіссөз өткізген. Қазан айында АҚШ-тың МемДепартаменті DamavandTec компаниясы мен оның директоры Әли Калвандқа санкция салды. Оларға «шетелден ядролық қаруға қатысты технологияны сатып алуға тырысты» деген айып тағылуда.  

 

Ресейдегі «Лазерлік жүйелер» компаниясының директоры Дмитрий Васильев өткен жылдың сәуір айында Әли Калвандты және DamavandTec компаниясының төрт қызметкерін Петерборға шақырған. Иран ғалымдары Васильевтің шақыртуын қабыл алып, қараша айында Петерборға кезекті сапармен барған.

 

FT басылымы Петерборға DamavandTec компаниясының «қызметкерлері» ретінде Иранның физиктері, университет ғалымдары, зерттеу орталығының сарапшылары барғанын анықтады. Олардың ішінде Шахид Бехешті университетінің зерттеушілері, Технологиялық университет ғалымдары бар болып шықты. АҚШ пен ЕО олардың басым көпшілігін Иранның ядролық саласына қатысы бар деп санайды.

 

Ресейдің ғалымдары да Иранға бірнеше мәрте барған. Мысалы «Лазерлік жүйелер» компаниясының зерттеушісі Андрей Савин 2025 жылдың ақпанында Тегеранда болып, жабық кездесулер өткізген. «Лазерлік жүйелер» компаниясы Ресей Қорғаныс министрлігінің бақылауы бойынша түрлі заманауи қаруларды жасаумен айналысатыны жазылған.

 

Карнеги қорының сарапшысы Николь Граевскидің ойынша Ресей Иранға ядролық қару саласы бойынша көмектесуде, ал DamavandTec компаниясының әрекеттері соның дәлелі дейді.


Mezgil.kz

 

 



Ұқсас тақырыптар