Халық байлығы халықтың мүддесіне қызмет етсін!

«Қазақстан — сирек металдар қоры бойынша әлемде екінші орында!»

1763551907185809.jpg

(Сурет: e-cis.info)

Қазақстандықтарға әлеуметтік желілерден сирек металдар туралы осындай жаңа ақпараттар тарауда, онда: «Қазақстан сирек металдарының болжамды қоры жағынан әлемде 2-орынға шықты: оның көлемі, шамамен 28,2 млн тонна» делінген.

Оның құрамындағы элементтер заманауи технологиялардың:  смартфондар, электромобильдер, батареялар, «ақылды» жүйелер және болашақ энергетикасы және т.т. негізін құрайды. Оның негізгі қоры Карағанды облысында жатыр екен: церий, лантан, иттрий магниттер және басқа...

Әрине, бұл ақпарат осыған дейін де аракідік айтылып келді. Мысалы, осмий, литий және т.т. Бірақ, сирек металдар көбіне «ілеспелі өндіріс» болғандықтан, ол туралы халыққа ашық жария ету – еліміздің тау‑кен өндірісін «меншіктеген» олигархтарға тиімсіз еді. Сондықтан, ол деректер құпия ұсталды, дақпырттан сақтанды. Өйткені, «сирек металдардың жасырын пайда көзі болғаны» оларға тиімді болды...

Бұған дейін бұл салада көш басында Қытай тұрды ‑  44 млн тонна, одан кейінгі орында Бразилия ‑ 21 млн тонна, Индия ‑ 6,9 млн тонна, Австралия ‑ 5,7 млн тонна және Россия ‑ 3,8 млн тонна.

Енді, кенеттен, осы қатарға Қазақстан енуге талпыныс жасауда. Ондағы айтылатын басты уәждер мыналар:

• Қазақстан стратегиялық маңызды минералдар нарығындағы ірі ойыншыға айналады;  

•Дүниежүзілік Қытайға тәуелділік азаяды;

• Елге ірі инвестициялар тартылып, АҚШ және бірқатар халықаралық компаниялармен серіктестік орнатады;

• Ел ішінде қайта өңдеу дамыса, бұл сектор экономикалық өсудің басты драйверлерінің біріне айналуы мүмкін.

Мұндағы әлемдік саясаттағы риторика ‑ «ашық ойын» Орталық Азия елдері басшыларының АҚШқа ОА саммитіне қатысуымен, АҚШ президенті Д.Трамппен кездесуінен кейін басталды деуге болады.

Болашақта өздерінің сирек металдар стратегиялық қоры туралы Өзбекстан мен Қырғызстан, Тәжікстан, мүмкін Түркіменстан жария ете бастаса – оған таң қалуға болмас.

Себебі, қазіргі геосаяси жағдайда Орталық Азия өзін «дербес саяси бірлік» ретінде көрсете бастады. Ал, сирек металдар ‑ жай ғана шикізат емес. Бұл ‑  болашақтың стратегиялық ресурсы. Ал Қазақстанның бұл салада бастапқы позициясы өте мықты. Сондықтан, Қазақстан осы бағытта Орталық азияда «көшбасшылық» функцияны өзіне жүктеуге толық мүмкіндігі бар деп санау керек...

Қандай қауіп‑қатерлер болуы мүмкін?

Әрине, оның қауіп‑қатерлі жағын да ескермесе болмайды. Өйткені, әлемде «империялық мүдделер» деп аталатын үрдіс әлі бар – бізге осы ағыс иіріміне түсіп кетпеуімізді үнемі есте ұстау аса маңызды. Біздің ел оны тек Орталық Азия+Әзербайжан елдерімен бірлесе отырып қана атқара аламды деген ойдамыз...

Келесі қатер – экология саласын қамтиды. Қазақстанда «өндірістік даму» мен «экология» арасында дибаланс бар екені ‑ Кеңестік дәуірден айтылып келе жатқан мәселе. Кен орындарының олигархтарға өтуі – бұл мәселені түбегейлі шешкен жоқ. Сондықтан, бұған, енді АҚШ сияқты жоғары технология елдері қатысса – экологияны басты орынға қоюға мүмкіндік туады деген үміт бар. Осы жағынан жауапкершілікті арттыру және ашықтық болуы міндетті. Халық өз байлығының пайдасын білуі керек.

Одан кейінгі қатер – коррупция. Халық байлығы халық мүддесіне қызмет етуі керек – осы жағдайға қалай қол жеткіземіз? Бұл да үлкен мәселе!

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар