Иракта парламенттік сайлау аяқталды. Иранмен байланысы бар саяси партиялардың көпшілігі басым дауысқа ие болды. Олардың ішінде Иранның әскери құрылымдарымен де байланысы бар топтар бар. «Бұл Ирак билігі үшін де, Израиль билігі үшін де назар аударарлық оқиға», - дейді сарапшылар.

Сарапшылар: «Сайлау барысында Иранның Иракта үлкен саяси-идеологиялық жетістікке жеткені байқалды», - дейді.
Ирактың Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлауда бірінші орынды премьер-министр Мұхаммед Шиа әл-Судани құрған «Өркендеу және даму» одағы алды. Олар 46 орынды иемденген.
Әл-Судани шииттік отбасылармен тығыз байланыстағы тұлға саналады. Алайда ол Түркиямен және Батыспен диалог орнатуға бағытталған саясатты ұстануда. Осылайша ол Иранның ықпалында қалмау үшін балансы сақтауға тырысып келеді. Жалпы сайлауда Тегеранды жақтайтын немесе Иранның Таяу Шығыстағы саясатына қарсылық танытпайтын саяси күштердің сайлаудағы салмағы басым болды. Олар 329 орынның 200-ін иемденді.
«Хашд аш-Шааби» қозғалысының негізін қалайтын топ та парламентке жол тартты. Қозғалысты АҚШ «лаңкестік» деп таныған еді. «Асаиб Ахли Хак» 27 орын, «Имам Әли бригадасы» 8 орын, «Ирак Хезболласы» 6 орын, «Сайид әш-Шухада бригадасы» 4 орын және Иранмен байланысы бар «Райан Келдани» тобы 2 орын алды. Сол күштердің құрамына кіретін, бірақ Уашиңтон лаңкестік ұйым деп танымаған «Бадр» ұйымы 18 орын алды. Иранды жақтайтын саяси партиялар да айтарлықтай өкілдікке ие болды. Нури әл-Маликидің партиясы 28 орын, ал Аммар Хакимнің блогы 15 орын иемденіп отыр.
«Күрдістанның патриоттар одағы» ұйымы мен өзге Иранды жақтайтын топтар да сайлауда нәтиже көрсетті. Бұл топтардың барлығы дерлік Тегеранмен байланыста. Ал сүнниттік блоктар, мысалы «Такадүм блогы» 36 орын және «Әзім блогы» 18 орын иемденді. Осылайша парламенттегі дауыс беру мәселесінде, сүнниттік топтар шииттік топтардң ықпалына қарсы тұра алмауы мүмкін.
Сарапшылар Ирак парламентінде Иранды жақтайтын күштердің саны артып, соңғы 20 жылда болмаған деңгейге жеткенін айтты. Саясаттанушылар Иранды қолдайтын күштердің санының артуын Ирактағы шииттер көсемі Мұқтада ас-Садырдың шешімімен байланыстырады. Мұқтада ас-Садыр шиит бола тұра, Иранды қолдамайды және ол өз жақтастарын бұл сайлауға қатыспауға шақырды. Салдарынан Иранды қолдайтын шииттік топтар басымдыққа ие болды.
Сарапшылардың басым бөлігі Ирак үшін аса қауіпті жағдай қалыптасқанын айтты. Ирак парламентінде Иранды қолдайтын қарулы топ өкілдері заң шығаруға қатысатын болды. Осыған дейін «Хашд аш-Шааби» қозғалысын қарусыздандыру шешімі шыққан еді, енді ол шешімнің орындалуы екіталай. АҚШ бұған дейін Иракта Иранды қолдайтын қарулы топтар болмауы тиістігін ескерткен еді.
Израиль билігі де бұл мәселені талқылап жатыр. ЦАХАЛ Ирактағы Иранды қолдайтын шииттік топтардың билікке келуін қауіп санап, әскери соққы жасауы ықтимал екенін айтып жатыр.
Mezgil.kz