Қырғызстанда энергия тапшылығы болуда. Қырғызстан электр энергиясының шамамен 90%-ын су электр станциялары арқылы өндіреді. 2023–2025 жылдары су қоймаларындағы деңгей тарихи минимумға түсіп кетті. Талас, Нарын өзендерінде ағын азайды. Бұл өндірілетін электр көлемін айтарлықтай қысқартты.

Халық санының өсуі, жаңа құрылыстар, жылыту жүйелерінің электр жүйесіне өтуі түтынуды арттыруда. 2020–2025 жылдары ішкі тұтыну 20–25% өскені байқалады. 2024–2025 жылдары Қырғызстанда заңды және көлеңкелі майнинг-фермалар саны артты. 2024 жылы Үкімет бірнеше майнинг-фермаға тыйым салғанымен, көлеңкелі майнинг әлі бар екені айтылып келеді.
Станциялар да, желілер де 30–50 жыл бұрын салынған. Салдарынан электр жоғалту көрсеткіші жоғары (кей аймақтарда 15–20%), жабдықтар жиі істен шығады, жөндеу жұмыстары жеткіліксіз. Осы және өзге де факторлар Қырғызстандағы электр энергиясының тапшылығын туындатуда. Ел билігі бұл тапшылықты өткен биліктің олқылықтарынан да көруде. Осы ретте Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев Жапаровқа қарсы үн қатып, парақшасына былай деп жазды. Атамбаевтың жазбасы:
«Садыр інім! Елімізді басқарып жатқаныңа бес жыл болды. Алғашқы жылдары халық саған үлкен үміт артты, айтқандарыңның бәріне сенді. Халыққа не уәде бермедің: сөз еркіндігі, тәуелсіз БАҚ, әділ сайлау, адам құқықтарын қорғау және басқа да таусылмайтын уәделер. Сол уақыттарда халық тіпті аспанда салынған «Асман шаһарында» өмір сүретіндей үміттеніп те қалды…
Осы бес жыл бойы сен маған үнемі тіл тигізіп, ойыңа келген өсектің бәрін менің мойныма артып келдің. Мен болсам қолдан келгенше үнсіз қалып, болмаса сыпайы, сабырлы жауап беріп жүрдім. Мүмкін, ақыры бір күні ойланып, ақылыңа келерсің деп күттім. Бірақ, өкінішке қарай, баяғы ертегі қайта басталды. Енді сен қазіргі энергетикалық дағдарыстың да себептерін маған аударып, өтірікті үдетіп, мені кінәлап жатырсың. Қашанға дейін сенің былжыраған сөздеріңе, өтірігіңе шыдауым керек?
Құдайға шүкір, қазір халықтың көзі ашылды, сенің қандай адам екеніңді түсінді. Халық қой емес қой, сен айтқан өтірікке сене беретін. Кішкентай нәресте де емес, сен өтірікпен «емізетіндей». Халық сен берген уәделердің бәрін әлі ұмытқан жоқ. Сөз еркіндігін уәде еттің — енді әлеуметтік желіге жазған бір пост үшін адамдар қамалып жатыр. Шынайы демократия құрам дедің — тәуелсіз партиялардың бәрі дерлік жойылды, саясаткерлердің көбі түрмеден бір шығып, бір кіріп жатыр немесе әлі темір тордың ар жағында отыр. Бір ауыз қарсы сөз айтқан қарапайым адамдарды да елемей, қамауға алып жатсың. Тағы қандай уәдең бар еді? Әділ сайлау дедің — саған қарсы сөйлегендерді сайлауға қатыстырмай қойдың. Мемлекеттік қарызды толық жоямыз дедің — керісінше, қарыз бірнеше есе өсіп кетті. Балаларың, жақын туыстарың банктер ашып, халықтың көз алдында әп-сәтте байып жатыр. Майнинг-фермалар сен және жақындарың үшін биткойн өндіріп отыр. Туыстарың, ең жақын «достарың» байып, ал халық азық-түлікке де ақша таба алмай қалды.
Енді осының бәріне сен мені кінәлі етіп, айыптап жатқан энергетикалық дағдарыс қосылды. Қараны ақ деп, шындықты бұрмалап отырсың. Ұялмайсың. Бұл саған әдет болып кеткен. Өз аузыңмен екі майнинг-ферма «сенің тікелей бақылауыңда» екенін айтып, өз мойныңа алғансың. Солардың бірі Қамбар-Ата–2 базасында істеп тұрған ферма. Бірақ бұл ферма Максим Бакиев пен Ширшовқа тиесілі майнинг-ферма екенін бәрі біледі. Бұл қоғам көп жылдан бері айтып келе жатқан сыбайлас жемқорлық құрылымдарымен тікелей байланыс деген сөз. Сол майнинг-фермалар бүгінгі энергетикалық дағдарысты тереңдеткен негізгі себептердің бірі болып отыр.
Еске сала кетейін: алғашқы ауыр энергодағдарыс Бакиевтің тұсында болған. Ол кезде бүгінгі «достарың» — сол Ширшов және оның командасы, арасында Ибраев та бар, энергетика саласын басқарып тұрған. Ал сен президенттің кеңесшісі, Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің «жоғары комиссары» едің. Сол кезде жағдай бүгінгіден де ауыр еді: энергетикалық жүйе жоқ, ескі ЖЭО көз алдыңда құлдырап бара жатқан. Жарықты қазіргіге қарағанда да ұзақ өшіретін еді, күніне 8–10 сағат. Бірақ 2010 жылы халық бұл ұрылар тобын қуып шықты, содан кейін бар болғаны бір-екі жылдың ішінде мыңдаған адамдардың еңбегімен, инженерлердің білімімен біз энергодағдарысты шешіп, халыққа жарық пен жылу бере алдық. Қырғызстанның энергожүйесін ол кезде дағдарыстан шығарғу туды не гимнді ауыстыру, хан сарайын салу арқылы емес, инженерлер мен энергетиктердің таза еңбегімен іске асты.
Өтірікші ел басқарса, онда өтірік мемлекеттік саясатқа айналады екен. Шындықтан қорқып, оны жасырады екен. Мемлекеттік сатып алулардың, тендерлердің елеулі бөлігі, тіпті су қоймаларындағы су деңгейі де құпия ақпаратқа айналды. Халық «хан сарайының», ҰҚМК-ның жаңа ғимараттарының, стадиондардың және басқа көптеген нысандардың нақты бағасын білмейді. Бес жылдың ішінде мемлекеттік қарыз 4 миллиард долларға өсті, ал бұл Қырғызстан тәуелсіз болғаннан бергі 30 жылдағы жалпы қарыздың өсімінен де көп! Инфляция халықты қысып тұр, жалақы баға өсіміне ілесе алмай, халық күнін әрең көріп отыр. Бақылаусыз иммиграция, шетел азаматтарының елге ағылуы, жерді талап сатып алуы — мұның бәрі ойланбаған, жемқорлыққа батқан, дұрыс емес, қате саясаттың салдары.
Қырғызстанда қазір жеке меншік құқығы дерлік жоқ. Ел толық бассыздық билеген аймаққа айналды. Ұсақ саудагерден бастап ірі кәсіпкерлерге дейін ертең ойдан шығарылған сылтаумен өмір бойы жинаған мүлкінен айырылып қалудан қорқып отыр. Үйлер сотсыз, тергеусіз бұзылып жатыр, жер мен мүлік заңсыз тартып алынуда, ал шағын және орта бизнес салықпен, рейдерлікпен тұншықтырылуда. Бұл енді «кустуризация» емес, жеке меншікті өзіңізге қайта бөлу, адал еңбек емес, жемқорлыққа малынған мафиялық жүйе. Мұндай жүйе елді толық қирауға алып барады.
Сен бес жыл ішінде Қырғызстандағы сөз еркіндігін өлтірдің. Егер 2017 жылы біз баспасөз еркіндігі индексі (RSF) бойынша Еуропаның Грекиясымен деңгейлес болып, Болгария мен Македониядан алда тұрсақ (89-орын), қазір Қырғызстан Африканың Уганда, Ангола, Конго сияқты елдерінің артында, 144-орынға түсіп кетті. Шындықты айтқан адамдарды «экстремист» деп түрмеге қамап жатырсың. Таза, әділ сайлау жоқ, билікке жақпайтындар сайлауға қатыспай қалды, оппозициялық партиялар түгел дерлік жойылды, парламентаризм институты талқандалды. Энергетикалық дағдарыс, бағаның өсуі және кедейшілікпен күресудің орнына билік президенттің бастауымен ақындармен, журналистермен, белсенділермен және жай ғана өз ойын айтқан адамдармен күресіп әлек. Грибоедов айтқандай: «Никому не должно сметь — свое суждение иметь!»
Құдай қаласа, уақыт бәрін өз орнына қоятынына сенемін. Ерте ме, кеш пе, ашық және әділ сот болады, онда осы жалған істерді жасап, заңсыз үкім шығарғандардың бәрі жауап береді. Елде қайтадан демократия мен еркіндік орнайды. Әрбір үйге қайтадан жарық, жылу және береке келеді…
Ұлы Абраам Линкольн екі жүз жыл бұрын былай деген екен: «Халықтың бір бөлігін ұзақ уақыт алдауға болады, бүкіл халықты біраз уақыт алдауға болады, бірақ бүкіл халықты ұзақ жылдар бойы алдау мүмкін емес».
Өтіріктің заманы бітейін деп келеді. Шындықтың заманы туады.
Құрметті отандастарым, жерлестерім, аман-есен болыңыздар!
Жаратқан барлығыңызға ұзақ ғұмыр, денсаулық, бақ-береке берсін! Елімізге бірлік, жерімізге берекет берсін!» - деп жазды Атамбаев.
Mezgil.kz