Ресейді айналып өтеміз: «Зәнгезүр» дәлізі – саяси қауіпсіздік жолы!

Кавказ бен Орталық Азиядағы геосаяси өзгерістер соңғы уақыттары әлемдік ақпараттың назарын өзіне бұруда. Атап айтқанда, аймақтық жобалардың әрқайсысы ірі державалардың мүддесі тоғысқан алаңға айналып отыр.

1763123090590229.jpg

(Суреттер: baq.kz, eadaily.com)

Соның ішінде Зәңгезүр дәлізі – тек көлік маршруты емес, Еуразия кеңістігінің жаңа экономикалық және саяси архитектурасын түбегейлі өзгертетін бағытқа айналып келеді. Бұл процеске Армения, Әзербайжан, АҚШ және Түркия белсенді қатысып отырса, Қазақстан бұл дәлізден өзінің экспорттық дербестігіне ашылған мүмкіндіктерді көріп отыр.

АРМЕНИЯ МЕН АҚШ ҚАНДАЙ КЕЛІСІМ ЖАСАСПАҚ?

Армения премьер-министрі Никол Пашинян жақында Ереванда өткен аймақтық қауіпсіздік конференциясында «Трамп дәлізі» (TRIPP) атты стратегиялық жобаны АҚШ-пен 49 немесе 99 жылға жалға беру форматында талқылап жатқанын мәлімдеді. Ал «Трамп дәлізі» дегеніміз сол – «Зәнгезүр» дәлізі.

Бастапқыда Вашингтонда қабылданған құжатта 99 жыл деп көрсетілгені белгілі. Пашинян өз сөзінде бұл келісімнің ешқандай саяси астары жоқ екенін, оның толықтай инвестиция мен өзін-өзі ақтау қағидатына негізделгенін атап өтті.

«Инвестор салған қаржысын пайдасымен бірге қайтара алатынына кепілдік болуы тиіс», — деді Пашинян. Яғни, Кавказ аймағы енді тек геосаяси тепе-теңдік емес, экономикалық есеп пен ұзақ мерзімді инвестиция үшін ашық алаңға айналып келеді.

«TRIPP» құрылысы 2026 жылдың екінші жартысында басталады деген мерзім де жобаның аймақтағы салмағын айқын көрсетеді.

ӘЗІРБАЙЖАН: «ЗӘНГЕЗҮР» ДӘЛІЗІ – САЯСИ ҚАУІПСІЗДІК ЖОЛЫ!

Ал Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев «Зәнгезүр» дәлізінің аймақтық бәсекеге қабілеттілікті арттырудағы маңызын атап өтті. Ол бұл бағыттың тек транспорттық функция атқармайтынын, түркі мемлекеттерінің саяси, мәдени, қауіпсіздік және қорғаныс салаларында жаңа интеграциялық мүмкіндіктер қалыптастыратынын ашық айтты.

Әзербайжан соңғы жылдары теміржолдан бастап теңіз порттарына дейін ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүйелі түрде дамытып келеді, ал «Зәнгезүр» дәлізі осы желінің басты артериясына айналғалы тұр.

Әлиевтің айтуынша, дәліздің ашылуы аймақ елдері арасындағы тікелей әрі кедергісіз қатынасты қамтамасыз етіп, жүк тасымалының көлемін бірнеше есеге арттыруға мүмкіндік береді. Дегенмен қауіп те аз емес — терроризм, контрабанда, киберқылмыс секілді факторлар көлік желілерін нысанаға алуы мүмкін. Сондықтан ол арнайы қызметтер арасындағы жедел ақпарат алмасудың өмірлік маңызды екенін ескертті.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ МҮДДЕСІ ҚАНДАЙ?

Осы тұста Қазақстанның ұстанымы ерекше назар аударады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Транскаспий бағыты бойынша Қазақстанның жүк тасымалы былтырдың өзінде 62 пайызға өсіп, 4,5 миллион тоннаға жеткен. Биылғы өсім де тұрақты. Бұл құр статистика емес, Қазақстанның экспорттық саясатының айтарлықтай өзгергенін білдіретін нақты көрсеткіш.

«Шетелдік серіктестермен бірге барлық шектеулерді жойып, дәліз бойында бірыңғай ұзақ мерзімді тариф орнату бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Бұл кедергісіз тасымал жасап, жүк ағынын жоспарланған 10 миллион тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді», — деді Тоқаев.

Қазақстан қазір Ақтауда контейнерлік хаб салып жатыр, Алят портында халықаралық серіктестермен бірге жаңа жүк терминалының құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар Транскаспий арқылы жаңа паром жүйесін құру мәселесі де талқылауда. Мұның бәрі жай логистика емес — Қазақстанның әлемдік нарықтарға тәуелсіз шығу жолын қалыптастыруға бағытталған стратегиялық қадамдар.

Неге Қазақстан дәл осы бағытты таңдады? Өйткені бүгінгі геосаяси жағдайда Батысқа шығатын ең қауіпсіз, ең сенімді, ең тұрақты маршруттардың бірі — дәл осы «Зәнгезүр» дәлізі мен Транскаспий бағдары.

Ресей бағыты санкциялық турбуленттіліктен толық босамайды, ал Қытайға шектен тыс тәуелді болу да тәуекелді арттырады. Сондықтан Астана «бір бағытқа байланбау» саясатын күшейтіп, балама, саяси тұрғыдан тәуелсіз логистикалық артерия қалыптастыруды көздеп отыр.

Қазақстан үшін «Зәнгезүр» дәлізі — тек транзит емес, экспорттық еркіндік, экономикалық қауіпсіздік және геосаяси салмақтың жаңа деңгейі. Бұл – Еуропаға тікелей шығатын, тәуекелі аз, болашағы кең жол. Астана бұл жобада қатардағы бақылаушы емес, өз мүддесін нақты айқындап, оны жүзеге асыруға табанды кірісіп отырған ойыншы.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар