Грузия Ресейге қарсыластан одақтасқа айналуда. «Грузин арманы» билеуші партиясы елдегі демократиялық институттарға соққы жасауда және Ресеймен әріптестікті күшейтуде. Бұл туралы The Economist басылымы тәптіштеп жазды.

6-қараша күні Грузияның прокуратурасы елдегі оппозицияның сегіз өкіліне айып тақты. Оның ішінде бұрынғы президент Михаил Саакашвили де бар. Оларға төңкеріс ұйымдастырмақ болды деген ауыр айып тағылып отыр. Олардың барлығына 15 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін. Алты адам қамауға алынды, тергеу жүріп жатыр.
«Грузин арманы» партиясы Конституциялық сотқа арыз жазып, елдегі үш оппозициялық партияны заңсыз деп тануды сұрады. Полиция ел билігінің пәрменімен қарсылық акциясына шыққандарды шетінен ұстап, қамап жатыр.
4-қазан күні жергілікті билік органдарына қатысты сайлау өтті. Сайлауда билеуші партия өкілдері жеңіске жетті. Алайда сарапшылар сайлау нәтижелері өрескел бұрмаланғанын айтуда. Бассыздыққа көнбеген халық наразылық акциясын ұйымдастырып, президент сарайын басып алмақ болды. Билеуші «Грузин арманы» партиясы бұл әрекетті «төңкеріс жасау көрінісі» деп атап, митингке шыққандарды ұстап, ауыр айып тағуда. Наразылыққа шыққандарға айыппұл салынуда. 2024 жылы айыппұл көлемі 185 доллар болса, 2025 жылы бұл 1850 долларға көтерілді.
Бұл әрекеттің барлығын бақылап отырған ЕО Грузияға қатысты қатаң шешімдер шығаруға дайын екенін айтуда. Грузия енді ЕО-ға мүше болмауы мүмкін. Келіссөздер тоқтатылды.
Грузия соттары «Грузин арманы» партиясының пәрменімен оппозициялық партияларды түбегейлі заңсыз деп тануы мүмкін. Сарапшылар партиялар басқа атаумен қайта жандануы да ықтимал деп санайды. Алайда жаңа партияларды Әділет министрлігі тіркемесі анық.
Грузия ЕО-ға кандидат ел ретінде статусқа ие болды. Талап бойынша демократиялық және экономикалық реформалар іске асуы тиіс еді. Алайда Грузияның билеуші партиясы міндеттемелерді орындаудан қашқақтауда.
Грузия өзінің жерінің 25 пайызын отарлап алған Мәскеумен әріптестікті арттыруда. Грузия бұған дейін ресейлік мұнайға тәуелді емес елдің бірі еді. Ол Ресейден бар болғаны 8 пайызға жуық мұнайды алатын. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 45 пайызға жетті. Қазан айында Грузия МӨЗ-дері алғаш рет Қара теңіз арқылы ресейлік шикі мұнайды өңдеуге алды. Оның көлемі 100 мың тоннаны құрады.
Сарапшылар Грузия аумағы Ресейге тауар кіргізіп, тауар шығаратын транзит аймағына айналғанын айтуда. Ең алдымен бұл еуропалық көліктерді Ресейге өткізу үшін қолданылуда. Ресейден заңсыз қаржы айналымының бір бөлігі де Грузия арқылы өтуде.
Бұл ақпараттар дәлелденсе, Тбилиси қиын жағдайда қалмақ. Себебі Еуропа елдері Грузия үшін ЕО-ның есігін түбегейлі жауып, санкция салуы да мүмкін. Грузия Ресейге қарсы санкцияға қосылмайтынын айтты. Оның бұл позициясын АҚШ та, ЕО да түсіністікпен қабыл алды. Алайда «Грузия Ресейге қарсы санкцияны айналып өту аймағына айналғанын Уашиңтон, Еуропа кешірмеуі мүмкін» дейді мамандар.
Грузия әлі де болса ЕО-ға мүше болуға ниетті. Тбилиси ұйымға өз шарттары бойынша кіретінін айтуда. «Грузин арманы» партиясының пікірінше, ЕО-дағы сайлауда Чехия, Венгриядағыдай ұстаным иелері жеңіске жетіп, Грузия үшін ұйымның есігі айқара ашылуы ықтимал. Грузияның билеуші партиясы АҚШ басшысы Трампқа арнайы екі хат жазып, әріптестік орнатуғы тырысты. Трамп хаттарға әлі жауап қатпады.
Mezgil.kz