The New York Times: ОА-ның Трамппен әріптестігі һәм Ресей-Қытай ықпалы!

Орталық Азия елдерінің басшылары С5+1 форматында 6-қараша күні АҚШ басшысы Дональд Трамппен кездесті. Уашиңтон қаласында өткен кездесу жайлы Батыстық БАҚ әлі жазуда. The New York Times басылымы бұл саммит туралы сараптамалық мақаласын жария етті.


5222446899707710759.jpg

Трамп президенттік тізгінді қолға алған соң, Таяу Шығыс, Еуропа және оңтүстік-шығыс Азия аймағына арнайы турне жасады. Алайда Орталық Азия АҚШ билігінің назарынан тыс қалғандай әсер қалдырған еді. Трамп бұл олқылықты түзеді және қарашаның басында Орталық Азияның бес елінің басшысын арнайы шақырып, С5+1 форматын жаңа деңгейге көтерді.

 

Трамп әкімшілігі посткеңестік елдерге ерекше назар аударуда. О баста Армения мен Әзербайжан басшыларын шақырып, екі ел арасындағы дауды түбегейлі шешуге үлес қосты. Армения арқылы өтетін Зангезур дәлізін АҚШ ұзақ жылға жалға алып, оңтүстік Кавказда Уашиңтонның ықпалы артуда. Артынша Трамп билігі Беларусь басшысымен байланыс орнатып, Лукашенко ондаған саяси тұтқынды босатты. Ал АҚШ Беларусь билігіне енгізілген бірнеше санкцияны жеңілдетті. Енді міне, Орталық Азия да Трамптың назарына ілікті.

 

Трамп Қытай мен Ресейдің ықпал аймағы саналатын Орталық Азияда АҚШ-тың да ықпалы болуы тиіс деп санайды. Орталық Азия басшылары державалар арасындағы балансты сақтау үшін АҚШ-пен тығыз әріптесуге дайын.

 

Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаев NYT басылымына сұхбат берген сәтте, АҚШ-тың Қазақстанға салған инвестициясы, мұнай саласындағы үлесі мен компаниялары жайлы айта отырып, Астана мен Уашиңтон арасында тиімді әріптестік артуы тиіс екенін меңзеді.

 

Орталық Азияда әзірге саяси тұрғыдан ең ықпалды ойыншы – Ресей. Ресей бұл аймақты посткеңестік кеңістіктегі негізгі ықпал ету аймағы санайды. Орталық Азия басшылары Ресейдің Украинаға соғыс ашуынан кейін, үлкен саяси шешімдерді қабылдады. ОА басшылары Мәскеудің соғысын қолдамады, бейтарап позиция ұстана отырып, антиресейлік санкцияларға да қосылмады, алайда санкцияларды айналып өтуге жол бермейтінін де айтты. Орталық Азия елдері Ресей аумағы арқылы тауар тасуды азайту мақсатында өзге елдермен балама бағыт қалыптастыруға тырысуда. Бұл өзгерістерді Ресейдің кей саясаткерлері «сатқындық» деп атаса, енді бірі «Ресейдің әлсіздігі» деп сипаттауда.

 

Вирджиния университетінің профессоры Джерард Тоалдың айтуынша, Трамппен қарым-қатынас орнатқан бұрынғы кеңестік республикалардың басшылары Мәскеудің ықпалы әлі ұзаққа сақталатынын жақсы түсінеді. Алайда «ОА басшылары Кремльге түрлі маневр жасауға мүмкіндіктері барын» көрсетуде. «Ақ үйге барып, Трамппен кездесіп, келісімдер жасау арқылы, ОА елдері Кремльге сыртқы саясатта тәуелсіз билікке ие екенін аңғартуда», - дейді Тоал.

 

Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстанның әуе компаниялары Boeing-тан ұшақтар алу бойынша келісім жасасты. Артынша Қазақстан мен Өзбекстан John Deere компаниясынан ауыл шаруашылығына арналған техникалар алу бойынша келісімге қол қойды. Қырғызстан АҚШ-тан теміржол салу технологиялары мен жобалауды үйренуге ниетті екенін айтты. Ал Қазақстан OpenAI мен Nvidia компанияларымен әріптестік орнатып, 2 млрд долларға ЖИ-ге арналған чиптер алуды қалайтынын жеткізді.

 

Қазақстан мен АҚШ вольфрам кенін игеру бойынша келісім жасасты. Бұл АҚШ билігі үшін маңызды саналады. Бұған дейін Қазақстан АҚШ-пен келісім жасасып, локомотивтер сатып алу бойынша келісті, ал Өзбекстан ұшақ алатынын айтты. «Хадсон» институтының сарапшысы Люк Коффидің сөзінше, Орталық Азия елдері мен АҚШ-тың әріптестігі жаңа деңгейге көтерілуде.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар