АҚШ пен Орталық Азия басшыларының кездесуіне қатысты егжей-тегжейлі сараптамаларымызды осыған дейін жаздық.

(Суреттер: forbes.kz, caliber.az, ft.com)
Аталған кездесу барысында көптеген құжатқа қол қойылып, қарым-қатынастың жаңа кезеңі баршаға аян болды. Осы туралы әлемдік БАҚ жиі жазып жатыр. Қараңыздар:

«Reuters» агенттігі бұл туралы былай деп жазды:
«АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде Орталық Азияның бес елінің көшбасшыларын қабылдап, маңызды минералдарды «ұлттық басымдық» деп атады және жаһандық жеткізу тізбектерін кеңейту мен қауіпсіз ету жөніндегі күш-жігерін атап өтті.
Құрама Штаттар Ресейдің ықпалы ұзақ жылдар үстем болған, ал соңғы жылдары Қытай белсенді қызығушылық танытып отырған табиғи ресурстарға бай аймақта өз ықпалын арттыруға ұмтылып отыр. Трамп Орталық Азияны «аса бай аймақ» деп атап, Америка мен осы елдер арасындағы әріптестікті күшейткісі келетінін айтты.
Кездесудің алдында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жиынды «АҚШ пен Орталық Азия арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа дәуірінің бастауы» деп атады. Сонымен қатар, Қазақстан Израиль мен мұсылман елдері арасындағы қатынастарды қалыпқа келтірген «Abraham Accords» келісіміне қосылу туралы символдық қадам жасады.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Трампты «әлем президенті» деп атап, Орталық Азияда тұрақты хатшылық құруды ұсынды. Сол кеште Трамп «Truth Social» платформасында Өзбекстан алдағы онжылдықта АҚШ-тың негізгі салаларына сирек кездесетін минералдар, автокөлік бөлшектері мен авиация өнеркәсібіне 100 миллиард доллардан астам инвестиция салатынын жариялады», - деп жазды.

(Сурет: caliber.az)
Ал «Caliber.az» медиа кеңістігі де өз көзқарасын жария етті:
«6 қарашада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде келіссөздер өткізді. Қазақстан президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесулердің нәтижесінде 17 миллиард доллардан астам сомаға келісімдерге қол қойылды.
Келіссөздер кезінде Тоқаев мырза АҚШ президентіне шақыруы мен қазақ делегациясына көрсеткен ерекше қонақжайлылығы үшін алғыс айтты.
Ол Дональд Трамптың президенттік кезеңін «тарихи кезең» деп атап, АҚШ-тың осы кезеңде әлемдік экономикалық, саяси және технологиялық держава ретіндегі жетекші орнын нығайта түскенін айтты. Сондай-ақ ол Трамптың әлемнің қауіпсіз, тұрақты және өркендеген болашағын қамтамасыз етудегі шешуші үлесін ерекше атап өтті.
Қазақстан басшысы АҚШ-тың бейбітшілік бастамаларын, соның ішінде халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолындағы Trump Route for International Peace and Prosperity (TRIPP) жобасын қолдайтынын жеткізді.
Дональд Трамп АҚШ-тың Қазақстанмен көпқырлы және кеңейтілген стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін растады. Екі ел президенттері сапар барысында қол қойылған коммерциялық келісімдерді құптап, олардың жалпы құны 17 миллиард доллардан астам екенін атап өтті.
Келіссөздер кең ауқымды мәселелерді қамтып, өзара тиімді ынтымақтастықтың болашағы бар бағыттарын айқындады. Сондай-ақ президенттер халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді де талқылады», - деп жазды.

(Сурет: ft.com)
«Financial Times» басылымы сапардың өнеркәсіптік күн тәртібіне басымдық берді:
«Қазақстан – уран өндірісі бойынша әлемдегі жетекші мемлекет, сондай-ақ Вашингтонда стратегиялық маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға және құны 2 млрд АҚШ долларына дейін бағаланған жасанды интеллектке арналған чиптерді жеткізу жөніндегі «Nvidia» компаниясымен келісімге қол қойылғанын хабарлады.
Сапардың маңызды нәтижелерінің бірі – Қазақстанның «Авраам» келісімдеріне қосылатыны туралы мәлімдеме болды. Бұл бастама Израильмен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге бағытталған халықаралық ынтымақтастықтың бір бөлігі болып табылады», - деп жазды.
Mezgil.kz