Жауапты және прогрессивті ұлт – Қазақстанда ішкі саясаттың қағидаттары бекітілді

Бүгін мемлекет басшысы Жарлық шығарып, Қазақстанның елішілік саясатының негізгі қағидалары, құндылықтары мен бағыттарын бекітті. Құжат – «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлық деп аталады.

1762341106614739.jpeg

(Сурет: aa.com.tr)

«Онда «Заң және тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» секілді ішкі саясат қағидаттары қамтылған.  Сондай-ақ Ұлттық құрылтай отырыстарында көтерілген жалпыұлттық құндылықтардың тізбесі енгізілді. Жалпыұлттық бірегейлікті танытатын ұлттық нышандар жүйесі жасалды», - делінген Ақорда ақпаратында.

Аталған құжатта қоғамдық диалог, этносаралық қатынас, дін, мәдени-гуманитарлық, отбасы, жастар, ақпарат секілді ішкі саясаттың басым бағыттары айқындалған.

Осындай құжат әзірлеу туралы ұсыныс Ұлттық құрылтайдың IV отырысында айтылған. Президент бұл идеяны қолдап, оның мемлекеттік құрылымдар жұмысын жүйелендіруге бағытталуы керек екенін атап өткен болатын.

Бүгін Президент қол қойған құжат – еліміздің 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын негізге ала отырып әзірленген. Тұжырымдамалық құжатты әзірлеуге Ұлттық құрылтайдың мүшелері, сарапшылар, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдері белсене атсалысты.

Аталған құжат бірінші кезекте мемлекеттік органдарға арналған. Оның басты мақсаты – ішкі саясат саласындағы жұмысты жүйелеу әрі үйлестіру.

Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі:

– Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен ІV отырысында Мемлекет басшысы бірқатар сарапшылар мен қоғам өкілдерінің ішкі саясат саласында тұжырымдамалық құжат қабылдау қажеттігі жөніндегі бастамасын қолдады. Президент Әкімшілігі жарты жылдан астам уақыт бойы түрлі диалог алаңдарында Ұлттық құрылтай мүшелерінің, сарапшылардың, қоғамдық және ғылыми ұйымдар өкілдерінің қатысуымен пікірталастар ұйымдастырды. Сарапшылық талқылаулардың нәтижесінде ішкі саясат саласында жүргізіліп жатқан жұмысты жүйелейтін тұжырымдамалық құжаттың жобасы әзірленді. Бүгін Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды. Ішкі саясат саласындағы жұмысты жүйелеп, үйлестіруді көздейтін құжат бірінші кезекте мемлекеттік органдарға арналған. Сонымен қатар бұл қоғамға жүргізіліп отырған мемлекеттік саясаттың идеялық мәнін және еліміздің болашақтағы бейнесінің айқын бағытын түсінуге мүмкіндік береді.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар