АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында Нигериядағы жағдайға байланысты жазды. Ол Нигерияда христиандарды лаңкестердің қырып жатқанын айтты және «АҚШ бұл сұмдыққа көз жұма қарамайды» деді. АҚШ басшысы Нигерия билігінен дереу арада шара қабылдауды талап етті.

Трамп өзінің парақшасына былай деп жазба қалдырды: «Егер Нигерия үкіметі христиандарды өлтіруге жол беріп, қарап отыруды жалғастырса, онда АҚШ Нигерияға көрсететін барлық көмекті тоқтатып, қырғын салып жатқан исламист-лаңкестерді толық жою үшін қарумен кіруі мүмкін. Мен Соғыс министрлігіне дереу арада осы мәселе бойынша дайындалуды тапсырамын. Егер біз шабуыл жасайтын болсақ, онда өте жылдам әрі аса жойқын негізде шабуыл жасаймыз. Ескерту: Нигерия үкіметі жылдам әрекет етуі қажет!» - деді.
Трамп тілшілердің сұрағаны жауап беру барысында да Нигерия жайлы айтып өтті. Ол «Нигерияда мыңдаған христианды өлтіріп жатыр» деп, шара қабылдауға дайын екенін ескертті.
Трамптың желідегі жазбасын АҚШ-тың Соғыс министрі Пит Хегсет бөлісіп, былай деп пікір білдірді: «Нигериядағы христиандарды өлтіру немесе өзге аймақта қудалау дереу тоқтауы тиіс. Соғыс министрлігі бұл бойынша дайындалып жатыр. Не Нигерия үкіметі христиандарды қорғайды, не біз бұл айуандықты жасап жатқан исламист-лаңкестерді өзіміз жоятын боламыз», - дейді ол.
Бұл мәлімдемелерге Нигерия басшылығы жауап қатты. Нигерия президентінің өкілі Даниэл Бваланың сөзінше, Нигериядағы лаңкестер бейбіт адамдарды діні мен ұлтына қарамастан өлтіруде. Ол Трамптың Нигериядағы лаңкестікті жоюға үлес қосуын құптайтынын айтты, «алайда кез келген әскери операция Нигерия билігімен келісіліп, бірлесе іске асуы тиіс» дейді. Даниэл Бвала Нигерия басшылығы мен Трамп жақында кездесу ұйымдастырып, бұл мәселені ашық талқылайды деп үміттенетінін жеткізді.
Нигерия президенті Бола Тинубу да Нигерия билігі халықты діни ұстанымы бойынша бөліп-жармайтынын айтуда. Ол қауіпсіздік мәселесі өткір тұрғанын, ұзақ жылдар бойы биліктің лаңкестермен күресіп келе жатқанын растады.
Сарапшылардың сөзінше, Трамп Нигериядағы «Боко Харам» лаңкестік ұйымы туралы айтқан. Аталған ұйым ондаған жылдар бойы Нигерияның солтүстік-шығысындағы аудандарға шабуыл жасаумен келеді. Осы жылдар аралығында лаңкестер ондаған мың адамды опат қылған.
Лаңкестік ұйымдардың салдарынан соңғы 15 жылда Нигериядағы 1,2 млн адам үйін тастап кетуге мәжбүр болған. Acled сараптама орталығының мәліметінше, 2024 жылы лаңкестер фермерлерге шабуыл жасауды екі есеге арттырған.
Нигерияның орталық аймағында да шаруалар арасында қақтығыс бар. Малшылардың жайылым жерге таласу фактілері жиі тіркелуде. Әдетте қақтығыстар христиан және мұсылман малшылар арасында өтіп, соңы өліммен аяқталады. Бұл туралы ВВС басылымы арнайы деректі фильм де түсірді. Мұндай қақтығыстардан да мыңдаған адам көз жұмуда.
Mezgil.kz