Еуропа елдері жаппай қарулану дәуіріне аяқ басты. Инвесторлар қару-жарақ саласына қаржы құюды арттыруда, ал мемлекеттер қорғаныс бюджетіне бөлінетін үлесті көтеруде. Қорғаныс саласында компаниялардың акциялары шарықтап барады.

(Сурет interactive.satellitetoday.com сайтынан алынды)
Жыл басында Rheinmetall компаниясының басшысы Армин Паппергердің «Еуропаның жаппай қарулану кезеңі басталды» деуі көптеген инвесторға сигнал болды. Қаңтар айынан бастап Rheinmetall компаниясының акциясы шарықтап өсуде. Жыл басында 27 млрд еуроға бағаланған компания, қазір 78 млрд еуроға бағалануда. Осылайша ол АҚШ-тың Lockheed Martin компаниясы іспеттес үлкен ойыншыға айналуда.
Еуропаның өзге компаниялары да үлкен өсім көрсетуде. Ұлыбританияның BAE Systems компаниясы, Францияның Thales және Италияның Leonardo компанияларының да акциялары өсуде. Инвесторлардың ойынша аталған компаниялар Еуропаның қорғаныс саласында басты рөл ойнайтын болады. Ал көптеген елдер бұл компаниялармен ұзақ жылдық келісімдер жасасуда.
АҚШ-та президенттік билікті Дональд Трамп қолға алғаннан кейін, Еуропа елдері қорғаныс саласына мән бере бастады. Трамп Еуропаның қорғаныс саласына қаржыны аз бөлетінін айтып, қатаң сынға алды. «Кім қорғаныс саласына көп қаржы құйса, соны қорғаймыз» деді Трамп. Еуропада «АҚШ-тың ядролық қолшатыры 100 пайыздық кепілдік емес» деген түсінік пайда бола бастады.
2025 жылы Еуропа елдері қорғаныс саласына 180 млрд доллар қаржы бөлді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2 есеге көп деген сөз. НАТО-ның маусымда өткен саммиті барысында ұйымға мүше елдер қорғаныс саласына бөлінетін қаржыны кезең-кезеңімен арттыру бойынша жоспарды бекітті. НАТО елдері ЖІӨ-нің 3,5%-ын қорғаныс саласына, ал 1,5% инфрақұрылымды дамытуға жұмсайтын болды. Осылайша 5 пайыздық меже айқындалды.
Еуропа елдері ұзақ жылдар бойы қауіпсіздік саласында басымдықты Еуропадағы АҚШ әскеріне берді. Қорғаныс саласына қаржыны тиісті деңгейде бөлген жоқ және қару шығару ошақтары құлдыраумен болды. International Institute for Strategic Studies-тің есебі бойынша, 2022-2024 жылдары Еуропа қарудың үштен бір бөлігін АҚШ-тан сатып алып отырды.
Алайда Еуропа енді АҚШ-қа тәуелділікті азайтуға мүдделі. Кәрі құрлық АҚШ-ты басты серіктес санайды. Дегенмен сарапшылар АҚШ әскері болашақта Қытаймен немесе өзге аймақта басқа елмен қақтығысқа түссе, Еуропаға қару сату мүмкіндігі азаяды деп санайды. Сол үшін де Еуропа өзінің қорғаныс саласын дамыту керек деген мәселені көтеруде.
Еурокомиссия «Readiness 2030» баяндамасында Еуропа елдерінің қару-жарақ шығару компанияларының әлсіздігі жайлы айтты және бұл салаға басымдық беру керектігін мәлімдеді. ЕО 16-қазанда «Preserving Peace» жоспарын таныстырды. Онда ЕО елдерінің алдағы 5 жылда қорғаныс саласын дамытуы туралы айтылған.
Еуропаның қорғаныс саласында АҚШ-тан үйренері көп. 2024 жылы Еуропа елдері әскери технология жасау және зерттеу саласына 13 млрд еуро жұмсаса, АҚШ 148 млрд доллар жұмсаған. Еуропа елдері артиллерия, снаряд және бронды техника шығару бойынша жақсы нәтиже көрсетуде. Алайда алыс қашықтыққа соққы жасайтын зымырандар, әуе қорғаныс жүйесі, зымыран ату кешендері бойынша АҚШ-қа тәуелді.
Сарапшылар Еуропаның жаппай қарулануы енді басталды дейді және болжам бойынша алдағы 5 жылда Еуропада қаруы қуатты бірнеше жаңа мемлекет пайда болуы мүмкін. Соның ішінде Польша, Финляндия, Швеция айтылуда.
Mezgil.kz