Жуырда Вашингтонда Орталық Азия үшін стратегиялық маңызы бар саммит өтеді – Орталық Азия+АҚШ кездесуі. Қақтығыстар мен геосаяси шиеленістер өршіп тұрған қазіргі кезеңде мұндай алаң аймақтағы тұрақты саяси және экономикалық интеграциялық жобаларды нақтылау үшін аса қажет.

(Сурет: asia24.media)
Саммиттің мәні – жай кездесу емес. АҚШ-тың арнайы елшілері мен мемлекеттік хатшының орынбасарлары Қазақстанға келді. Жай келген жоқ. Бұл таңдау Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі драйвер екенін және халықаралық аренада «орта держава» ретінде өзін көрсетіп келе жатқанын білдіреді.
Қазақстанның сауда және инвестициялық әлеуеті де бұл мәртебені айқын дәлелдейді. Орталық Азия елдерінің барлығымен салыстырғанда, Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда көлемі әлдеқайда жоғары, инвестиция көлемі де аймақтағы басқа елдерді едәуір озды. 2024 жылы екіжақты сауда 4,2 млрд долларға жетіп, Қазақстаннан АҚШ-қа экспорт 2 млрд доллар болды.
Осы орайда айта кеткен жөн: Орталық Азияда АҚШ Қазақстанға ерекше мән беруде. Бұл туралы Трамптың арнайы өкілі де сөз арасында баса айтты. АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен тауар айналымы келесідей: Қазақстан-АҚШ 4,4 млрд доллар, Өзбекстан-АҚШ 920 млн доллар, Қырғызстан-АҚШ 210 млн доллар (кей деректе 300 млн депті), Тәжікстан-АҚШ 130 млн доллар (кей деректе 80-90 млн доллар), Түркіменстан-АҚШ нақты дерек жоқ.
Экономикалық әріптестік тек шикізатқа ғана негізделмейді. Мұнай, уран, металлургиялық өнімдер мен химиялық заттар – негізгі бағыттар. Сонымен бірге, цифрлық индустрия, жасанды интеллект және инновациялық технологиялар саласында да серпіліс бар. Astana Hub және Alem.AI сияқты жобалар Қазақстанды технологиялық серіктестікке тартып, АҚШ компанияларының назарын аударуда.
Саммит Қазақстанның аймақтық көшбасшылық позициясын одан әрі нығайтуға, сауда мен инвестициялық байланыстарды тереңдетуге, АҚШ-пен әріптестікті нақты іс-қимылға айналдыруға мүмкіндік береді. Елдің аймақтық көшбасшылығы мен стратегиялық серіктестік әлеуеті дәл қазір, қазіргі шиеленісті кезеңде, өзінің толық бағасын табады.
Mezgil.kz