Бүгін Қазақстанның егемендігі жарияланып, декларация қабылданған күн!

Бүгін Қазақстанның егемендігі жарияланып, декларация қабылданған күн! 1990 жылы 25 қазан Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын.

1761377039727351.jpg

(Сурет: aikyn.kz)

Декларацияда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері айқындалды.

Алғаш рет Республика күні мемлекеттік мереке болып 1995 жылы қазанда жарияланды. 2009 жылдан бері Республика күні ұлттық мерекелер тізімінен сызылып қалды.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылдың 16 шілдесінде Ұлттық құрылтайда Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынып, Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы заңға түзетулер енгізілді.

Құжатқа сәйкес, Республика күні – ұлттық мерекеге, ал Тәуелсіздік күні (16 желтоқсан) – мемлекеттік мерекеге айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республика күнімен құттықтауы

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазқастан Президенті:

Қымбатты отандастар!

Республика күні құтты болсын!

Қазақстан осыдан 35 жыл бұрын Егемендік декларациясын қабылдап, жаңа дәуірге қадам басты. Тарихи құжатта халқымыздың өз болашағын дербес айқындау құқығы нақты көрініс тапты. Сол арқылы бостандықтың байрағын көтеріп, заманауи мемлекет құруымызға жол ашылды.

Содан бері еліміз қиын да күрделі жолдан өтті. Біз Тәуелсіздігіміздің саяси-экономикалық тұғырын бекіттік, шекарамызды айқындап, оны бүкіл әлемге таныттық, жаңа астанамызды салдық. Сондай-ақ жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайту, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру жолында зор жетістікке қол жеткіздік. Қазақстан салиқалы әрі сындарлы сыртқы саясатының арқасында өзінің ұлттық мүддесіне адал, халықаралық абырой-беделі жоғары мемлекет ретінде қалыптасты.

Дегенмен алдымызда бұдан да зор міндеттер тұр. Біз қазіргі алмағайып замандағы орасан сын-қатерлерге қарамастан, барлық азаматқа бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Саясаттағы, экономика мен әлеуметтік саладағы реформалар Отанымыздың өсіп-өркендеуін қамтамасыз етіп, халқымыздың тұрмыс сапасын арттыруды көздейді.

Біз «Заң және тәртіп» қағидатын, «Таза Қазақстан» идеологиясын, отаншылдық пен тілеулестік, еңбекқорлық пен жауапкершілік, білімпаздық пен кәсібилік құндылықтарын қоғамда барынша орнықтырып, келешегіне сеніммен қарайтын озық ойлы ұлт ретінде қалыптасып келеміз.

Әр буынның өз миссиясы бар. Осы орайда, бабалар өсиетін ұмытпай, қастерлі Тәуелсіздігімізді нығайта түсу, Қазақстанды дамыған, жасампаз әрі әділетті ел ету – бәрімізге ортақ парыз.

Біз еселі еңбектің, өзара қолдаудың және ең бастысы, мызғымас бірліктің арқасында барлық жоспарымызды табысты жүзеге асырып, жаңа белестерді бағындыра беретінімізге сенімдімін. Еліміздің келешегі – әрқайсымыздың қолымызда. Қазақстанның көк туы әрдайым биікте желбіресін! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және мол табыс тілеймін!

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар