Төрт жылға созылған Ресей–Украина соғысы жүздеген мың адамның өмірін жалмап, миллиондаған тағдырды өзгертті. Бірақ соңғы апталарда саясат сахнасында күтпеген бір қозғалыс байқалды: Киев, Вашингтон және Еуропа дипломатияның жаңа жолын іздей бастады.

(Сурет: hromadske.ua)
17 қазанда Вашингтонда өткен кездесуде Украина президенті Владимир Зеленский алғаш рет ашық мәлімдеме жасап, қазіргі майдан шебін «бейбітшіліктің бастауы» ретінде ұсынды.
ЗЕЛЕНСКИЙ: УКРАИНА СОҒЫСТЫ ТОҚТАТУҒА ДАЙЫН!
«Украина соғысты аяқтауға дайын. Біз АҚШ-пен келісіп, дипломатияны дәл осы майдан шебінен бастауға келістік. Бұл – президент Трамптың талабы. Бірақ Ресей тағы да дипломатиядан сытылып кету үшін құйтырқылық жасап отыр», — деді Зеленский кеше.
Бұл сөз – соғыс басталғалы айтылған ең батыл мәлімдемелердің бірі. Бірақ ол айтылған сәттен бастап Мәскеу тарапынан келіспеушіліктер айтыла бастады. Ресей атысты тоқтатудан бас тартты. Ресейдің СІМ басшысы Сергей Лавров: «Ресей өзіінң әуелгі талаптарынан бас тартпайды», - деп шорт кесті.
АҚ ҮЙ: КЕЗДЕСУ БОЛМАЙДЫ. РЕСЕЙ КЕЛІССӨЗГЕ ДАЙЫН ЕМЕС!
Осышайла Дональд Трамптың Ресеймен жаңа мәміле орнатуға талпынысы сәтсіз аяқталды. Будапештте өтуі тиіс «Путин–Трамп» саммиті тоқтатылды. «Reuters» пен «Wall Street Journal» деректері бойынша, басты себеп – Мәскеудің талаптары. Ресей «тым көп сұрап отыр». Соның ішінде ең бастысы – Ресей Донбасты толық беруді талап етуде. Ресей соғысты майдан шебінде тоқтатуға келіспеді.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Ресей СІМ басшысы Сергей Лавровтың соңғы сөйлесуі жағдайды түбегейлі өзгертті. Рубио Трампқа: «Бұл кездесуден ешқандай оң нәтиже шықпайды», - деп ашық айтты. Ақ үйдің ұстанымы да айқын: Трамп жақын уақытта Путинмен кездеспейді.
«Ресей өз ұстанымынан айныған жоқ және қазіргі майдан шебінде соғысты тоқтауға ниетті емес. Будапештте ешқандай мәміле болмайтыны анық болды», — дейді еуропалық дипломаттар.
ЕУРОПАНЫҢ 12 ҰСЫНЫСЫ: РЕСЕЙ НЕГЕ КӨНБЕЙ ОТЫР?
Ал «Bloomberg» агенттігі: «Еуропа елдері мен Украина соғысты тоқтатуға бағытталған 12 тармақтан тұратын жаңа жоспарды дайындауда», - деп жазды. Бұл құжат – соғыстың шаршаған әлемге ұсынған соңғы үміт...
Сонымен, Еуропа мен Украина ұсынған бітім мынадай:
1. Ең әуелі — атысты дереу тоқтату.
2. Екі тарап та «территориялық шабуылды» доғаруға міндеттеледі.
3. Атысты тоқтатқан соң, барлық депортацияланған украин балалары еліне қайтарылады.
4. Соғыс тұтқындары түгелімен алмасады.
5. Украина қауіпсіздік кепілдігі мен қорғаныс тетіктерін алады.
6. Киевке соғыстан келген залалды қалпына келтіру үшін қаржылай көмек бөлінеді.
7.Украинаға Еуропалық Одаққа жедел қабылдану мүмкіндігі беріледі.
8. Ресейге салынған санкциялар кезең-кезеңімен жұмсартылады, бірақ толық алынбайды.
9.Ресейдің шамамен 300 миллиард долларлық активтері Украинаны қалпына келтіруге үлес қосқаннан кейін ғана қайтарылады.
10.Егер Мәскеу келісімнен кейін қайта шабуыл жасаса — санкциялар автоматты түрде қайта енгізіледі.
11.Мәскеу мен Киев оккупацияланған аймақтардың уақытша басқару тетігі жөнінде келіссөздер бастайды.
12.Бірақ Еуропа да, Украина да бұл жерлерді заңды түрде Ресейдің меншігі деп мойындамайды.
«Bloomberg» деректеріне сүйенсек, бұл жоспар әлі де толық өңделу үстінде. Еуропалық делегациялар осы аптада АҚШ-қа барып, Ақ үйдің мақұлдауын алмақ. Өйткені, Вашингтонсыз бұл бастама қағаз жүзінде ғана қалады.
Зеленскийдің «дипломатия майдан шебінен басталады» деген сөзі бүгінде тек Украинаның үндеуі емес — ол әлемге бағытталған жанайқай. Өйткені соғыстан шаршаған континентте бейбітшілік туралы айту батылдыққа айналды.
Бірақ Мәскеу позициясын өзгертпейінше, бұл дипломатияның көлеңкесінде тағы да саясат, тағы да шарттар мен талаптар қалатыны анық.
Будапешт саммитінің күйреуі – әлемге сабақ. Бітімге келудің жолы бар, бірақ оған «жеңіс» емес, даналық пен сабыр апарады. Бүгін майдан шебінде мылтық атылып жатса да, ертең дәл сол шеп дипломатия үстеліне айналуы мүмкін. Бірақ ол үшін бір ғана шарт қажет — соғысты тоқтату еркі.
Mezgil.kz