Кеше қарт Каспийдің арғы бетінен бергі бетке, арқадағы Астанаға Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев ұшып келген. Бүгін «Ақорда» резиденциясында Әзербайжан Президентін ресми қарсы алу рәсімі өтті.

(Суреттер: Ақорда телеграм арнасынан алынды)
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт берді. Бұдан соң екі елдің әнұрандары орындалды. Онан әрі Мемлекет басшылары келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Сізді мемлекеттік сапарыңыз аясында Қазақстанда қарсы алу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл – елдеріміздің арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі дамыту тұрғысынан өте маңызды оқиға. Қазақстан мен Әзербайжан тек достас елдер емес, сондай-ақ бауырлас халықтар. Сондықтан Сіздің еліңізбен сан қырлы ынтымақтастықты өркендетуге баса мән береміз. Қазіргі кезде Әзербайжан Сіздің қуатты көшбасшылығыңызбен халықаралық аренадағы абырой-беделін елеулі түрде арттырды, өз өңірінде ықпалды мемлекет ретінде өте маңызды рөл атқарады. Біз үшін Әзербайжанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты және саяси серіктестікті нығайту – аса өзекті міндет, – деді.
Ильхам Әлиев:
– Бүгінде Қазақстан дамудың жоғары деңгейін көрсетіп отыр. Еліңіздегі қоғамдық-саяси жағдай тұрақты, экономикалық даму қалыпты. Сіз жүргізіп жатқан реформаларды зор қызығушылықпен бақылап отырмыз. Еліңізді жаңғырту мен әлеуетін арттыру жолындағы бағдарыңызды толық қолдаймыз. Екіжақты қарым-қатынастың стратегиялық, одақтастық сипат алғанын атап өттіңіз. Біз барлық бағыттағы ықпалдастықты нығайтуға ниеттіміз. Бүгінгі келіссөз, сондай-ақ Жоғары мемлекетаралық кеңес отырысы барысында ауқымды күн тәртібін тағы да пысықтап, өзара серіктестіктің алдағы қадамдарын айқындаймыз, – деді.
Мемлекеттер басшылары сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы және көлік-транзит салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесін жан-жақты талқылады. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ықпалдастыққа назар аударды. Тараптар аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевке Орта дәлізді дамыту жобасы таныстырылды. Мемлекеттер басшыларына қазақ-әзербайжан мамандарының Орта дәлізді дамыту бойынша атқарып жатқан жүйелі жұмыстары жөнінде мәлімет берілді.
Қазақстан Президентінің кеңесшісі Әсел Жанасова Орта дәлізді дамыту жоспарын таныстырды. Бұл – Қытай мен Орталық Азия мемлекеттерін Еуропа елдерімен байланыстыратын негізгі көлік-логистикалық бағыт.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевке Қытайдан Әзербайжанға тасымал көлемінің ұлғаюы Орта дәліздің дамуына тың серпін бергені жөнінде баяндалды. Бүгінде жүк Қытай шекарасынан Грузия порттарына дейін 15-18 күнде жеткізіледі. Болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай бұл бағыттағы жүк айналымы үш есе артуы мүмкін.
Мемлекеттер басшыларына Орта дәліздің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге, сондай-ақ Еуразиядағы транзиттік рөлін нығайтуға бағытталған нақты шаралар және бастамалар туралы айтылды.
Mezgil.kz