Cирия Ресейден қару алмақ: Түркия мен Израиль не дейді?

Таяу Шығыс бойынша сарапшы Ахмад Шарауи Сирияның жаңа билігі мен Ресейдің арасындағы байланыс жайлы сараптама жазды. Апта бұрын Сирияның уақытша президенті Аш-Шараа мен Ресей басшысы Владимир Путин Мәскеуде кездесті. Бұл Сирия басшысының Ресейге жасаған алғашқы ресми сапары еді.


original-1t8p.jpg

 

Сарапшының жазуынша, Аш-Шарааның ресейлік тараппен байланысы Асад режимі құлағанға дейін орнады. 2019 жылы Ресей Аш-Шарааны құртуға қатысты бірнеше мәлімдеме жасаса да, Мәскеу ол жоспарын іске асыра алмады. Аш-Шараа соңғы сұхбаттарының бірінде былай деді: «Өткен жылы біздің әскеріміз Хомсқа жақындаған сәтте, ресейлік сарбаздар келісім бойынша ұрысқа қатыспайтын болды».

 

Мәскеу Асад режимі құлайтын сәтте өзінің позициясын өзгертті. Ресей Асад үшін күресудің орнына, Сириядағы стратегиялық мүддесін сақтап қалуға тырысты. Кремль ең алдымен Хмеймим әуе базасы мен Тартустағы әскери портты сақтап қалғысы келді. Сирияда режим ауысқан сәтте, бірнеше ішкі қақтығыстар болды. Алайда ол қақтығыстардың бірде біреуіне Ресей әскері қатысқан жоқ. Аш-Шараа ресейлік тараптан әскерін әкетуді де талап етпеді.

 

Мәскеу Сириядағы әскери базасын сақтап қалу үшін Аш-Шарааға түрлі ұсыныс жасауда. Мұнай мен астық жеткізу бойынша келісім жасалуда. Кремль Сирия билігінің жаңа валютасын да басып шықпақ.

 

Сарапшы Ахмад Шарауидің сөзінше, ендігі таңда Аш-Шараа Ресейден қару-жарақ алуды ойластыруда. Сарапшылар соңғы бір жылдың ішінде Израиль әскері Сирияның 85 пайыз әскери қоймасын, әуе қорғаныс жүйелерін жойғанын айтуда. Аш-Шараа билікті нығайту үшін қару-жарақ алуға мәжбүр. Ол Мәскеуге барған сапарында Сирияның жаңа билігіне Израиль, Иран, күрдтер мен лаңкестік топтар, алавиттер мен друздар қауіп төндіріп тұрғанын айтқан. Дамашық Ресейден қару сатып алуға ниетті екенін де жасырмаған.

 

Сирия билігінің қазіргі қолдаушысы мен серіктесі Түркия саналады. Түркия Сирия жерінде екі әскери база салуды ойластыруда. Дегенмен Анкара Дамашыққа қажетті көлемде қару беруге дайын емес. 3-қазан күні Сирия әскерінің штаб басшысы Мәскеуге келіп, бірнеше жабық келіссөз жүргізді. Ресей тарапы Сирия делегациясына әуе қорғаныс жүйелерін, дрондар мен бронды техникаларды көрсеткен.

 

Аш-Шараа Ресеймен де, Батыспен де жақсы қатынас орнатуға тырысуда. Оның бұл ұстанымы Асадтың ресейшіл, ираншыл ұстанымынан ерекшеленеді. Алайда қазіргі Сирия қоғамы Ресеймен тым жақындасуға қарсы. Асад режимі тұсында антиресейлік көңіл-күйді ашық көрсете алмаған Дамашық халқы, енді Ресей әскерінің қылмысы жайлы айтуда.

 

Аш-Шараа қыркүйек айында БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында сөз сөйледі. Ол сол сапарында Батыстың көптеген басшыларымен кездесіп, Сириядағы жағдайды тұрақтандыру бойынша пікір алмасты. Сирия билігі Киевпен дипломатиялық қатынасты қалпына келтіру мәселесін де талқылады. Осылайша Аш-Шараа Ресеймен, АҚШ-пен, Еуропамен тығыз қатынас орнатуға ниетті.

 

Алайда Еуропа мемлекеттері Аш-Шарааның Ресеймен жақындасуын қаламайды. Олар Сирияның жаңа билігінен ресейлік әскери базаларды елден шығаруды талап етуде. Наурыз айында ЕО арнайы мәлімдеме жасап, «Сирияның жаңа билігі Ресей мен Иранның ықпалынан арылуы қажет» деген еді.

 

Израиль сарапшыларының пікірінше, Нетаньяху Сирия жерінде Ресейдің әскери базаларының болуына қарсы емес. Израиль тарапы ресейлік базаларды Түркияның әскери ықпалына қарсы баланс ретінде қарастырады. Ал Сирияда Түркияның әскери ықпалының артуына Израиль қарсылық білдіруде. Тіпті Сирия тарапы Түркияға әскери база ретінде бермек болған нысандарға да соққы жасады.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар