The Financial Times Ресейдегі көмір саласының құлдырауына қатысты мақала жазды. Шахталар санкция салдарынан жабылуда. Бағаның төмен болуы мен экспорттың азаюы кеншілерді тығырыққа тіреуде.

Ресейдің көмір саласы Украина соғысына байланысты үлкен шығынға батуда. Сарапшылар Ресей шахталары соңғы 30 жылда болмаған дағдарысқа тап болғанын айтуда. Ресейдің статистика комитеті 2025 жылдың алғашқы жеті айында шахталар 2,8 млрд доллар шығынға ұшырағанын айтты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есеге көп деген сөз.
Ресейдің ЖІӨ-нің кемі 1 пайызын көмір саласы құрайды. Кремль үшін мұнай-газ саласы басымдыққа ие. Сол үшін де Мәскеу көмір саласына емес, басымдықты мұнай-газ саласына береді. Алайда көмір саласында 140 мыңнан астам ресейлік еңбек етуде. Ресейдің кей аймақтарында шахталар негізгі табыс көзі саналады және жергілікті бюджеттің басым бөлігін құрайды.
«Русский уголь» компаниясының бас директоры Владимир Коротин «Интерфакске» берген сұхбатында көмір саласы 1990-шы жылдан кейінгі ең ауыр дағдарысқа тап болғанын айтты. «Русский уголь» компаниясына 15 көмір өндіретін компания кіреді. Владимир Коротиннің сөзінше көмір саласындағы дағдарыс салдарынан мыңдаған адам жұмыссыз қалуы ықтимал.
1989 жылы КСРО-да экономикалық дағдарыс күшейіп, кеншілердің жаппай наразылықтары басталды. Ал 1998 жылы Мәскеуге кеншілер жиналып, наразылық акцияларын өткізді. Бұл Ресей тарихындағы кеншілердің бас көтерген сәттерінің бірі саналады. Сарапшылар дәл осындай наразылықтар тағы қайталануы мүмкін деп санайды. Қазірдің өзінде мыңдаған кенші жұмыссыз қалған. Олар биліктің қолдауын сезбегенін айтуда.
Ресейдің энергетика министрлігінің қыркүйектегі мәліметі бойынша, соңғы жылы Ресейде 23 шахта жабылған. Бұл Ресей аумағындағы шахталардың 13% деген сөз. Ал 53 шахта жабылу алдында тұр. Басты мәселе қаржының болмауы, экспорттың құлдырауы.
Қытайда көмір өндірісі артып, көмір бағасы 2025 жылы түсіп кетті. Қытай әлемдегі ең ірі көмір өндіруші елдің бірі саналады. Қазіргі таңда көмір бағасы әлемдік нарықта тоннасына орта есеппен 93 доллар. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 78 пайызға аз деген сөз. Бұл ресейлік көмір саласына ауыр соққы болуда. Ресей кеншілеріне көмірдің төмен бағасы, санкциялық шектеулер, логистикалық кедергілер соққы жасауда. Украинаға Ресей соғыс ашқаннан кейін, көптеген елдер Ресейдің көмірін алудан бас тартты. Азия елдері Ресейден көмір алуды жалғастыратынын айтты, алайда Мәскеуден тиімді ұсыныс, үлкен жеңілдік талап етті. Ресей көмір бағасына жеңілдік жасауға мәжбүр болды. Argus агенттігінің мәліметінше, Ресейдің көмір шахталары көмірді халықаралық бағадан әлдеқайда арзан бағаға сатуда.
Жыл басында Ресей билігі көмір саласына ауқымды қолдау көрсету туралы құжатқа қол қойды. Ол бойынша көмір кеніштеріне несиені кешіктіріп төлеуге рұқсат етілді, салықтық жеңілдіктер жасалды. Алайда бұл қолдау көмір саласын аяқтан тұрғыза алмады. Тамыз айында Путин көмір саласына үлкен қолдау көрсететінін айтты. Дей-тұра арнайы жоспарға әлі қол қойылған жоқ.
Mezgil.kz