Ресей билігі Молдоваға сес көрсетуде. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «Молдова Еуропамен қатынасын нығайту мақсатында Ресейге қарсы бағыт алса, оның соңы жақсылыққа апармайтынын» айтты. Осылайша ол Молдованың жаңа әскери стратегиясын сынға алған. Молдованың жаңа әскери стратегиясында Ресей басты қауіп ретінде аталады.

Кремль Молдованың жаңа әскери стратегиясын зерттеп шыққанын айтты. Кишинев Мәскеуге қарсы саясатты күшейтуге бел буып отыр дейді ресейлік сарапшылар.
«Молдованың қазіргі басшылығы біздің көзқарасымыз бойынша үлкен қателік жасауда. Олар Еуропамен қатынас орнату үшін Ресейге қарсы болу керек деп санайды. Дәл осы қателікті бұған дейін бір мемлекет жасаған еді. Ол мемлекетке бұл қателік үлкен қиындықтарды әкелді», - дейді Дмитрий Песков. Осылайша ол Украинаны меңзей отырып, Молдоваға сес көрсетті.
2025 жылдың, 8-қазанында Молдова билігі 2035 жылға дейінгі жаңа әскери стратегияны бекітті. Жаңа әскери стратегия құжатында әскерді дамыту, ықтимал қауіптер мен қатерлер жайлы жазылған. Құжатта Украина жеріндегі Ресейдің әрекетіне қатысты да сараптама бар. Молдова билігі құжат бойынша Ресейді басты қауіп санайтынын көрсетті. Кишинев Мәскеудің Украинадағы әрекеті Молдова үшін аса қауіпті екенін айтуда.
Екі қауіпке баса назар аударылған. Біріншісі, Ресей әскері Украинаны басып алатын болса, Молдоваға дейін құрлықтық дәліз салуы ықтимал. Сарапшылар Ресей 2022 жылы соғысты бастаған сәтте, Кремльдің Молдоваға құрлықтық жол салу жоспары барын айтты. Ресей әскері Херсон, Одесса аймақтарын басып алу арқылы, Молдованың шығыс бөлігіне жетуі мүмкін еді. Алайда Украина әскері оларды тоқтата білді.
Екінші қауіп, Молдова жеріндегі Приднестровье және ондағы мыңнан астам ресейлік сарбаздардың болуы. Приднестровье аймағында 300 мыңнан астам халық бар. Олардың басым көпшілігі Ресей паспортын алған. Сонымен бірге Ресейдің 2 мыңға жуық сарбазы орналасқан. Молдова Ресей билігі «Ресей азаматтарын қорғау» деген сылтаумен, Молдоваға қарсы агрессия жасауы мүмкін деп санайды.
Аталған қауіптерді ескерген Молдова билігі жаңа әскери стратегия бойынша әскер санын 30 пайызға арттыру шешімін қабылдады. Ал қорғаныс саласына бөлінетін қаржыны ЖІӨ-ның 1 пайызына теңестірмек. Жаңа әскери стратегия бойынша Молдова натолық стандартқа көшеді. Қару-жарақ және әскерді дайындау үлгісі НАТО-ның негізінде қайта құрылмақ. Молдова Конституциясындағы бейтараптылықты сақтайды, алайда халықаралық әскери жаттығуларға қатысуды арттырады.
Қыркүйек айында Молдовада парламенттік сайлау өтті. Президент Майя Сандудың «Әрекет және бірлік» партиясы (PAS) сайлауда 50,2% дауыс жинап, жеңіске жетті. Ресейшіл экс-президент Додон бастаған «Патриоттық блок» 24,17% дауыспен екінші орынды місе тұтты. Кремль «Молдова билігі сайлауға жүздеген мың адамды қатыстырмады және сайлау нәтижесін бұрмалады» деп айыптады.
Молдова президенті Санду Ресейдің қорқыту-үркіту әрекетінен ештеңе шықпайтынын айтты. «Молдова өзінің дербес саясатын жалғастыратын болады» дейді ол.
Mezgil.kz