Reuters ақпарат агенттігі Ресейдің өнеркәсіп саласындағы экономикалық тоқырау туралы ауқымды мақала жариялады. Теміржол мен автокөліктен бастап металл, көмір, алмаз және цементке дейінгі ірі өнеркәсіп кешендері дағдарысқа ұшырауда. Экспорттың азаюы салдарынан қызметкерлер ақысыз демалысқа жіберілуде.

Салалық деректерді зерттеген Reuters агенттігі тау-кен және көлік секторларындағы алты компанияны анықтады. Олардың кейбірі ірі өнеркәсіптік алпауыттар болып табылады. Бұл компаниялар жалақы шығындарын арттырмау үшін жұмыс аптасын қысқартқан.
Ресейдің ең ірі цемент өндірушісі саналатын «Цемрос» компаниясы құрылыс саласындағы күрт құлдырау мен цемент импортының артуы жағдайында кадрларды сақтап қалу үшін жыл соңына дейін төрт күндік жұмыс аптасына көшті. Бұл зауыттардың көбі 1930 жылдары Сталиндік индустрияландыру кезеңінде құрылған еді.
Экономистердің пікірінше, көптеген компаниялар бірқатар қиындықтармен бетпе-бет келуде. Жоғары пайыздық мөлшерлемелер мен рубльдің күшеюі, ішкі сұраныстың төмендеуі, санкциялар мен арзан қытай импортына байланысты экспорттың әлсіз болуы да үлкен соққы жасауда.
Reuters агенттігінің жазуынша, 700 мың қызметкері бар «Ресей темір жолдары» компаниясы өз қызметкерлеріне әдеттегі демалыс пен мереке күндерінен бөлек, айына үш қосымша ақысыз демалыс алуын сұраған.

Горький автомобиль зауыты (ГАЗ) — елдегі жетекші фургон өндірушісі, 20 мыңнан астам қызметкері бар ірі компания саналады. Бұл компания тамыз айында төрт күндік жұмыс аптасына көшті. Сол сияқты шамамен 30 мың адам жұмыс істейтін жүк көліктерін өндіруші «КамАЗ» да осы режимге өтуде.
Ресейдегі ең ірі автокөлік өндірушісі саналатын «АвтоВАЗ» компаниясы да қиындыққа тап болды. 40 мың қызметкері бар компания 29-қыркүйектен бастап төрт күндік жұмыс аптасына көшкенін растады.
ГАЗ өкілі қазан айынан бастап компанияның бес күндік жұмыс аптасына қайта оралғанын хабарлады. Ал «КамАЗ» өз жағдайының өзгермегенін мәлімдеді.
Әлемдегі ең ірі өңделмеген алмаз өндірушісі саналатын «Алроса» компаниясы да қиын шешімдерді қабылдауда. Компания өндіріс процесіне тікелей қатысы жоқ барлық қызметкерлердің еңбекақысын 10%-ға қысқартты. Көктем мен жазда компания табысы төмен кен орындарындағы жұмысты да уақытша тоқтатқан болатын.
Ресейдің орман және қағаз өнеркәсібі саласындағы жетекші компанияның бірі «Свеза» саналады. Компания өткен айда жиһазға сұраныстың күрт төмендеуіне байланысты Түмендегі фанера зауытын жапты. Сөйтіп, 300-ден астам адам жұмысынан айырылды.

Экономикалық дағдарыстар кезінде Ресей ірі қалалардағы өнеркәсіп кешендерін сақтап қалуға тырысады. Себебі қалалардың көпшілігі бір ғана алып кәсіпорынға тәуелді. Мысалы Ресейде темір жолдар мен елдің автокөлік өндіруші компаниялары 2008–2009 жылдардағы жаһандық дағдарыс кезінде жаппай жұмыстан босатуды болдырмау үшін мемлекеттен ауқымды қолдау алған еді. Ал 2022 жылы үкімет автозауыттарға қызметкерлерін жұмыстан босатудың орнына демалысқа жіберуді тапсырды.
Қазіргі экономикалық қиындықта Ресей жеңіл өнеркәсіптен бастап ауыр өнеркәсіпке дейін қолдау білдіруге мәжбүр. Қазір ең үлкен соққының бірі көмір саласына жасалуда. Шамамен 150 мың адам жұмыс істейтін көмір саласы экспорттың азаюынан қатты зардап шегуде. Сәуір айында вице-премьер Александр Новак Путинге көмір саласының қаржылық жағдайы нашарлап бара жатқанын, жылына шамамен 30 млн тонна өндіретін және 15 мың адам жұмыс істейтін 30 кәсіпорынның банкрот болу қаупі бар екенін хабарлады.
Әлемдегі ең ірі көмір кен орындарының бірі орналасқан Кузбасс өңірінде жергілікті билік қыркүйек айында 151 кәсіпорынның 18-і жабылғанын мәлімдеді. Бейресми деректер бойынша, 2025 жылдың алғашқы жартысында көмір өнеркәсібінен 19 мың адам жұмыстан босатылған.
Ресей билігі экономикалық қиындықтардың барын мойындаған емес. «Батыс санкциялары Ресейге әсер етпеді» деген пікірді қайталаумен келеді. Алайда сарапшылардың пікірінше, Ресейдің экономикалық тынысы күн өткен сайын тарылуда.
Mezgil.kz