Жуырда Әзірбайжанның Габала қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының кезекті саммиті өтті. Онда ТМҰ елдерінің саяси-экономикалық интеграциясын тереңдетудің жай-жапсары талқы болды.

Осы тұста біз Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің әскери саладағы интеграциясы қалай жүріп жатқандығын әскери сарапшы Амангелді Құрметұлынан сұрап-білдік...
ТМҰ+ ФОРМАТЫ ГЕОГРАФИЯМЫЗДЫ КЕҢЕЙТЕТІН МҮМКІНДІК...
Сұрақ: Түркі мемлекеттері ұйымының соңғы уақытта геосаясаттағы ықпалы қалай өзгерді? Әуелде кеңес болып құрылған ТМҰ Қарабақтағы соғыстан кейін саяси интеграцияларға көбірек ауа бастағанын көріп отырмыз. Бүгінгі ТМҰ халықаралық беделді ойыншыға айнала ала ма? ТМҰ+1 форматы қаншалықты эффективті? Қай мемлекеттер ТМҰ-мен интеграциялануға көбірек мүдделі?
Жауап: Шынында Түркі мемлекеттері ұйымы бұрын Түркі тілдес мемлекеттердің кеңесі деп аталғанын білеміз. Ол кездегі қарым қатынастар көбіне деклорациялық сипатта, мәдени, рухани сипатта өрбігенін білеміз. Тіпті Түркі акамедиясының өзі нақты халықаралық статус алу үшін көп жұмыс атқарған болатын. Ал, 2021 жылдан кейін Түркі мемлекеттері ұйымы болып құрылды да, ендігі бағыт нақты жоспарлармен жұмыс істейтін құрылымға айналды. Айталық түрік инвестициялық қоры құрылды. Онда нақты қаржы бар. Сонымен қатар, 2040 жылға дейінгі нақты жоспар жасалды. Ытымақтастықтың әр түрлі бағыттары қолға алынып жатыр.
Мысалы, биыл тамызда Вашингтонда Армения мен Әзірбайжан арасында бейбітшілік орнату туралы декларацияға қол қойылғаннан кейін, Түркия Нахичаванға қарай арнайы теміржол тартуға кірісіп кетті. Біз де өзіміздің ішкі транзиттік әлеуетімізді арттыруға жан-таласып жатырмыз. Бұл бағытта Өзбекстан да, Түркіменстан да, Қырғызстан да өз шама-шарқынша шаруа істеп келеді. Яғни, Түркі мемлекеттері ұйымы дәл қазір осындай ірі көлік-транзиттік, сауда-экономикалық қарым-қатынастарды үйлестіріп отыратын, бір-біріне көп қайшы қадамдарға барғызбайтын құрылым рөлін атқаратын сияқты.
Оның үстіне қазақта: «Күлшелі бала сүймекке жақсы» деген бар. Түркі мемлекеттері, әсіресе, Орталық Азия мемлекеттері, сонымен қатар Әзірбайжан жер асты қазба байлықтарына біршама бай. Айталық, мұнайға, газға бай мемлекеттер саналады. Ал оған деген сұраныс дәл қазір әлемде өршіп тұр. Сол себепті, қазіргі таңдағы сипаты қолда бар ресурстарды тиімді пайдалану бағытына қарай өрбіген сияқты.
Ал енді «Түркі мемлекеттері ұйымы +» деген жобаға барша Еуропа елдері, Қытай, Ресей, АҚШ өзі назар аударып отыруы ықимал. Бізде «Орталық Азия +» деген формат бар. Енді оған «Түркі мемлекеттері ұйымы +» деген формат қосылатын болса, онда география біршама кеңиді. Техникалық тұрғыда жетістіктері бар Түркия қосылады деген сөз. Біздегі қазба байлықтардың молдығына байланысты бұған қызығатын топтар аз болмайтын шығар!?
Кеше Габаладағы саммитте Венгрия премер-министрі Виктор Орбанның өзі бұл мәселеге назар аударды. «Біз қазір АҚШ-пен тарифтерге байланысты «қол күресін» жасап жатырмыз», - деді тура аударғанда. Және Еуропада соғыс бар. Еуропа елдерінде шикізат алудың көздері шектеліп қалған. Сондықтан, Брюселдегілер ТМҰ+ форматына назар аударғаны дұрыс деп есептейтіз.
Қазақстан мұнайы Мажарстанға жеткізілгеніне байланысты біздің жаққа алғысын да айтып жатыр. Сондықтан «Түркі мемлекеттері ұйымы +» деген формат қай аймаққа болсын қолайлы болатын шығар!?
Жалпы ұйымның салмағының артта түскені рас және бұл ұйымның интеграциялық процестерінен сескенетіндер де жоқ емес. Өзіңіз білесіз, Ресей тарапы жиі-жиі бұл ұйымның жұмысына байланысты ақпараттық шабуыл ұйымдастырып тұрады. Іштей күдіктенеді және қауіптенеді.
Бірақ ұйым риторикасында қандай да бір агрессиялық сипат жоқ. Біреумен жауласайық деп жатқан жоқпыз, ұрыс-керіс жасайық деп жатқан жоқпыз. Біз өзара туыс халықтар бірігіп, жағдайымызды жасасақ, ғылым мен технологиямызды дамытсақ, халықтың өзара аралас-құраластығын нығайтсақ деген позицияны ұстанып отырмыз. Ал көпшілік ұйымның әскери сипатын да қарастырғысы келеді. Меніңше, ол бірте-бірте, асықпай, байыппен, байсалды түрде жасалатын қадам болатын шығар деп ойлаймын.
ГАБАЛА ДЕКЛАРАЦИЯСЫНДА ӘСКЕРИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ СӨЗ ЖОҚ
Сұрақ: Ұйымның әскери сипаты деп қалдыңыз, Габаладағы саммитте де ұйымның әскреи интеграциясын арттыруға қатысты бірқатар мәлімдемелер айтылды. Бірлескен оқу-жаттығуларды көбейту туралы ұсыныстар болды. Оның ішінде, ТМҰ шеңберінде ортақ, онан соң жекелеген мемлекеттер арасында, Қазақстан-Әзірбайжан, Қазақстан-Түркия, Қазақстан-Өзбекстан арасында әскери оқу-жаттығулар өткізу, жекелей әскери интеграция құру қаншалықты мүмкін?
Жауап: Сөз басында айтқанымдай, жалпы Түркі мемлекеттері ұйымында әскери риторика ешқашан болған жоқ. Иә, ішінара ақпараттар шыққан. Жартылай әскери құрылымдарға қатысты кейбір бірлескен шараларды ұйымдастыру туралы пікірлер айтылған. Қателеспесем, 2021 жылы Стамбұлдағы саммитте ТЖ жөніндегі біріккен ақпараттық орталық құру деген бастама көтерілді. Ол кезде біз бұны болашақтағы әскери интеграцияның алғашқы қадамдары, іргетасы деп бағалағанбыз. Алайда, нақты ондай орталық құрылған жоқ.
Жалпы 12 саммиттің ішінде алғаш рет ашық түрде «қауіпсіздік» деген тақырып ортаға тасталды. Яғни, бұл саммит «Өңірлік қауіпсіздік және бейбітшілік» деген тақырыппен өтті. Саммитте бұл тақырыпқа көбірек көңіл бөлінді деп айта алмаймын. Үш қана пікір айтылды.
Біріншісі, Әзербайжан президентті Ильхам Әлиевтің 2026 жылы Әзербайжанда ТМҰ ҚК бірлескен жаттығуын өткізу туралы бастамасы.
Екіншісі, Қазақстан президенті Тоқаевтың «Кибер қауіпсіздік туралы» Кеңес құру бастамасы.
Үшіншісі, Өзбекстан президенті Мирзиеевтің ТМҰ СІМ мен Барлау қызметі жетекшілерінің тұрақты отырыстарын өткізу туралы бастамасы және алғашқы отырысты Самарқантта өткізу туралы ұсынысы.
Өзге ұсыныстар әдетте экономикалық мәселелер, киберқылмыс, есірткі тасымалдау тағы басқа елдің тұрақтылығына қауіп төндіру мүмкін факторларға қарсы тұру жөнінде айтылды. Сондықтан бұл ұйымның әскери сипат алуы өте баяу жүреді деп есептеймін.
Дегенмен осы Габаладағы айтылған үш ұсыныс та өте өзекті. Айталық «кибер қауіпсіздік туралы кеңес» жөніндегі ұсыныс, қазі өте маңызды. Өйткені, заманауи соғыста кибершабуылдар да ұйымдастырылады. Хакерлердің шабуылдары да ұйымдастырылады және барлау деректерін тағы басқаларын ұрлау, гибридтік амалдармен зиян келтіру тәсілдері ұйымдастырылады. Сондықтан, кибершабуылдарға назар аудару киберқауіпсіздікті сақтау деген дүние. Жасанды интеллекті орталықтарын құрамыз, қоғамды цифрландырамыз деп жатқан елдер үшін өте маңызды.
Ал, енді әскери жаттығуларға келетін болсақ, осы күнге дейін бұл елдердің әрқайсы өзара жеке-жеке жаттығуларды жиі өткізіп жүрді. Әзірбайжан мен Түркия, Қазақстан мен Әзірбайжан, Қазақстан мен Түркия, Қазақстан мен Өзбекстан деген сияқты. Және былтыр «Бірлестік – 2024» деген жаттығуы Қазақстанда өтті. Оған Орталық Азия елдерінен Тәжікстан да қатысты. Бірақ ТМҰ-дың тіке жеке жаттығуы болған емес.
Сондықтан, бұл жерде шамасы дипломаттар ұйым атынан әскери жаттығулар өткізуге әлі ерте деп санайтын сияқты және төңіректе қуатты елдер бар. Түркі ынтымақтастығына күдікпен қарайтын мемлекеттер отыр. Әсіресе, Ресей мен Қытайдың біршама күдігі болуы мүмкін, сондықтан, өте сақ қимылдап жатыр. Егер де алдағы жылдары бұндай жаттығулар ұйымдастырылатын болса, онда әскери саладағы ынтымақтастық біршама тереңдейді деген сөз. Бірақ нақты біріккен күштері, белгілі бір орталық штабы құрылатын кезеңдер біршама алыста деп ойлаймын.
Сонымен бірге, Мирзиеевевтің да ұсынысы маңызды екенін ескеру керек. Яғни, барлау қызметі басшыларының ұдайы кездесіп отыруын ұйымдастыру мәселесі. Ол дегеніңіз өзара барлау мәліметтерін алмастырып отыруға, бір-біріне қажет ақпаратты дер кезінде жүйелі түрде беріп отыруға мүмкіндік береді. Тіпті ғарыштық деректерді де беруі мүмкін.
Айталық, Түркияның әскери жер серігі бар. Олардың ақпараттары бізге өте пайдалы болуы да ықтимал. Сондықтан бұл жерде әр ел әртүрлі деңгейде әскери байланыстар орнататынын ескеру керек.
Қазақстан – әлемнің 40 елімен әскери қарым қатынас орнатқан. Соның ішінде 20 мемлекетпен тұрақты түрде жиі байланыс ортанады. Ол АҚШ болуы мүмкін, Қытай да бар, Ресей де, Пәкістан да Франция да бар және Түркі мемлекеттері де бар.
Егер алдымен, ТЖ кезінде бірлесе әрекет ететін күштер сияқты құрылымдар жасақталатын болса, ол қуанарлық жағдай болар еді. Бұндай құрылымдар болшақтағы біріккен күштердің қалыптасуына ықпал етуі мүмкін. Екіншіден, ТМҰ бітімгерлік күштері деген белгілі бір құрылым жасақтауға болады деп есептеймін. Яғни, БҰҰ аясында ТМҰ бітімгерлері деген жеке контигент болатын болса, ол да әскери ынтымақтастыққа азды-көпті пайдасын тигізер еді.
Бірақ Габала декларациясында әскери ынтымақтастық туралы сөз жоқ. Иә, қауіпсіздік бар, саяси-экономикалық ынымақтастық бар. Білім және гуманитарлық бағыттағы ынтымақтастық туралы біраз пікірлер бар. Бірақ әскери ынтымақтастық туралы және жаттығулар өткізу туралы қандайда бір ұстаным байқалмайды. Ол декларацияны оқып шықтық. Шамасы Әзірбайжан Президентінің және Қазақстан Президентінің, сондай-ақ, Өзбекстан басшысының ұсыныстарын дипломаттар алдағы уақытта талқылап, жеке бір жүйеге келтіріп, өзіміздің ішкі құрылымдармен ақылдаса отырып, келесі саммитке алып шығуы мүмкін.
ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАРУ-ЖАРАҒЫН ЖАҢАРТУҒА ҰҚШҰ КЕДЕРГІ БОЛА АЛМАЙДЫ!
Сұрақ: Әскери-өндіріс саласында қазір Түркі мемлекеттері ұйымының өзара бірлескен жобалары бар ма? Қазіргідей жаһандық қарулану жарысы жүріп жатқан кезеңде, Түркия өз алдына, Қазақстан өз алдына, Өзбекстан өз алдына қару-жарақ, техника өндірісін жолға қоя бастады. Ал енді бірлескен әскери-өндіріс ошақтарын ашу қаншалықты мүмкін? ТҰМ мемлекеттерінің бірі – НАТО мүшесі болса, бірі – ҰҚШҰ (ОДКБ мүшесі). Осындай қайшылықтар бірлескен әскери-өндірісті жолға қоюда қаншалықты кедергілер тудырады?
Жауап: ТМҰ аясында әзірге нақты ортақ әскери өнеркәсіп кешенінің жобалары жоқ. Жеке-жеке мемлекеттер мен Түркияның арасында бірқатар байланыстар бар.
Мысалға, Түркиядағы Қорғаныс кешеніндегі ең ірі компаниялардың бірі саналатын «Aselsan-ның» Қазақстанда еншілес кәсіпорны бар. Сонымен қатар, биыл бізге «Otokar» компаниясы кіріп жатыр. Көктемде оның цехтарында болғанбыз. «Таймас» деген бронды көліктерді, сонымен қатар, «Кобра-2-ні» құрастыруға тиіс және 2022 жылғы келісімдерге сәйкес, Қазақстанда Түркияның «TUSAŞ» деген квазимемлекеттік кәсіпорнының бірлескен өндіріс орны ашылуға тиіс болатын. Бұл «Анка-С» дрондарын жасайтын кәсіпорын болуға тиісті еді. Кейбір жабық ақпараттарға қарасақ, құрылыс басталған көрінеді. Және алдағы жылдары сол «Анка-С» дронын бізде өндіре бастайтын сияқтымыз. Бірақ бұл енді инсайдерлік ақпарат.
Өзбекстанға да Түркияның қорғаныс кешенінің бірқатар компаниялары кіре бастаған. Білуімізше «Nurol Makina» кіріп жатыр және Өзбекстандағы бронды көліктерді құрастыру бағытында бірлескен жұмыстар атқаруда.
Әзірбайжанға да Түркия біршама қолғабыс жасап тұрады және бұл жерде әскери ыгтымақтастықтың техникалық сипатына келетін болсақ, барлығы дерлік Түркиядан алып жатқан өнімдер.
ТМҰ мүшелері – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжанда, тіпті, бақылаушы мемлекет Түркіменстанда да Түркияның дрондары бар.
Қырғыздар тіпті, «Байрактар ТВ2-ні», «Акынжыны», «Ақсұңқарды» алды.
Түркіменстанда «Байрактар ТВ2» бар.
Енді әскери ынтымақтастықты қалыптастыру үшін меніңше, бірінші кезекте жалпы өнеркәсіптегі ынымақтастық, серіктестік күшеюге тиіс. Бұл мемлекеттердің бір-бірінің олқылықтарын толықтырып отыратын кәсіпорындар ашса, әлдеқайда дұрыс болар еді. Мысалы, Түркия 2021 жылы танктердің, бронды көліктердің брондарын өндіретін мүмкіндікке қол жеткізді. Яғни, болатты брон деңгейінде құя алатын технологияға қол жеткізіп отыр. Меніңше, осындай технологияларды әкеліп, біздің «Кармет» сияқты ірі кәсіпорындардың қасынан цех ретінде ашатын болсақ, онда біздің оларға кәдімгі сауыт сататын мүмкіндігіміз арттар еді. Сол сияқты өзге де қосалқы бөлшектер болады. Композитті материалдар өндіру мәселесі, электроникада бірлесе жұмыс істеу мәселесі деген сияқты... Осындай бірін-бірі толықтыратын Еуропа стиліндегі өнеркәсіптер ашатын болса, онда бірте-бірте әскери ынтымақтастық кешені дамиды деген сөз. Әзірге мұндай ортақ келісім жоқ. Дегенмен, ТМҰ аясындағы қорғаныс өнеркәсібі кешені мамандарының басқосуы өткен. Мұндай басқосулар жиі өтетін болса, сол жерде пікірлер талқыланатын болса, онда бірте-бірте бұл саладағы ынтымақтастық тереңдейді.
Әлбетте, біз Түркияның НАТО мүшесі екенін білеміз. Ал, Қырғыстан мен Қазақстан ҰҚШҰ мүшесі бұл жерде қайшылық туындайтындай сипат байқалуы мүмкін. Бірақ қазір Қазақстан да, Қырғызстан да, Әзербайжанда Ресейден қару-жарақ, әскери техника алуы мүмкіндігі жоқ екенін ескерсек, онда НАТО стандарттарына көшу мүмкіндігі болады.
Айталық Қазақстан Сингапурмен бірігіп, снаряд жасайтын зауыт салу туралы алғашқы мемарандумдарды жасаған болатын. 152 мм снарядтар жасауға тиіс. Дегенмен соның ішінде 155 мм снаряд жасау мүмкіндігі бар. Егер 155 мм снаряд жасайтын болса, демек ол НАТО стандарты деген сөз. Түркияда мұндай гаубицалар, яғни, өздігінен жүретін артеллериялық қондырғылар бар, зеңберектер бар. Сондықтан қарулану мәселесінде ҰҚШҰ белгілі бір талаптарын бұзды деу қисынсыз болатын шығар? Иә, біз Ресеймен біріккен әуе кеңістігін қорғау жүйесіне енгенбіз. Бірақ құрлықтағы техниканы алмастыру, бронды көліктерді, танктерді тіпті, мылтықтарды алмастыру Ресейдің талабына байланысты болмайтын шығар деп ойлаймын.
Бұл жерде ҚӨ-не бөлінетін қаржы мәселесі өзекті екенін ескеруіміз керек. Түркияның қорғаныс және қауіпсіздік саласына бөлетін қаржысы 2026 жылға қарай 48,4 млрд доллар болады деп болжанып отыр. Соның ішінде 25 млрд долларға жуығы таза ҚК арналады. Әзербайжанның қорғаныс бюджетін кейбір сарапшылар 5 млрд доллар деп есептейді. Өзбекстанның қорғаныс бюджетін 2,8 млрд доллар деп есептейді. Біздің қорғаныс бюджедіміз шамамен 2 млрд 40 млн шамасында болып тұр. Алдағы жылдың бюджетінде бәлкім өсетін шығар? Қырғызстанның қорғаныс бюджеті 483 млн долларға бағаланады. Ал, Түркіменстанда 1 млрд доллардан асыпты деген ақпарат бар.
Қорғаныс бюджеті ашық айтылмайды, бұқараға. Дегенмен, әскери саладағы ынтымақтастық мәселесін сөз еткенде бұл бюджеттерге тоқталмай өтуге болмайды. Меніңше, әскери саладағы ынтымақтастық өндірістік кешендер арасындағы байланыстардың негізінде қосалқы бағыт ретінде жүзеге аса беруі керек сияқты. Айталық түріктер бесінші буын ұшақтарын жасауға тырысып жатыр. Алғашқы прототиптері ұшқан. Тіпті 2028-2030 жылдарға қарай олардың бітқатарын Индонезияға сатамыз деп отыр.
Біз де авиапаркті жаңалау мәселесінде осындай қадамдарға баруымыз керек. Тіпті Қытаймен де байланыс орнату мүмкіндігі болады. Әзірбайжандар да Қытайдан ұшақ алып жатыр. Өзбекстан да Қытай бағытында әскери ұшақтар алуды көздеп отыр.
Сондықтан ҰҚШҰ біздің қарулануымызға, техникамызды біршама жаңғартып алуымызға кедергі жасауға қауқарлы деп есептемеймін. Әскери саладағы жалпы ынтымақтастық өнеркәсіпті дамытумен тікелей байланысты. Біз жақсы сауыт өндіріп бере алатын болсақ, әскери көліктердің жақсы доңғалақтарын жасап бере алатын болсақ, тіпті оптика өнеркәсібінде біріккен жобаларды жүзеге асыратын болсақ, онда болашақта ТМҰ кейбір әскери өнеркәсіптерін бірлесе жетілдіру мүмкіндігі туатын шығар!?
Қазір әлемде қорғаныс өнеркәсібі өнімдерін сататын үздік 100 компанияның ішінде түріктерден қателеспесем 4 компания жүр. Бұл деген үлкен жетістік және ол жылына 7 млрд доллардан астам сомаға қорғаныс өнеркәсібі өнімдерін сатады. Ал, біздің қорғаныс өнеркәсібі кешені тым үлкен емес, 20 шақты компания ғана бар. Олардың көбі шақ дүниелер жасайды. Түріктердің Оралдағы «Зенит» зауытын сатып алып, кеме құрастырмақ болған ниетін білеміз. Қазір оған қатысты болашақ қадамдар жасалып жатыр. Ол да осы өзара ынтымақтастықтың бір көрінісі.
ТМҰ арасында әскери ынтымақтастық әзірге Түркияның өзге елдерге технология трансфертіне ғана негізделіп тұр. Бізде ол жаққа қатысты нақты технология немесе техника сату мүмкіндігі өте төмен. Бәлкім патрон сату мүмкіндігі бар шығар? Бірақ Қарағандыдағы патрон зауыты шетелге патрон шығаратындай деңгейде ме, жоқ па оны білмеймін. Оның үстіне бізде дәл Қазақстан жағдайында әскери өнімдерді шетелге экспорттамау туралы Үкіметтің бұйрығы бар. Украинадағы соғыс басталғаннан кейін қабылданған шешім. Әлі ол бұйрық өзгермейді-ау!? Сондықтан әскери өнеркәсіп кешенідегі ынтымақтастық тікелей біріккен күштер құру, әскери ынытымақтастық саласындағы ортақ мүддеге жұмыс істеу деген сынды бағыттарда біраз уақытты талап ететін жоспарлар болатын шығар.
Mezgil.kz