Әзербайжанның Габала қаласында өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының XII саммиті түркі дүниесінің жаңа белесіне айналмақ. Бұл жиынның символдық мәні ғана емес, нақты геосаяси салмағы бар. Бір кездегі тарихи тамырдан бастау алған ынтымақтастық бүгінде нақты экономикалық, технологиялық және саяси күшке айналып отыр.

КІШКЕНЕ ҒАНА КЕҢЕСТЕН ЖАҺАНДЫҚ БЕЛДІ ҰЙЫМҒА ДЕЙІНГІ ЖОЛ...
Түркі мемлекеттері ұйымына бүгінде Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Түрікменстан, Мажарстан және Солтүстік Кипр кіреді. Іргетасы 2009 жылы Нахчыванда қаланған бұл құрылым алғашында «Түркі кеңесі» деп аталған еді. Ал бүгінде ол жаһандық саясат сахнасында өз орнын айқындаған, ықпалды ұйым деңгейіне жетті. Нахчыван келісімінен кейін түркі әлемі біртіндеп ортақ мақсат, ортақ бағыт және ортақ ұстаным арқылы саяси одақтың жаңа моделін қалыптастырды.
Биылғы саммиттің басты интригасы – Түркіменстанның мәртебесі. Бұған дейін ұйым жұмысына тек бақылаушы ретінде қатысып келген Ашхабат енді Түркі мәдени мұрасы қоры мен Түркі академиясына толыққанды мүше ретінде қабылдануы мүмкін. Бұл түркі интеграциясын жаңа деңгейге көтеріп, ұйымның Орталық Азиядағы саяси ықпалын күшейтеді. Сарапшылар мұны түркі әлемінің біртұтас бағытқа бет бұруының нақты белгісі деп бағалап отыр.
ТҮРКИЯ – НАТО БОЛСА, ҚАЗАҚСТАН – ОРТА ДЕРЖАВА!
Түркі мемлекеттері ұйымының күші – оның әр мүшесінің ерекшелігінде.
Түркия – әскери және индустриялық қуаты мықты, НАТО құрамындағы жалғыз түркі мемлекеті. Ал Қазақстан – Орталық Азиядағы тұрақтылықтың тірегі, геосаяси тепе-теңдіктің сақшысы. БҰҰ мінберінен «орта держава» мәртебесін ресми мәлімдеген Қазақстан бүгінде Еуразияның көлік торабына айналып, батыс пен шығысты жалғап отыр.
ҚАЗАҚСТАН МЕН ТҮРКИЯ ЖИ, ТЕХОНОЛОГИЯ МЕН ҒЫЛЫМДА КҮШ БІРІКТІРЕ МЕ?
Түркі әлемінің қос тірегі саналатын Түркия мен Қазақстан соңғы жылдары технологиялық серіктестік бағытында жаңа белеске шықты. Мемлекет басшысының биылғы Анкара сапарында жасанды интеллект пен жоғары технологияларды дамыту жөнінде екі маңызды құжатқа қол қойылды. Бұл бастама түркі кеңістігін цифрлық дәуірге бастайтын маңызды қадам. Әлемде жасанды интеллект бағытында бәсеке күшейіп келе жатқан тұста, Қазақстан мен Түркияның күш біріктіруі — түркі әлемінің болашағын айқындайтын стратегиялық шешім. Орталық Азияда жоғары өнімді суперкомпьютерге ие жалғыз ел саналатын Қазақстан бұл бағытта көшбасшы болуға әбден лайық.
ҚАЗАҚСТАН ҺӘМ БІТІМГЕРЛІК РӨЛ
Қазақ елі тек технологияда ғана емес, дипломатияда да өзіндік мектебі бар мемлекет екенін дәлелдеді. Қазақстан соңғы жылдары бейбітшілік пен келісім алаңына айналды. Сирия дағдарысын реттеу мақсатындағы Астана процесі, Әзербайжан мен Армения арасындағы келіссөздердің Алматыда басталып, Вашингтонда аяқталуы — соның айғағы. Сондай-ақ Қазақстан Ресей мен Украина арасындағы шиеленісті бейбіт жолмен шешу үшін бірнеше рет келіссөз алаңын ұсынды. Осы тәжірибелер елдің бітімгерлік рөлін күшейтіп, Түркі мемлекеттері ұйымындағы беделін арттыра түсті.
Осы тұста Түркияның бейбіт бастамалары да ерекше атап өтуге тұрарлық. Президент Режеп Тайып Ердоған Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату мақсатында бірнеше рет жоғары деңгейдегі келіссөздер ұйымдастырып, екі тарапты бейбіт келісімге келуге шақырды. Анкараның арағайындық миссиясы халықаралық қауымдастық тарапынан оң бағаланып, Түркияны әлемдік дипломатияның сенімді делдалы ретінде танытты. Түркияның бұл бастамалары аймақтық қана емес, жаһандық тұрақтылыққа қосылған зор үлес болды.
Қазақстан мен Түркияның осындай парасатты дипломатиясы олардың халықаралық беделін күшейтіп, түркі әлемінің жауапты әрі бейбітшіл күш ретінде қалыптасуына ықпал етті. Бүгінде екі елдің саяси ұстанымдары мен мүдделері үйлесіп, түркі интеграциясының негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр.
ОРТА ДӘЛІЗ – ҰПАЙЫМЫЗДЫ ТҮГЕЛДЕЙТІН ДӘЛІЗ!
Габала саммитінде талқыланатын ең маңызды бағыттардың бірі – Орта дәліз. Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдаудың жаңа баламасы саналатын бұл бағыттың 80 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Ресей аумағы арқылы өтетін дәстүрлі солтүстік дәлізге сенім азайған шақта, Орта дәліздің маңызы арта түсті. Бұл тек экономикалық жоба емес, Еуразия құрлығындағы жаңа логистикалық архитектураның кілті. Президенттің сөзімен айтқанда, Қазақстан Еуразиядағы негізгі көлік торабы ретінде орнығып үлгерді. 2030 жылға қарай елдің транзит көлемі үш есеге дейін артуы күтілуде.
Қазақстан үшін Транскаспий және Зәңгүзүр дәліздері де ерекше маңызға ие. Әзербайжан мен Армения арасындағы келісімдер нәтижесінде ашылуы ықтимал Зәңгүзүр дәлізі қазақ экспортына жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл бағыт Қазақстанды Ресей аумағынан тәуелсіз жаңа экспорттық жолмен қамтамасыз етеді. Транскаспий дәлізінің дамуы да елдің стратегиялық басымдығы. Бұл бағыт тек Қазақстан үшін емес, Түркі мемлекеттерінің барлығы үшін ортақ экономикалық мүддеге айналып отыр.
ОРТАҚ ТҮРКІ ӘЛІПБИІНІҢ БОЛАШАҒЫ ҚАНДАЙ?
Саммиттің тағы бір маңызды тақырыбы – ортақ түркі әліпбиі. Бұл жоба тек жазу бірлігі емес, мәдени және ақпараттық кеңістікті біріктірудің символы. Түркі әлемі ғылым, мәдениет және білім саласында ортақ стандарт қалыптастыру арқылы өзара ықпалдастықтың жаңа деңгейіне көтерілмек. Осыған дейін әзірленген эксперименттік нұсқасы енді нақты жүзеге асу сатысына өтеді деп күтілуде.
Бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымы тек саяси диалог алаңы емес, экономикалық, технологиялық және мәдени интеграцияны қамтамасыз ететін бірегей құрылымға айналды.
Түркия – әскери қуат пен индустрияның локомотиві, Қазақстан – транзиттік және технологиялық орталық, Әзербайжан – энергетикалық хаб, Өзбекстан мен Қырғызстан – аймақтық өндіріс пен еңбек ресурсының орталығы. Осы күштерді біріктіре алған ұйым жақын болашақта әлемдік саясаттағы жаңа геосаяси орталықтардың біріне айналуы әбден мүмкін.
Габала саммиті – түркі әлемінің болашағына жол ашатын маңызды кезең. Бірлік, өзара сенім және ортақ мүдде түркі елдерін бұрын-соңды болмаған деңгейде жақындастырып отыр. Бір кездері тарихи түбір ғана біріктірген халықтар енді экономикалық, технологиялық және рухани байланыс арқылы ортақ болашаққа бет алды.
Mezgil.kz