Кеше Ақордада Қазақстан мен Мажарстан президенттері кездесіп, келіссөз өткізді. Аталған кездесуне қандай мәселелер талқыланды? Қазақстан мен Венгрия арасындағы байланыстар қандай? Шолу ұсынбақпыз...

(Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды)
Келіссөз барысында тараптар сауда-экономикалық серіктестікті кеңейту мәселелерін талқылады. Қазақстан мен Мажарстанның мәдени және білім беру салаларындағы байланысын нығайтудың маңызына тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тамаш Шуйок халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, көпжақты құрылымдар аясындағы ынтымақтастық перспективасын қарастырды.
ҚАЗАҚСТАН МЕН ВЕНГРИЯ. ПРЕЗИДЕНТТЕР НЕ ДЕЙДІ?
Мемлекет басшысы Астана мен Будапешт арасындағы тығыз әрі сенімді қарым-қатынас ғасырлар қойнауынан тамыр тартатынын және өзара құрметке негізделгенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастардың берік негізі мен зор әлеуеті бар.
– Былтыр тауар айналымы шамамен 200 миллион долларға жеткенін, ал биылғы сегіз айда 22 пайыз өскенін (164,5 миллион доллар) ерекше ықыласпен атап өткім келеді. Бүгінде Қазақстан экономикасына 400 миллион долларға жуық инвестиция салған 35-тен аса мажар компаниясы жұмыс істеп жатыр. Біз қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергия, денсаулық сақтау, логистика мен қаржы салаларында 607 миллион долларға бағаланатын 20 бірлескен жобаны іске асырып жатырмыз, – деді Қазақстан Президенті.
Тараптар мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелеріне мән берді. Халықтарымыздың тарихи жақындығы мен бауырластығының дәлелі ретінде 2023 жылы Астана көшелерінің біріне көрнекті мажар ақыны Шандор Петефидің есімі берілген болатын. Президент жыл сайын еліміздің 250 студенті мажар университеттерінде оқитынына тоқталып, білім алмасудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар отандық жоғары оқу орындары да мажарлық студенттер мен зерттеушілерді көптеп қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.
Тамаш Шуйоктың айтуынша, Қазақстанмен жан-жақты байланыстарды дамыту Мажарстанның сыртқы саясатында айрықша орын алады.
– Халықтарымыздың сан ғасырдан бері жалғасқан байланысының тіні берік екенін ұдайы байқап жүрміз. Мажарлықтар өздерінің шығыстағы түп тарихына әрдайым қызығушылықпен қарайды. Сондықтан еліміз Шығыс пен Батыс, Орталық Азия мен Орталық Еуропа арасындағы алтын көпір ретінде миссиясын үнемі атқарып келеді. Президент мырза атап өткендей, 2014 жылы Стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылып, бұл қарым-қатынасымыздың негізін қалады. Экономикалық ынтымақтастықтың аясы кеңейіп келе жатыр. Ал мәдениет пен білім саласындағы ықпалдастығымыз көп жұртқа үлгі. Бұл артық айтқандық емес. Қазақстанмен байланысымызды стратегиялық тұрғыдан маңызды деп санаймыз әрі жоғары бағалаймыз. Қазіргідей дағдарыс кезеңінде Шығыс пен Батыс арасындағы ынтымақтастық айрықша мәнге ие бола бастады, – деді Мажарстан Президенті.
Келіссөз барысында сауда-инвестиция, энергетика секторы, атом энергиясы, көлік-логистика, қаржы, цифрландыру және жасанды интеллект секілді салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері кеңінен қарастырылды. Мемлекеттер басшылары халықаралық саясаттың басты мәселелеріне қатысты екі елдің ұстанымдары ұқсас және көпжақты форматтағы тығыз ықпалдастықты жалғастыруға дайын екенін растады.
ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ВЕНГРИЯ ҚАНДАЙ МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШАДЫ?
Сөзсіз, Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан басшысының сапарында үлкен экономикалық және мәдени байланыс бар. Мажарстан – бұл Қазақстанның Еуропаға бір қақпасы. Қазақстан мен Мажарстанды байланыстыратын саяси алаңдар көп, бірақ соның ішінде ең маңыздысы – Түркі мемлекеттер ұйымы. Соңғы жылдары жаһандық саяси аренада белсенділігі артып келе жатқан Түркі мемлекеттер ұйымы арқылы Мажарстан Қазақстанды Еуропаға шығарып отыр.
Мажарстан – 1999 жылдан бастап НАТО-ға мүше мемлекет, 2004 жылдан бастап Еуропалық Одаққа мүше мемлекет. Сол есептен, Мажарстанның Еуропалық географиялық орналасуын өзіміздің игілігімізге пайдалануға тырысамыз және тырысып келеміз. Соның нәтижесі – екі ел арасындағы алыс-беріс, барыс-келістің 700 миллионға жуықтауы және биылғы жылдың нәтижесінде оны 1 миллиардқа дейін ұлғайту жоспарда тұрғандығы.
Мажарстан бізге бауырлас мемлекет, туыс халық. Мың жылдан бері үзіліссіз жалғасып келе жатқан халықтар миграциясы дейтін үлкен көштің барысында осы Кіші Азиялық салт атты көшпелі халықтардың бірқатары батысқа қарай ойысты. Сол кезде Карпат тауына, Дунайдың төменгі етегіне барып қоныстанған халықтар болды. Сол қоныстанған халықтардың бірі – осы Мажарлар. Өздерінің түбін «Ғұндармыз» деп есептейтін, «біз түркіміз» деп есептейтін елдердің бірі.
Және соңғы жылдары Орталық Азияға жаһандық геосаясатта салмақ түсе бастағанын белгілі. «Орталық Азия + 1» форматы Еуропа тарапынан қызығушылық тудырып, белсенді қолданыла бастады. Демек, Еуропалық Одақтың өзі Орталық Азияға көз тігіп отырса, оның ішінде Орталық Азияның драйвері атанып отырған Қазақстанға көз тігіп отырса, біз Мажарстанды осы Еуропалық Одақпен интеграцияның бір дәнекері ретінде қарастыруымыз қажет. Осы мүмкіндікті ұлттық мемлекеттік мүддеге ұтымды пайдалануымыз қажет.
Mezgil.kz