Оккупациядағы Қырымға Қытай кемелері кіре бастады. Бұл туралы Financial Times басылымы жазды. Heng Yang-9 кемесі Севастополь портына бірнеше мәрте келіп тұрақтаған. 2014 жылдан бері Севастополь портына кіруге Батыс елдері тыйым салды. Портқа кірген шетелдік кемелерге жанама санкция салынатыны айтылды.

Heng Yang-9 контейнертасушысының ұзындығы 140 метр. Ол Панама туымен жүзеді, алайда Guangxi Changhai Shipping Company компаниясына тиесілі. Аталған кеме соңғы айларда кемі үш мәрте Қырымға келіп, порттарға тоқтаған. Ал Ресей халықаралық санкцияларды ескерместен, Мариуполь және Бердянск порттарына теміржол желісін жалғады және аталған порттар кемелер үшін ашық деп мәлімдеді.
The Financial Times басылымының жазуынша Қытай кемесі Қара теңізге кіріп, бірнеше портқа тоқтап, жалған сигнал жіберіп, Қырымға кіргенін жасырмақ болған. Алайда спутниктік түсірілімдер мен радарлар кеменің Қырымға кіргенін нақты көрсетуде.
Lloyd’s List басылымы Қытай кемесінің Қырымға кіргенін растады. Басылым кеменің Қырымдағы портта тұрған суретін жариялады. Кемені ақ жасырмамен жауып қойған. Украина Бейжіңнің Қырымға кіруін санкциялық талаптарды қатаң бұзу деп санайды. Киев кеме басшылары мен компанияларға ескерту жасауда. Аталған кемелер Батыстың санкциялық тізіміне қосылуы мүмкін.
Украинаның Қытайдағы елшілігі Қытай билігінің өкілдерімен кездескен. Украина қытайлық кемелердің оккупациядағы аймақтарға кіру мәселесін көтеруде. Бейжің компанияларға және кеме иелеріне халықаралық нормаларды бұзбау туралы қатаң нұсқаулық берілгенін айтып, Қырымға кемелердің кіруіне ресми Бейжіңнің еш қатысы жоқтығын меңзеді.
Қытай кемелері не үшін Қырымға тоқтауда? Сарапшылар оккупациядағы Донбасс және Херсондағы кеніштерді Ресей жылдам игеріп, ресурсты Қырым порттарына жеткізіп жатқанын айтты. Артынша аталған ресурстарды Қытай кемелері арзан бағаға тиеп әкетуі мүмкін дейді олар.
Қытай Батыстық санкцияларға қосылмаса да, ол санкцияларды ашық бұзудан қашқақтайтын ел. Әсіресе оккупациядағы аймақтарға кіріп, санкцияларды өрескел бұзғысы келмейтін. Алайда Heng Yang-9 кемесінің Қырымға бірнеше мәрте кіруі, Қытайдың ұстанымы өзгергенін көрсетеді дейді мамандар.
Сарапшылар Қытай билігі Қырымға кіру арқылы, Батыстың қарсы реакциясын тексеріп көруде деген ойда. Егер Еуропа елдері Қытайдың кемесіне санкция салмаса, онда өзге кемелер де оккупациядағы порттарға кіре бастауы ықтимал.
Mezgil.kz