Мәскеу: Салық азайса да, соғыс жалғасады!

Bloomberg басылымы Ресейдің әскери бюджетіне қауіп төнгенін  жазуда. Украинаның мұнай-газ саласына ұдайы соққы жасауы, Ресей бюджетін ортайтуда.

1759313568475142.jpg

Ресейлік сарапшылар мұнай мен газдан бюджетке түсетін қаржы көлемі пандемия кезеңімен теңесетінін болжады. 2020 жылы коронавирустың өршіп, жаппай пандемия басталуына байланысты шекаралар жабылып, сауда азайды. Ресейдің мұнай-газ саласында да бұрғылау мен тасымалдау құлдырады. Бұл бюджетке түсетін үлесті азайта түсті. Енді ресейлік бюджет сол сценарийді қайталауы мүмкін. Басты себеп Ресейде мұнай-газ өндірісіндегі өңдеудің азаюы, энергия көздерінің бағасының түсуі және рубльдің құнының артуы.

Соңғы есеп бойынша, Ресей 2025 жылы мұнай-газ саласынан 8,65 трлн рубль салық жинайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22%-ға аз деген сөз. Аталған болжам жазылған құжат МемДуманың төменгі палатасында ресми бекітілген.

Мұнай-газ саласынан түсетін салық Кремль үшін аса маңызды саналады. Қазынадағы пайданың төрттен бір бөлігі осы саланың салығына байланысты. Мәскеу мұнай-газдан түсетін салықтың азайғанына қарамастан, соғысты жалғастыруға мүдделі. Сол үшін өзге салықтарды арттырып, ҚҚС-ты көтермек.

Батыс Ресейдің мұнай-газ саласының пайдасын азайту үшін санкциялық қысымды күшейтуде. АҚШ басшысы Трамп Еуропа елдерін ресейлік энергия көздерінен бас тартуға шақыруда. Ал Түркияны ресейлік мұнай-газдан басқа энергия көздерін іздеуге шақырды.

Ресейлік Urals сұрыпты мұнайының 2025 жылғы құны 58 доллар болып тұр. 2024 жылы 66 доллар болған еді. Ресей бюджетіне рубльдің құнының артуы да соққы жасауда. Себебі Ресей сыртқы саудада тауарды доллармен сатады.

2025 жылы доллар құны 86 рубльге теңесті. Өткен жылы бұл көрсеткіш 92 рубль болды. Мемлекет әр баррель үшін өткен жылмен салыстырғанда 6 рубль аз пайда табуда деген сөз.

Осылайша Мәскеу мұнай-газ саласындағы экономикалық қиындыққа тап болуда.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар