Ұятсыз контент немесе наразылық: Тәлібтер не үшін интернетті өшіруде?

Ауғанстан территориясында интернет байланысы толық өшірілуі мүмкін. Күні кеше әлемдік БАҚ Ауғанстан аумағында интернеттің өшірілгендігі туралы хабарлады. Бұл туралы алғаш болып NetBlocks халықаралық интернетті бақылау ұйымы мәлімдеді.


Кто такие талибы - Ведомости

 

NetBlocks-тың мәліметінше, интернетті «Талибан» қозғалысы қасақана өшіруде. «Ауғанстан қазіргі сәтте интернет байланысын толық үзудің алдында тұр, себебі тәлібтер ар-ұятты сақтау ережелерін қатаңдатуды ойлауда», - дейді NetBlocks-тың ресми арнасындағы мәлімдемеде.

 

Ауғанстанның жаңа билігі қыркүйек айының ортасында интернетті өшіруге қатысты жиын өткізді. Тәжірибе ретінде тәлібтер Балх аймағында кабельді интернетті өшірді. Интернеттің өшірілуін ар-ұятты сақтау ережелерімен байланыстырды. Шешімді Талибанның басшысы Хайбатулла Ахундзаданың өзі қабылдады. Бұл туралы Associated Press жазды. Интернеттің өшірілуі салдарынан мемлекеттік органдар, ерлерді оқыту орталықтары, жеке сектор мен үйлер интернет байланысынсыз қалды. Алайда мобильді интернет өшірілген жоқ. Дей-тұра мобильді интернет байланысы кабельді интернеттен әлдеқайда баяу.

 

Талибанның өкілдері Ауғанстан аумағында интернетке балама ұсынатынын айтты. «Ұятсыз контентті ұсынбайтын алаң ұсынатын боламыз» дейді тәлібтер. Дегенмен, ол қандай балама екені әлі белгісіз. «Талибан» қозғалысы бұған дейін интернетті тұрғындар порнографиялық өнімдерді көру, азартты ойындарды ойнау үшін қолданатынын айтқан болатын.

 

Reuters басылымының жазуынша, тәлібтер елдің солтүстік аймағын интернетсіз қалдырған. Оның ішінде Балх, Құндыз, Бадахшан, Бағлан, Тахар аймақтары кабельді интернеттен өшірілді. Amu TV мәліметі бойынша Ауғанстанның 13 аймағы интернетсіз қалған.

 

Сарапшылар Талибанның интернетті өшіруі ар-ұят ережелерінен бөлек мақсатты көздейтінін айтуда. Ауғанстанда тәлібтерге қарсы әрекет етуші топтар бар және қоғамдағы әлеуметтік жағдайға байланысты, тәліберге қарсы наразы көңіл-күй де артуда. «Талибан» билігі жаппай наразылықтан сақтануда дейді мамандар.


Mezgil.kz

 

 



Ұқсас тақырыптар