Тартысқа түскен Тайуан тағдыры: Си Трамптан не сұрауда?

АҚШ пен Қытай билігі сауда қатынасын реттеуге қатысты ауыр да күрделі келіссөздерді жалғастыруда. Сарапшылардың пікірінше Қытай төрағасы Си Цзиньпин АҚШ-тың Тайуанға қатысты көзқарасын өзгертуді қалайды. Бейжің Вашингтон тарапынан «Тайуанның тәуелсіздік жариялауына қарсымыз» деген мәлімдемені ресми айтып, құжатқа бекітуге қол жеткізуді көздеп отыр. Bloomberg-тың мәліметінше, Қытай үшін бұл сыртқы саясаттағы үлкен жетістік болар еді.


Тарифная война: Трамп не спешит говорить с Си Цзиньпином

 

Екі елдің арасындағы келіссөз барысынан хабардар сарапшылардың сөзінше, Бейжің Вашингтонға өтініш айтып, Тайуанға қатысты ресми мәлімдемелерде «oppose» («қарсы») сөзін қолдануды сұрауда. Осылайша АҚШ Тайуанның тәуелсіздігіне қарсы екенін айтса дейді. АҚШ Тайуанға қатысты ресми мәлімдемелерде «қарсы» сөзін қолданған емес. Вашингтон үнемі «қолдамаймыз» сөзін қолданған. Бұл «қарсымыз» сөзіне қарағанда әлдеқайда жұмсақ позиция болып саналады.

 

Тараптар келіссөз барысында бір-біріне арнайы талаптары жазылған құжатты ұсынған. Бейжің ұсынған құжаттың ішінде аталған мәселе де көтерілген. АҚШ тарапы Бейжіңнің ұсынысына әлі жауап берген жоқ. Ұзақ жылдар бойы АҚШ пен Тайуан тығыз қарым-қатынас орнатты. Ақпан айында АҚШ-тың Мемлекеттік департаментінің сайтындағы мәлімдемелерде «Тайуанның тәуелсіздігін қолдамаймыз» атты сөз алынып тасталды. Бейжің аталған сөзді дереу қайтарып, қателікті түзеуді сұрады. Бұған дейін АҚШ 2022 жылы, Байден әкімшілігі тұсында аталған сөзді құжаттардан алып тастап, Қытайдың бірнеше айға созылған қарсылығынан кейін қайта құжаттарға жаза бастады.

 

Тайуанның СІМ өкілі Сяо Гуань-вэйдің сөзінше, Тайуан Қытай мен АҚШ арасындағы келіссөздерді мұқият бақылап отыр. Сонымен бірге Тайбэй Вашингтонмен де байланысты арттырып жатыр. Тайуан тарапы Қытай мен АҚШ келіссөзі Тайуанға кері әсер ете ме деп қауіптенуде.

 

АҚШ пен Қытай тарапының арасында келіссөз мәтініндегі талаптарға қатысты дискуссия күшейді. Екі елдің басшысы Оңтүстік Кореяда өтетін халықаралық саммит барысында кездесуі мүмкін. Тараптар сол уақытқа дейін барлық мәселе бойынша ортақ келісім жасасуды қалайды.

 

АҚШ Тайуанмен де келіссөз жүргізіп жатыр. Тайуан мен АҚШ-тың арасында сауда қатынасы бойынша келісім жасаудың әрекеттері іске асуда. Екі ел келіссөздің 4 раундын өткізгеніне қарамастан әлі нақты шешімге келген жоқ.

 

АҚШ тарапы Қытаймен келіссөзді аса маңызды санайды. Шілде айында Тайуан президенті Лай Цин-дэ АҚШ-қа транзиттік сапармен бармақ болды. Алайда АҚШ тарапы ол сапарға рұқсатын берген жоқ. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары Никсон әкімшілігі Тайуанмен ресми қатынасын тоқтатып, Қытаймен әріптестік орнатты. АҚШ «бір Қытай» принципін қолдайтынын айтты және Тайуанның тәуелсіздігіне қатысты белгісіздік позициясын ұстанып келеді. Вашингтон мен Бейжің жылдар бойы Тайуан мәселесінде қайшылыққа түсуде. Вашингтон «бір Қытай» позициясын жақтаса да, Тайуанға түрлі қару жеткізуді жалғастыруда.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар