Венгрия Ресейдің энергия көздерінен бас тартпайды. АҚШ басшысы Дональд Трамп Венгрияны ресейлік энергия көздерінен алыстап, балама энергия көздерін іздеуге шақырған болатын. Алайда Венгрия премьері Виктор Орбан Трамптың ұсынысынан бас тартатынын айтты.

Bloomberg басылымының жазуынша, Виктор Орбан Трамппен телефон арқылы сөйлесіп, ресейлік энергия көздерінен бас тарта алмайтынын айтқан. Ол Ресейдің мұнайы мен газына балама жоқ екен, Ресейдің энергия көздерінен бас тарту Венгрия үшін апатты жағдайға әкелетінін мәлімдеген.
Венгрия премьері Орбанның сөзінше Венгрияның теңізге шығатын жолы жоқ. Сәйкесінше Венгрия ресейлік энергия көздеріне жылдам балама таба алмайды. Теңіз жолы болса, порт маңына мұнай және газ терминалдарын салуға болар еді. Алайда Венгрия құрлықта орналасқан, теңізге шығар жолы жоқ ел. Сол үшін де Будапешт өзінің мемлекеттік мүддесі аясында шешім қабылдайтынын айтқан. Венгрия басшысының пайымдауынша, Ресейдің энергия көздерінен бас тарту ЖІӨ-ні бірден 4 пайызға құлдыратпақ.
Орбан Трамппен телефон арқылы сөйлесіп, былай деген. «Бізге бір-біріміздің аргументтерімізді қабыл алудың қажеті жоқ. Біз мүдделер жайлы айттық. Дос ретінде сөйлесіп, фактілерді келтірдік. Ал шешімді әр тарап өзінің ұлттық, мемлекеттік мүддесіне сай қабылдайды», - дейді.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Украина басшысы Владимир Зеленскиймен кездесу өткізді. Кездесу барысында Трамп Еуропа елдерінің ресейлік мұнайдан бас тарту керектігін айтып, Венгрия басшысымен бұл мәселе туралы сөйлесетінін айтқан болатын.
Венгрия Ресейдің энергия көздеріне тәуелді ел саналады. Орбан ЕО мен НАТО-ның мүшесі екеніне қарамастан, Ресеймен тығыз қарым-қатынас орнатты. Ол ЕО елдерінің ішінде антиресейлік санкцияларға қосылмады және ЕО-ның Ресейге қарсы саясатын қолдамай, Украинаға көмек көрсету бастамаларына қарсы болуда.
АҚШ басшысы Дональд Трамп Түркияның президенті Режеп Ердоғанмен де кездесіп, Анкараны ресейлік энергия көздерінен бас тартуға шақырды. Сарапшылар Вашингтон Ресейдің энергия көздерін әлемдік нарықтан ысыруды қалайтынын айтуда. Оның екі себебі бар: АҚШ Ресейді соғысты қаржыландыру мүмкіндігінен айыруды қалайды және ресейлік энергия көздерін әлемдік нарықтан ысыра отырып, орнына АҚШ компанияларын кіргізуді ойластыруда.
Mezgil.kz