Қырғызстанның президенті Садыр Жапаров БҰҰ мінберінде сөйлеген сөзінде экономикалық кедергілер мен геосаяси мәселелер туралы айтты. Ол Қырғызстанның Ресеймен тығыз экономикалық байланыста екенін айта отырып, бұл байланыстан бас тартпайтынын жеткізді.

Садыр Жапаров былай дейді: «Қырғызстан өз экономикасын нығайту үшін күш салуда. Бізге салынған негізсіз санкцияларды ішкі ісімізге араласу және қысым жасау деп білеміз. Бұл енді қалыптасып жатқан экономикамызға кедергі болуда. Қырғызстан халықаралық міндеттемелерін қатаң орындайтын ел. Оны мен үнемі айтып келемін. Алайда біз өзіміздің азаматтарымыздың мүддесі мен еліміздің экономикалық дамуын құрбан ете алмаймыз!
Қырғызстанға салынған санкциялар өтірік ақпаратқа сүйеніп салынды. Ал ол жалған ақпаратты үкіметтік емес ұйымдар мен өтірікші кей азаматтар берді. Біз Қырғызстанға тәуелсіз халықаралық аудит келіп, банктерімізді тексертуге әзірміз. 2024 жылы ЕО елдері Ресеймен 141 млрд долларға сауда жасаған, оның 36 млрд доллары Ресейдің импортына тиесілі. Ұлыбритания біздің екі банкімізге санкция салды. Сол Ұлыбританияның өзі Ресеймен 2,2 млрд долларға сауда жасасқан.
Ашығын айтатын болсам, біреулер Ресеймен әріптестікті жасай отырып, келесі біреуге тыйым салуда. Бұны қалай атауға болады? «Өзгеден талап етпес бұрын, өзің үлгі бол» деген сөз бар. Сіздер бізден Ресеймен әріптестікті үзуді талап етесіздер де, өздеріңіз Ресеймен сауда-экономикалық байланысты дамытып жатырсыздар. Біз сіздерге қарағанда Ресеймен тығыз экономикалық байланыс орнатқан елміз.
Біз өзгелермен қайшылыққа келуге ұмтылмаймыз. Біз көпвекторлы саясатты ұстана отырып, әлемнің барлық елімен байланыстамыз. Англияға жыл сайын 1 млрд долларға алтын сатамыз. Біз экономикалық байланыстарды саясиландыруға қарсымыз. Сол үшін де біз екі банкімізге салынған санкцияларды дереу алып тастауды талап етеміз», - деді.
Жапаров АҚШ пен Ұлыбритания билігінің Қырғызстан банктеріне салған санкциясын осылайша қатаң айыптады. Қырғызстанның «Керемет Банкі» ресейлік Промсвязьбанкпен (ПСБ) байланысы бар деп айыпталып, санкцияға іліккен болатын. ПСБ банкі Молдовадан Ресейге қашқан олигарх Илан Шормен әріптестік орнатты. Шор өз кезегінде ресейлік банктерге санкцияны айналып өтуге жәрдемдесуде. АҚШ тарапы Шормен байланысы бар компанияның 2024 жылы Қырғызстан Қаржы министрлігінің рұқсатымен «Керемет Банктің» акциялық пакеттерін сатып алғанын жазды.
Қырғызстанда Шор A7A5 атты криптовалюталық токенін іске қосты. Бұл Ресейге салынған санкцияларды айналып өту үшін жасалды және шекаралық төлемде жиі қолданылды. Financial Times басылымының жазуынша бар болғаны төрт айдың ішінде Қырғызстандағы криптобиржалар арқылы және A7A5 көмегімен 9,3 млрд доллар өткен. Өз кезегінде A7A5 стейблкоины ПСБ банкімен байланысы бары анықталды.
Молдованың IPN тәуелсіз басылымы 23-қыркүйектегі мақаласында Жапаровтың Шормен байланысы барын жазды. IPN тәуелсіз басылымы үшінші адамдар арқылы Қырғызстан президенті Жапаровқа Gulfstream G650 ұшағын жеткізгенін айтты. IPN тілшілері ұшақты жеткізу жүйесіне тоқталып, келісім сату-сатып алу жүйесі бойынша жасалғанын, түрік делдалдары келісімге қатысқанын, келісім құжатының бірінде Шордың сенімді өкілі Виктор Гуцуляктың есімі аталатынын мәлімдеді.
Молдова билігі Шорға қылмыстық іс ашқан. Қашқындағы олигарх 1 млрд доллар қаржыны жымқырды деп айыпталуда. Ол Молдованың ЖІӨ-нің 12 пайызға жуық қаржысын қолды еткен. Шорға Ұлыбритания, АҚШ және ЕО санкция салған. Ол Ресей билігімен тығыз байланыс орнатып, Мәскеуде тұрақтаған. Кей сарапшылар Шордың Молдовадағы ресейшіл күштерді қаржыландырып отырғанын да жазған болатын.
Енді міне, Қырғызстан билігі аталған айыптардың барлығын жоққа шығарып, БҰҰ мінберінен Қырғызстан банктеріне салынған санкцияларды алып тастауды талап етіп отыр.
Mezgil.kz