Дәрменсіз БҰҰ: Палестина тағдыры һәм Орта Державаның ойы!

Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 80-сессиясы өтіп жатыр. Әлем назарын аударған бұл басқосуда мемлекет басшылары жаһандық саясат пен халықаралық қауіпсіздікке қатысты өз ойларын ортаға салып, бір-біріне қарама-қайшы мәлімдемелер жасауда.

1758699656312119.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

ҚАЗАҚСТАН: «ОРТА ДЕРЖАВАЛАРДЫҢ» ОРНЫ БЕЛГІЛЕНСІН!

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мінберден сөйлеген сөзінде қазіргі әлемде халықаралық құқықты өрескел бұзу қалыпты жағдайға айналып бара жатқанын ашық айтты. Оның пайымынша, сенім дағдарысы күшейіп, бейбітшілік пен тұрақтылыққа бұрын-соңды болмаған қатер төнуде. Тоқаев осыған байланысты БҰҰ-ның беделін арттырып, оның шешім қабылдау тетіктерін реформалау қажеттігін атап өтті. Әсіресе Қауіпсіздік Кеңесінің құрамы қайта қаралып, Азия, Африка және Латын Америкасының өкілдері көбірек қамтылуы тиіс деген ұсынысын білдірді.

1758699455971785.jpg

(Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды)

«Осы орайда Бірікккен Ұлттар ұйымын жан-жақты реформалау толассыз талқыланатын тақырып емес, нағыз стратегиялық қажеттілік екеніне назар аударғым келеді. Бізге БҰҰ-ны реформалау жөнінде нақты ұсыныс әзірлейтін жоғары кәсіби және оны еш ойланбастан алға жылжытатын пікірлестер тобын құру қажет. Ұйым бүгінгі сын-қатерлерге және ертеңгі міндеттерге сай болуы керек.

Біріккен Ұлттар Ұйымын жаңғыртуды көздейтін мұндай батыл әрекет Қауіпсіздік Кеңесін реформалаудан басталуға тиіс. Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына Азия, Африка және Латын Америкасындағы ірі елдердің өкілдері ротация тәртібімен ұсынылуы керек.

Сонымен қатар Қазақстан жауапкершілігі бар орта державалардың үні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде барынша анық естілуі қажет деп санайды. Іс жүзінде орта державалар қазірдің өзінде теңгерімді сақтауға және өзара сенімді нығайтуға үлес қосып, халықаралық қатынаста жағымды рөл атқара бастады.

Ұлы державалардың бастары бірікпегенде немесе барша адамзатты алаңдататын өзекті проблемаларды шешуге қауқарсыздық танытқанда, мұндай елдер БҰҰ аясында дәнекерге айналады. XXI ғасырда БҰҰ беделін көтеру үшін Ұйымға мүше мемлекеттер бейбітшілік пен қауіпсіздіктің іргесін бекемдейтін нақты қадамдар жасауға тиіс. Әйтпесе, БҰҰ үнемі мәселенің салдарымен күресуден көз ашпайды. Ал проблеманың түпкі себептері үсті-үстіне көбейе береді. Біз бұл үдерісті дәл бүгіннен бастай аламыз. Ол үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына бейіл екенімізді тағы да растауымыз қажет. Егемендік, аумақтық тұтастық және кез келген дауды бейбіт жолмен шешу қағидаттарының бәрі мүлтіксіз сақталуға тиіс. Ұйым Жарғысын қолайына қарай қолдану оның беделіне нұқсан келтіреді», - деді Президент.

Президент сөзінде ядролық қарусыздану тақырыбына да ерекше тоқталды. Ол Семей полигонындағы қасіретті мысал ете отырып, ядролық қарудан түбегейлі бас тартудың маңызын айтты.

Сондай-ақ, биологиялық қауіпсіздік мәселесіне байланысты жаңа халықаралық агенттік құруды ұсынды. Ал цифрлық дәуірдің жаңа сын-қатеріне тоқтала келе, жасанды интеллектіні бақылау үшін жаһандық деңгейде диалог орнату қажеттігін алға тартты. Экология тақырыбында да бастама көтеріп, 22 сәуірді Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні деп жариялауды ұсынды.

1758699498369764.jpg

(Сурет: Видео скрині)

ТҮРКИЯ: ИЗРАИЛЬ ГАЗАДА ГЕНОЦИД ЖАСАУДА!

Осы сессияда Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның сөзі де ерекше резонанс тудырды. Ол Израильдің Газа секторындағы әрекеттерін «геноцид» деп бағалап, халықаралық мінберде қырғыннан қаза тапқан бейбіт халықтың суреттерін көрсетті.

«Бүгін осы залда Палестина президенті Мазмұд Аббас та болуы керек еді. Палестинаны мойындаушы елдер саны артып жатыр. Бірақ, олардың үнін шығармауда. Сондықтан, мен Түркияның ғана атынан емес, Палестинаның атынан сөйлеймін. Біз мұнда бейбітшілік туралы сөйлеп жатырмыз. Ал дәл қазір Израиль Газа секторында бейкүнә халықты қырып жатыр. Израиль бейкүнә адамдарды қарумен ғана қырып жатқан жоқ. Израиль аштықты қару қылды. Израиль Газада геноцид жасап жатыр. Дәрігерлер науқастарға үйінді астында ота жасауда. Израиль 250-ден астам БАҚ өкілдерін Газада өлтірді. Израильдің Газадағы әрекеттері - террормен күрес емес, оккупация, геноцид, қасақана қырып-жою», - деді.

Ердоған сонымен қатар Украина мен Ресей арасындағы келіссөздерді қайтадан Ыстамбұлда өткізуге дайын екенін мәлімдеп, Түркия бейбітшілікті қалпына келтіруге дәнекер болуға әзір екенін жеткізді. Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісімді қолдай отырып, Оңтүстік Кавказдағы тұрақтылыққа баса мән беретінін айтты. Бұдан бөлек, Түркі мемлекеттері ұйымының рөлін күшейтіп, түркі елдерінің ынтымақтастығын тереңдетуге басымдық беретінін жеткізді.

1758699534695320.jpg

(Сурет: Видео скрині)

АҚШ: БҰҰ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАҚТЫҒЫСТАРДЫ БЕЙБІТ РЕТТЕУГЕ ДӘРМЕНСІЗ!

Ал АҚШ Президенті Дональд Трамптың сөзі айтарлықтай тосын болды. Ол өз дәуірінде жеті соғысты тоқтатқанын айтып, бірақ Біріккен Ұлттар Ұйымының бұл жолда ешқандай көмегі болмағанын сынға алды. «Мен жеті соғысты аяқтадым, алайда БҰҰ мүлде көмектеспеді», – деп мәлімдеді Трамп. Бұл сөз халықаралық ұйымның тиімділігіне қатысты сын пікірлерді одан сайын күшейтті.

«Мен бар болғаны 7 айда 7 қақтығысты тоқтаттым. Мен секілді әлемде бірде-бір президент бейбітшілік үшін қолын қимылдатқан жоқ. Осы 7 айда БҰҰ-дан бір адам маған хабарласып, жәрдемдескен жоқ. БҰҰ бізге көмектескен жоқ. БҰҰ-ның потенциалы жоғары. Бірақ, ол өз потенциалын іске асырмай отыр. Мен мұның бәрін марапат үшін жасап жатқан жоқпын. Мен миллиондаған адамдардың өмірін сақтап қалғым келеді», - деді.

Трамп БҰҰ мінберінен: «Украинадағы соғысты тоқтатуға бар күшін салып жатқанын, бірақ ол ойлағанда соғысты 3 күнде тоқтату мүмкін емес екенін», - айтты. «НАТО мен ЕО елдері Ресейден энергетика көздерін сатып алуды дереу тоқтатуы керек», - деп сөйледі. Трамп әлемдік босқындар көші проблемасы туралы айтып, АҚШ-тың өз аумағындағы заңсыз ағылған босқындардың жолын кесіп жатқанын айтты.

Осылайша, Нью-Йорктегі Бас Ассамблеяның биылғы жиыны әлемдік саясаттағы басты қайшылықтар мен ортақ мәселелерді тағы да ашып берді. Тоқаевтың үндеуі жаһандық қауіпсіздікті сақтап қалу жолындағы нақты қадамдарға негізделсе, Ердоғанның сөзі бейбіт тұрғындардың тағдырын қорғауға арналды, ал Трамптың мәлімдемесі БҰҰ-ның бүгінгі беделіне қатысты өткір сын болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының мінбері тағы да әлемдік саясаттың айнасына айналып, әрбір көшбасшының ұстанымын айқын көрсетті.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар