Bloomberg басылымы Ресей билігінің Молдовадағы сайлауға қатысты құпия жоспарын жариялады. Ресей Молдовадағы сайлауға араласып, сайлау нәтижесіне әсер етуді, ыңғайы келсе бұрмалауды қалайды дейді басылым. Ресей билігі Молдованың ЕО-ға қосылу жоспарына да кері әсер етуді ойластыруда.

Bloomberg басылымының жазуынша, Молдоваға қатысты көп деңгейлі жоспар көктемде әзірленіп, Ресей билігінде мақұлданған. Басты мақсат 28-қыркүйекте өтетін сайлауда президент Майя Сандудың «Әрекет пен бірлік» партиясының жеңуіне жол бермеу, сол арқылы Сандуды биліктен түсіру болып саналады. Жарты жыл бұрын Молдовада президент сайлауы мен ЕО-ға қосылу бойынша референдум өтті. Ол сәтте ресейшіл күштер аз ғана көрсеткішпен жеңіліс тапты. Сарапшылар Ресейдің сайлау мен референдумға араласып, дауысты бұрмалағанын, қоғамдық пікірді өзгерту бойынша әрекет еткенін айтты.
Құжат бойынша Ресей тарапы шетелдегі молдавандарды, Ресейдегі молдавандарды Сандудың партиясына қарсы дауыс беруге, «сайлауда заңсыздық көп болды» деп ақпарат таратуға үгіттеу керектігі жазылған. Әлеуметтік желіде арнайы хэштегпен Молдова билігін қаралайтын мыңдаған жазбалар жариялануы тиіс.
Сайлау бірнеше күннен кейін өтеді. Ресей билігі жоспар бойынша әрекетті бастағаны немесе жоспардан бас тартқаны белгісіз. Алайда еуропалық сарапшылардың пікірінше Мәскеу жоспар бойынша әрекет ететін болады. Қазір Молдованың ұлттық қауіпсіздік қызметі жалған ақпарат тарату арналарымен күресуде. Тамыз айында Тик-Ток желісінде жалған ақпарат таратқан 443 арнаны бұғаттауға қатысты шешім шыққан.
Ел президенті Майя Санду былай дейді: «Кремльдің жоспары айқын. Ол дауыс беру жәшіктері арқылы Молдованы басып алуды қалайды. Артынша ол Молдованы Украинаға қарсы плацдарм ретінде қолданбақ. Сонымен бірге ЕО-ға қарсы гибридті шабуыл барысында да біздің аумақты қолдануды ойлайды. Міне, сол үшін де бұл сайлау өте маңызды. Бұл сайлауда біз әділдікті жақтай отырып аймақтық қауіпсіздік пен Еуропадағы тұрақтылықты да қолдаймыз», - деді.
Еуропа сарапшылары Ресей билігі сайлаулар арқылы өз ықпалын арттыруды басты стратегияның бірі еткенін айтты. Грузияда өткен сайлауда ресейшіл күштер жеңіске жетті. Ал Румынияда өткен сайлауда «Ресей билігі сайлауға араласты» деген ақпараттан кейін, сайлау нәтижесі жойылып, қайта сайлау тағайындалды. Румынияның бас прокуроры Алекс Флорента Ресейдің әрекеті жайлы айтып, «Мәскеу төрт компания арқылы әлеуметттік желіде жалған аккаунттар құрып, ЖИ боттар арқылы жазбалар жариялап, 1,3 млн аудиторияны қамти білді» деді.
Майя Сандудың пікірінше Ресей Молдованың ЖІӨ-нің 1 пайызына тең қаражатты Молдовадағы сайлауды бұрмалау үшін жұмсаған. Бұл шамамен 178 млн доллар деген сөз. 2024 жылғы сайлауда шетелдегі молдовандардың дауысы шешуші рөл атқарды. «Сол үшін де Ресей бұл жолы молдаван диаспораларының басшыларын сатып алуды ойластыруы мүмкін» дейді Bloomberg басылымы.
Telegram, TikTok, Facebook және басқа желілерде де жаппай аккаунттар ашылып, түрлі бұрмалаушы ақпараттар жариялануы мүмкін. Мысалы апта бұрын «Майя Санду Молдованы соғысқа итермелейтін Румыния қуыршағы» деген атаумен бірнеше бейнеролик жарияланды. Дауысты жаппай сатып алу әрекеттері де тіркелуде. 16-қыркүйек күні Молдова полициясы екі азаматтан 302 мың доллар тәркілеп, оларды тұтқындады. Олар сайлауда дауыс сатып алуды ойлаған. Ресей Молдовадағы спорттық клуб өкілдері мен жастарға қаржы төлеп, дауыс беру учаскелерінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруы да мүмкін деген болжам бар. Сандудың биліктен кетуін талап ететін митингтер де ұйымдастырылатын болады дейді мамандар.
Молдова билігі аталған арандатушы әрекеттердің барлығын қаперге алып, контрәрекетке көшкенін айтты.
Mezgil.kz