Әлем назары Нью-Йоркке ауды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 80-ші мерейтойлық сессиясы басталды.

(Суреттер: Ақорда телеграм арнасынан алынды)
Жыл сайынғы дәстүрлі жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысып, жаһандық мәселелер бойынша сөз сөйлейді. Бұл сапардың ерекшелігі – Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлін күшейтуімен қатар, елдің жаңа экономикалық және саяси қадамдарын айқындап беруінде.
НЬЮ-ЙОРК САПАРЫ: ҚАНДАЙ КЕЗДЕСУЛЕР ӨТТІ?
Президенттің жұмыс сапарының алғашқы күні қарқынды өтті. Әуелі Мемлекет басшысы Канададағы Cameco корпорациясының президенті Тим Гитцельмен жүздесті.
Бұл кездесу жай ғана іскерлік байланыс емес, Қазақстанның энергетикалық болашағына қатысты маңызды қадам болды. Себебі Cameco – еліміздің стратегиялық серіктесі әрі 500 миллион доллардан астам инвестиция құйған компания. Кездесуде Тоқаев Қазақстан алдағы жылдары үш атом электр станциясын салуды жоспарлап отырғанын атап өтті. Бұл бастама еліміздің энергия қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, жаңа технологиялық серпіліс әкелмек.
Энергетикадан кейін сөз цифрландыруға ойысты. Тоқаевтың Goldman Sachs Global Institute президенті Джаред Коэнмен кездесуі Қазақстан үшін аса өзекті тақырыптарға арналды. Президент Жолдауында жиі айтылатын цифрлық мемлекет идеясы енді Goldman Sachs-тың озық тәжірибесімен сабақтасуы мүмкін. Кездесу барысында қаржы платформалары мен жасанды интеллект жайы қозғалды. Бұл Қазақстанның қаржы жүйесін жаңа деңгейге шығарып, цифрлық экожүйені дамытуға серпін берері анық.
Сапардың білім саласына арналған бөлігі де назардан тыс қалған жоқ. Тоқаев әлемге танымал ETS компаниясының президенті Амит Севакпен кездесіп, білімді тестілеу жүйесін жетілдіру мәселесін талқылады. Жыл сайын 50 миллионнан аса тест дайындайтын ұйымның тәжірибесін Қазақстанда қолдану – білім сапасын арттырудағы нақты қадамдардың бірі.
Ал мәдени дипломатия бағыты бойынша Мемлекет басшысы Смитсон институтының өкілдерімен жүздесті. Тоқаев қазақ мәдениетін АҚШ-та белсенді түрде дәріптеп жүргендері үшін алғыс білдіріп, мәдени ынтымақтастық екі ел қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеретініне сенім артты. Смитсон орталығы – әлемдегі ең ірі мәдени, ғылыми кешендердің бірі, ал оның қолдауымен Қазақстанның бай рухани мұрасы халықаралық аренада кеңінен танылмақ.
БҰҰ-НЫ РЕФОРМАЛАУ: ҚАЗАҚСТАН НЕ ҰСЫНАДЫ?
БҰҰ-ны реформалау қажеттілігі туралы пікірлер соңғы жылдары жиі айтыла бастады. Бұл мәселені көтеріп жүргендердің бірі — Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Тоқаевтың айтуынша, қазіргі әлемде орта державалар бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды күшке айналуда. Сондықтан халықаралық жүйенің реформалануы, соның ішінде БҰҰ-ның тиімділігі мен бейтараптығын арттыру, уақыт талабына сай маңызды қадам болмақ.
«БҰҰ әмбебап ұйым ретінде адамзат үшін өте қажет. Себебі оның баламасы жоқ. Өкінішке қарай, ірі державалар әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты толық сақтай алмай отыр. Ал бүгінгі ахуал көптеген елді, соның ішінде Қазақстанды да алаңдатады. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымы реформалауды қажет етеді. Ірі державалар арасында ымыраластық болуы керек деп санаймыз. Олардың келісімге келе алмауы салдарынан Қауіпсіздік Кеңесі тығырыққа тірелді. Қазақстан сияқты орта державалар аймақтық деңгейде, сондай-ақ жаһандық кеңістікте бейбітшілік пен қауіпсіздікті ілгерілетуде өте маңызды рөл атқара алады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев осыған дейін.
Mezgil.kz