Баграм базасы: АҚШ Ауғанстанға қайта орала ма?

АҚШ президенті Ауғанстандағы Баграм базасын қайта бақылауға алуды ниет ететінін айтты. Базаны АҚШ әскері 2021 жылы Ауғанстаннан шығарылған сәтте тастап кетті. Трамп база мен әуежайды АҚШ бақылауына алу үшін тәлібтермен келіссөз жүргізуі мүмкін екенін білдірді. Баграм базасы стратегиялық маңызға ие нысан саналады.


42363222_605.jpg

 

Аталған ойды Трамп Ұлыбританиядағы сапары барысында айтты. АҚШ басшысы Трамп пен Ұлыбритания премьері Стармер баспасөз конференциясын өткізіп, тілшілердің сұрағына жауап берді.

 

Трамп былай дейді: «Бұл әлемдегі ең үлкен әскери әуежайдың бірі ғой. Біз оны оларға тегін бердік десек те болады. Қазір енді біз оны қайтаруға ниеттіміз. Біз бұл базаны қайтаруға тырысудамыз, ал тәлібтер бізден бірдеңе алғысы келеді. Біз бұл базаны қайтаруды ойлаудамыз. Бұл базаны қайтаруды ниет етуіміздің бір себебі, аталған базаға бір сағаттық жерде, Қытай аумағында ядролық қару жасалуда. Міне, бір себебі осы», - дейді. Трамп Джо Байденнің Ауғанстаннан әскерді шығаруын сынады. «Байден жүйесіз әрекет етті» дейді ол.

 

CNN басылымы Трамптың тапсырмасы бойынша АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік саласындағы мамандары Талибанмен байланыс орнатып, Баграм әскери әуежайын қайтаруды бірнеше ай бойы жоспарлап жатқанын жазды. Трамп әкімшілігі Баграм базасын АҚШ үшін маңызды стратегиялық нысан санайды. База Қытайға жақын шекаралас аймақта тұр. Базаны алу арқылы Ауғанстандағы сирек кездесетін металдарға қол жеткізуге болады. База Ауғанстандағы ДАИШ лаңкестеріне қарсы операцияларды өткізу үшін де маңызды болмақ.

 

Reuters басылымына есімін атамауды өтініп, пікір білдірген АҚШ шенеунігінің ойынша, Баграм базасын бақылауға алу өте қиын мәселе. Баграм базасын алу үшін «Талибанмен» келісім қажет немесе 2001 жылғы сценарий бойынша тәлібтердің режимін қайта құлатып, жаңа режим орнату керек. АҚШ Баграм базасын бақылауға алған күннің өзінде, базаға он мыңнан астам сарбазды орналастырып, базаны қайта модернизациялау және логистикалық тораптарды дамытуға млрдтаған доллар қажет болмақ.

 

Сарапшылардың пікірінше, базаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету о баста қиынға соқпақ. Талибанмен келісім жасасқан күннің өзінде, Ауғанстанда АҚШ пен тәлібтерге қарсы күштер жетерлік. Олардың ішінде ДАИШ лаңкестері де бар.

 

Баграм базасы өткен ғасырдың 50-ші жылдары салынды. 1976 жылы база маңында ұшу жолағы салынып, ұшақтарды қабылдау мүмкіндігіне ие болды. 1979-1989 жылдары Ауғанстанда болған соғыста аталған база КСРО-ның бақылауында болды. 2001 жылы АҚШ Ауғанстанда тәлібтердің режимін құлатып, 2002 жылы Баграм базасын өз бақылауына алды. 2021 жылы АҚШ әскері базаны тастап кетті. Трамп Джо Байденнің бұл шешімін «үлкен қателік» деп атады.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар