Украинаны қолдау: Трампқа арналған кешкі ас пен патшаның жалынды сөзі!

 

АҚШ президенті Дональд Трамп Ұлыбританияға мемлекеттік сапармен келді. Ол Ұлыбритания патшасы ІІІ Карлмен кездесіп, салтанатты кешкі асқа қатысты. Тараптар АҚШ пен Ұлыбритания арасындағы сауда қатынасын, экономикалық байланысты, тарифтер мәселесін және халықаралық жағдайды талқылаған.


63c0fa3cba22e6b9e1ee62799b7987f8_o.jpg

 

Дональд Трамп Виндзордағы сарайға тікұшақпен келді. Трамптың Ұлыбританияға мемлекеттік сапары екі күнге созылмақ. Бірінші күні ол патша әулетімен кездессе, екінші күні Ұлыбритания үкіметімен және кәсіпкерлерімен кездесу ұйымдастырмақ.

 

Трамп осыған дейін Ұлыбританияға мемлекеттік сапармен 2019 жылы келді. Аталмыш сапарда ол ІІ Елизавета патшайыммен кездесті. Бұл жолы да Трампты қарсы алу салтанаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Патша сарайына кіру алдында құрметті қонақты 1300 сарбаз сапқа тізіліп, қарсы алды. Түскі астан кейін Трамп пен оның жұбайы Мелания ІІ Елизавета патшайымның зиратына барып, гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті.

 

Артынша Трамп Виндзор сарайындағы негізгі іс-шараға қатысты. Трамптың келу құрметіне орай әуеде Ұлыбритания әуе күштерінің «Қызыл жебелер» ұшқыштар тобы F-35 ұшақтарымен ұшып өтті.

 

Сент-Джордж-холлда Трампқа арнайы арнайы кешкі ас ұйымдастырылды. Кешкі аста ІІІ Карл мен Трамп қысқаша сөз сөйледі. Ұлыбритания патшасы екі елдің тарихына тоқталып, тарихи оқиғалар жайлы айтты. АҚШ-тың тәуелсіздік үшін соғысы, құлдыққа қарсы күрес, бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстар сөз болды. Украина соғысы да назардан тыс қалмады.

 

«Бүгінгі күні Еуропаға тирания қайта қауіп төндіруде. Біз және біздің одақтастарымыз Украинаны барынша қолдап, агрессорды тоқтатып, бейбітшілікке қол жеткізуге тиіспіз», - деді патша. ІІІ Карлдың бұл сөзіне Трамп бас шұлғып, келіскендей ишара танытты. Сөз соңында патша Трамптың құрметіне тілек айтып, АҚШ-тың әнұраны қойылды. Салтанатты кешкі асқа қатысушы 160 адам әнұранды тұрып тыңдап, АҚШ басшысына құрмет көрсетті.

 

Патшадан кейін сөз алған Дональд Трамп Ұлыбритания мен АҚШ-тың арасындағы әріптестікке кеңінен тоқталған. Ол мәдениет пен өркениетке ағылшындардың қосқан үлесі жайлы айтқан. АҚШ басшысы қазіргі таңдағы әлемдік ахуалға тоқталмай, үстіртін сипаттап, әлемдегі аумалы-төкпелі кезеңде ағылшын тілді қоғамның мықты болу керектігін меңзеген.

 

Трамп бүгін Ұлыбритания премьері Кир Стармермен келіссөз жүргізеді. Тарифтік саясаттан бөлек, халықаралық мәселелер де талқыланады деп күтілуде. Соның ішінде Украина соғысы бойынша келісім жасау және Киевті Ресей агрессиясына қарсы күресте белсенді қолдау мәселесі талқы болмақ. Лондон болатқа салынатын 25 пайыздық тарифті азайтуды да талқылайды. Financial Times пен Telegraph басылымдарының жазуынша, Лондон үшін бұл өте өзекті мәселе саналады. Лондон сапарынан бір күн бұрын, Дональд Трамп АҚШ-тың Ұлыбританияға 42 млрд доллар инвестиция салатынын айтты. Инвестиция жасанды интеллект, ядролық энергетика салаларын қамтиды.


Сарапшылар Ұлыбритания билігі Дональд Трамптың Ресейге қатысты ұстанымын өзгертуге тырысатынын айтуда. 


Mezgil.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 



Ұқсас тақырыптар