Ресейді «нокдаунға» түсірген Украина: Қанша керек болса, сонша соғысамыз!

Украинадағы соғыс барған сайын жаңа сипат алып барады. Бір жағынан майдан даласында ұшқышсыз аппараттар оқ атып, жауды діңкелетсе, екінші жағынан экономикалық және дипломатиялық қысым да күшейіп келеді.

1758092399351031.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

Соңғы күндері Ресейдің мұнай инфрақұрылымына бағытталған украин дрондарының соққылары елдің өндірістік қуатына айтарлықтай зиян келтірді.

«Reuters» агенттігінің хабарлауынша, «Транснефть» компаниясы зауыттар мен порттарға жасалған шабуылдар салдарынан мұнай өндіруді қысқартуға мәжбүр болуы мүмкін екенін мұнай өндірушілерге ескерткен.

Жуырда Ресейдің ең ірі мұнай өңдеу орындарының бірі – «Киришский» зауыты зақымдалып, елдің өңдеу қуаты шамамен бестен бір бөлікке төмендеген. Балтық теңізіндегі Усть-Луга мен Приморск порттарының инфрақұрылымына да зиян келген.

ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ ЕҢ ЖЫЛДАМ САНКЦИЯСЫ

Бұл жағдайды Украина президенті Владимир Зеленский «ең жылдам санкциялар» деп атады. Оның ойынша, ресейлік мұнай-газдан түсетін табыс – Мәскеудің соғысты жалғастырудағы басты тірегі, сондықтан энергетикалық инфрақұрылымға соққы беру – әскери ғана емес, экономикалық тұрғыдан да тиімді қадам.

НАТО МЕН АҚ ҮЙДІҢ ӘСКЕРИ КӨМЕГІ

Сонымен қатар Батыс тарапынан да қолдау жаңа деңгейге шықты. Ақ үй жалпы құны 500 миллион доллар болатын екі қару-жарақ пакетін Украинаға жеткізуге келісім берді. Дональд Трамп әкімшілігі НАТО елдерін де шығынды бөлісуге шақырды.

Бұған қоса, жаңа «Priority Ukraine Requirements List» (PURL) тетігі іске қосылды. Бұл жүйе бойынша Украина өзіне ең қажет қару-жарақтың нақты тізімін ұсынады, ал НАТО мүшелері сол тізім бойынша көмектеседі: бірі қоймасынан қару береді, бірі қаржы жинап АҚШ-тан сатып алып жеткізеді. Сарапшылардың айтуынша, бұл тетік Киевтің қажеттіліктерін бұрынғыдан да жедел қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

ЕО-НЫҢ ЖАҢА САНКЦИЯЛАР ПАКЕТІ ӘЗІР БОЛДЫ

Әскери және экономикалық қысым күшейіп жатқан шақта Еуропа да Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакетін дайындауда. Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен таяуда 19-шы санкциялар пакетін ұсынатынын мәлімдеді. Ол криптовалюта, банк жүйесі және энергетика секторына бағытталмақ. Фон дер Ляйен Ресейдің әскери экономикасы қазба отыннан түсетін кірістер есебінен өмір сүріп отырғанын атап өтіп, ЕО-ның «ресейлік мұнай мен газдан бас тартуын жеделдету қажет» деді. Дегенмен Венгрия мен Словакия Мәскеудің мұнайына әлі тәуелді болғандықтан, бұл жоспардың жүзеге асуы тежеліп тұр.

САУАЛНАМА: УКРАИНА ХАЛҚЫ СОҒЫСТЫ ЖАЛҒАСТЫРУҒА ДАЙЫН БА?

Осы күрделі жағдайда украин қоғамының көңіл күйі де ерекше назар аудартады. Киев халықаралық әлеуметтану институтының соңғы сауалнамасына сәйкес, тұрғындардың үштен екісінен астамы қақтығысты қазіргі майдан шебі бойынша тоқтатуға дайын. Бірақ бұл Ресейдің түбегейлі тоқтайтынына сенім аз: респонденттердің жартысынан көбі Мәскеу бәрібір қайта шабуылдайды деп есептейді. Қоғамдық пікір соғыстың тез аяқталатынына күмәнмен қарайды: тек 18%-ы ғана бейбітшілік 2025 жылы орнайды деп ойлайды. Дегенмен халықтың 62%-ы қанша уақытқа созылса да шыдауға дайын, ал әскер қатарына баруға міндеттелмегендердің жартысынан көбі қажет болса қолына қару алатынын жеткізген.

Украина дрондар арқылы Ресейдің мұнай экономикасына соққы беріп, Батыс тарапынан жаңа қару-жарақ пен санкциялық қысым күшейіп, Еуропа энергетикалық тәуелділіктен құтылуға талпынып отыр. Ал соғыс қасіретін күнде сезіп отырған украин халқы бейбітшілікті армандағанымен, ұзақ күреске дайын екенін айқын көрсетті. Демек, майдан тек алғы шепте емес, мұнай нарығында, халықаралық саясатта және қоғамдық санада жүріп жатыр.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар