15 қыркүйек күні кешке Израильдің Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Газа секторында ауқымды құрлық операциясын бастады. Негізгі мақсат – «ХАМАС» қозғалысының инфрақұрылымын жойып, ұйымды түбегейлі әлсірету.

(Суреттер: aa.com.tr, apnews.com сайттарынан алынды)
Алдымен Израиль ӘӘК қалаға жаппай әуе соққыларын жасады. Артынша танктер мен жаяу әскер Газаның солтүстік бөлігіне кірді. «Әл-Жазира» дерегінше, израильдік бөлімдер аймақты бақылауға алуға ұмтылуда.
16 қыркүйек таңертең операцияның басталғанын Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац ресми түрде растады. Ол әскери қимылдарды «террористік инфрақұрылымға темір жұдырықпен берілген соққы» деп сипаттады.
Премьер-министр Биньямин Нетаньяху да «Израиль әскері Газа секторында қарқынды операция жүргізіп жатқанын» мәлімдеді.
Әскерилердің алдын ала мәліметіне сүйенсек, таяу күндері аймаққа қосымша күш жіберіледі. Операция басталмай тұрып-ақ, Израиль билігі палестиналықтарды Газадан эвакуациялауға шақырды. «Axios-тың» хабарлауынша, шамамен 300 мың адам оңтүстікке қарай көшкен, алайда тағы 700 мыңнан астам тұрғын қалада қалған.
АҚШ әкімшілігі операцияны тоқтатуға тырысқан жоқ. «The Jerusalem Post» жазғандай, Вашингтонның негізгі шарты – барлық жауапкершілікті Израиль премьер-министрі Нетаньяхудың мойнында болуы.
«Axios» дерегінше, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Израиль басшылығына президенттің қолдауын жеткізгенімен, құрлықтағы қимылдардың «мүмкіндігінше қысқа мерзімде аяқталуын қалаған».
Қазіргі таңда Газадағы жағдай ушығып тұр. Мыңдаған бейбіт тұрғын үйлерін тастап, гуманитарлық аймақтарға қашуда.
Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы комиссиясы тәуелсіз зерттеу жүргізіп, Израильдің Газа секторындағы операцияларын – «палестиналықтарға қарсы геноцид» деп мәлімдеді.
Комиссия: «Израиль Газа секторында Геноцид туралы конвенцияда геноцид әрекеттері деп көрсетілген бес әрекеттің төртеуін жасады», - деп санайды. Олар: палестиналықтарды өлтіру, оларға физикалық және психикалық жапа шектіру, адамдарды толық я жартылай жойып жіберуге әрекет жасау және бала тууды тоқтатуға әрекеттер жасау.
Израиль Сыртқы істер министрлігі комиссияның құжатын «ХАМАС-тың өтірігіне құрылған фейк есеп» деп атады.
Mezgil.kz