Украина 2025 жылдың 1-маусымында Ресей аумағында ауқымды операция өткізді. «Өрмек» (Тор) операциясы барысында Ресейдің 4 әуежайына дрондар шабуыл жасап, Мәскеу ондаған стратегиялық ұшағынан айырылды. Дрондар жүк көліктерінен ұшып шықты. Жүк көліктерінің жүргізушілері дрондар жайлы ақпаратты білмегенін айтуда. Жалпы шабуылда 5 жүк көлігі қолданылды. Жүк көліктерінің жүргізушілері басты күдіктілер ретінде танылды. Шабуыл барысында жүргізушілердің бірі дронның жарылуынан көз жұмды.

Economist басылымы Ресейге заңсыз жолмен 150-300 дрон кіргізілгенін жазды. Украинаның арнайы қызметі шабуылға ұзақ уақыт дайындалғанын айтты. Киев шабуылға арнап арнайы дрондарды әзірлегенін, жүк көлігіне арналған контейнер жасағанын, контейнерде дрондарды қуаттау жүйесі орнатылғанын жария етті. Украинаның Қауіпсіздік қызметі операция барысында Ресейдің 41 стратегиялық ұшағын жойдық деді. Оның ішінде А-50, Ту-95, Ту-22М3, Ту-160 ұшақтары бар. Ал НАТО сарапшылары шабуылда 12-18 ұшақ жойылды десе, осинтерлер 23 ұшақтың жойылғанын айтты.
Ресей билігі шабуылды растады. Алайда үстіртін ақпарат беріп, Мурманск пен Иркутск аймағында бірнеше ұшақтың зақымданғанын айтты. Ал Иванов, Рязань, Амур аймақтарындағы әуежайға жасалған шабуылды тойтара білдік деп мәлімдеді.
2 маусым күні Astra телеграм арнасы дрондар жасырынған арнайы контейнерді тасыған 4 жүк көлігінің жүргізушісі ұсталғанын айтты. «Медиазона» жобасы олардың аты-жөнін анықтап, мән-жайды білген.
Украина Ресейдің бес әуежайына соққы жасауды ойластырды. Бірақ, Амур аймағындағы «Украинка» әуежайына шабуыл жасау жоспары іске аспады. Аталған әуежайға шабуыл жасауға тиіс дрондар тиелген фурада өрт шығып, жолда жанып кетті. Фураны Челябинск аумағының тұрғыны Василий Пытиков тізгіндеген еді. Василий Пытиков өртенген фураны өшірмек болып, контейнерге кірген сәтте жарылыс болған. Жарылыстан Пытиков көз жұмды. Кейін ол жарылыстың видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарап кетті.
Иванов облысында дрон тиелген фураны әуежай аймағына әкелген 55 жастағы Михаил Рюмин ұсталды. Сот оған лаңкестік әрекетке қатысы бар деген айып таққан. Тамыз айында сот отырысы өтіп, Рюминді қараша айына дейін қамақта ұстау туралы шешім шықты. Құқық қорғаушылар Рюминнің кемі 10 жылға бас бостандығынан айырылатынын айтуда.
Иркутск облысындағы әуежайға шабуыл жасаған фураны 61 жастағы Андрей Меркурьев тізгіндеген болатын. Ақпарат көздері Меркурьевтің ұсталғанын айтуда. Оған қатысты сот ісі жалғасуда.
Мурманск облысында 56 жастағы Александр Зайцев ұсталды. Оған қатысты соттың алғашқы отырысы 25-маусымда өткен. Зайцевті қамау мерзімі ұзартылды. Сот ісі жалғасуда.
Astra телеграм арнасының мәліметінше, ұсталған төртінші адам Сергей Канурин есімді жүк көлігін жүргізушісі. Оның жасы 47-де. Оған қатысты да «лаңкестік шабуылға қатысы бар» деген айып тағылған. Сот ісі жалғасуда.
Сарапшылар күдікті деп танылып, қамауға алынған жүргізушілердің барлығы дерлік ұзақ жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтуда.
Mezgil.kz