The Economist: Путиннің мұнай империясын дрондар жұлмалап жатыр!

Ресейдің мұнай-газ саласының табысы құлдырау үстінде. Украина ресейлік МӨЗ-дерге және мұнай базалары мен газ станцияларына күні-түні соққы жасауда. Соңғы бір жарым айда Украина аталған шабуылды үдетіп, соққы жасаудың жаңа деңгейіне шықты. Тамыз айынан бастап Киев Ресейдің оннан астам МӨЗ-і мен мұнай қоймасына соққы жасап үлгерді. Сарапшылар бұл шабуылды «украин билігінің жаңа стратегиясы» деп атауда. The Economist мақаласын назарларыңызға ұсынамыз. 


Стали известны последствия массированной атаки дронов на РФ -  Korrespondent.net

 

Украина 5-қыркүйекке қараған түні Рязаньдағы мұнай өңдеу зауытына соққы жасады. Бұл көлемі жағынан Ресейдегі бесінші МӨЗ саналады. Оған дейін Киев 30-тамызда Краснодар және Сызрань аймағындағы екі МӨЗ-ді нысанаға алған болатын. Аталған мұнай өңдеу зауыттары Ресейдің әскери бөлімшелеріне жанармай жеткізумен айналысады.

 

Украина тарапы 2025 жылы Ресей аумағына шабуылды үдеткенін айтты. Шабуылдың 40%-ы МӨЗ-ге бағытталған. Қалған соққылар Ресейдің әскери бөлімшелеріне, штабтар мен әуежайларға, әскери қоймаларға, мұнай және газ жөнелту станцияларына жасалған. Сарапшылардың пікірінше Украина соңғы шабуылдар арқылы Ресей МӨЗ-дерінің кемі 20%-ын істен шығарған. Бұл Ресей күн сайын 1 млн баррель қуаттылықты жоғалтты деген сөз. Оның басым бөлігі жанармайға тиесілі.

 

Украина МӨЗ-дерге соққы жасау барысында шикі мұнайды жанармайға айналдыру құрылғыларын нысанаға алуда. Бұл зауыт жұмысын тоқтатып қана қоймай, Ресей нарығында жанармай тапшылығының артуына себепкер болуда. Ресейдегі жанармай бекеттерінде тапшылық байқалуда, ал жанармайдың тоннаға шаққандағы бағасы жыл басынан бері 54%-ға өскен. Кремль сыртқа жанармайды экспорттауды үзілді-кесілді тоқтатты.

 

Cоққы салдарынан мұнай және газ саласынан түсетін табыс азайып, Ресей бюджетіндегі дефицит артуда. 2025 жылдың алғашқы жеті айында дефицит көлемі 61,4 млрд долларға жетті. Берлиндегі Карнеги орталығының Ресей және Еуразия бойынша сарапшысы Сергей Вакуленконың сөзінше, Украинаның тамыз айындағы МӨЗ-дерге шабуылы бұрынғы шабуылдардан ерекше болған. Киев шабуыл ауқымын үдетіп, МӨЗ-дерге бір мезетте ондаған дронмен соққы жасаған. Бұған дейінгі шабуылдарда Украина екі-үш дронмен соққы жасайтын.

 

Вакуленко соғысқа дейін «Газпромның» Стратегия және инновация департаментін басқарған. Соғыс басталған сәтте, ол қызметінен кетті. Оның сөзінше қазіргі шабуылдар Ресей үшін зиянды және Путиннің әмиянына тура соққы жасалуда.

 

Украина Мәскеуге дейінгі аралықта МӨЗ-дерге соққы жасауда. Сарапшылар шабуыл күздегі егістікті ору науқанымен тура келгенін айтуда. Ресей халқының үштен бір бөлігі Мәскеудің батысында, яғни Украина дрондармен соққы жасап жатқан аумақта тұрады. Бұл жанармай тапшылығын тіпті арттырып, бағаны өсіруге тағы бір себеп болуда.

 

Қару саласының сарапшысы Елена Крыжановскаяның айтуынша, Украина Ресейді жаңа типтегі дрондармен атқылауда. Киев мамыр айында FP-1 дронын таныстырды. Дрон Ресей МӨЗ-дерін атқылауда қолданылуда. Қазіргі сәтте Украина күн сайын кемі 100 дана FP-1 дронын шығаруда.

 

Аталмыш дрон 120 келіге дейінгі жарылғышты алып ұшады. 1600 шақырымға дейін ұшатын дронның құны 50-55 мың доллар. Дрон әуе қорғаныс жүйелерін айналып өтуге қабілетті. Шабуылда сондай-ақ, «Лютый» дрондары да қолданылуда.

 

Сарапшы Лоуренс Фридманның ойынша Ресей МӨЗ-деріне шабуыл жалғасатын болса, онда Мәскеу жанармай дағдарысына тап болып, көршілес елдерден көмек сұрауға мәжбүр болмақ.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар