Кеше Парижде, Елисей сарайында Украинаға көмек бойынша «ниеттестер коалициясының» кезекті отырысы өтті. Шараға ЕО елдерінің басшылары мен Украина президенті Зеленский қатысты.

(Коллаж: Mezgil.kz)
Басқосуға АҚШ атынан президент Трамптың арнайы өкілі Стиф Уиткоф барып қатысқан. Ал басқосу онлайн және оффлайн форматта өтіп, оған 30-дан астам елдің басшы-қосшылары қатысқан. Жиын барысында «ниеттестер коалициясы» АҚШ президенті Доналд Трампқа телефон шалған.
Талқыланған басты тақырып – Украина берілетін қауіпсіздік кепілдіктері!
Негізгі талқыланған мәселе – бейбітшілік орнағаннан кейін Украинаға әр елдің беруге дайын қауіпсіздік кепілдіктері, Ресейге қысымды күшейту арқылы оны келіссөзге мәжбүрлеу және Украинаға көмекті арттыру болды.
Жиыннан соң БАҚ өкілдерінің алдына шыққан Франция және Украина президенттері ақылдасып-мақұлдасқан мәселелерге тоқталды.
ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛДІГІ: 26 ЕЛ УКРАИНАҒА ӘСКЕР ЖІБЕРУГЕ ДАЙЫН!
Президент Зеленскийдің сөзінше: Қазірдің өзінде 26 ел Украинаға әскер жіберуге немесе коалицияны теңізде, әуеде және киберкеңістікте қолдауға дайын.
Президент Макронның айтуынша: Бұл нақты «әскери жоспарлау құжаты» болып отыр, онда 26 елдің штаб бастықтары мен қорғаныс министрлері «әрекет етуге дайындықтарын растаған».
Ал АҚШ-тың коалицияға қосатын үлесі алдағы апталарда белгілі болады. Қауіпсіздік кепілдігі жөніндегі барлық келісімдер ұлттық парламенттерде ратификацияланады. Украинаның ЕО-ға мүшелігі қауіпсіздік кепілдіктерінің бөлек тармағына енгізілді.
Зеленскийдің айтуынша, Украина «Будапешт меморандумы» мен «Минск келісімдері» қайталанғанын қаламайды.
Кешелі-бері Батыс ақпараттық кеңістігінде әр елдің Украинаға қандай қауіпсіздік кепілдігін бере алатыны туралы деректер айтыла бастады.
ТҮРКИЯ – ТЕҢІЗДЕ, ҰЛЫБРИТАНИЯ МЕН ФРАНЦИЯ – ЖЕРДЕ ҚОРҒАЙДЫ!
«Радіо Свободаның» мәліметінше: Түркия Украина қауіпсіздігін теңізде қамтамасыз етуде жетекші рөл ойнайды. Ұлыбритания мен Франция – құрлықта, ал әуе кеңістігін көпұлтты контингент қорғайды.
Бейбітшілік орнағаннан кейін шамамен 10 ел (Ұлыбритания, Франция, Балтық және Солтүстік Еуропа елдері, Нидерланды, Австралия) Украинаға құрлықтағы әскерін жіберуге дайын.
Германия әзірге әскер жібермейді, бірақ әуе қорғанысына көмектесуге, зымыран өндірісіне және қару-жарақпен қамтамасыз етуге дайын.
Польша «логистикалық хаб» болуға келісіп отыр.
УКРАИНАҒА 25-30 МЫҢ ӘСКЕР ЖІБЕРІЛМЕК!
Отырыста Украинаның әуе қорғанысын жаңа форматта күшейту мәселесі талқыланды. Толығырақ мәлімет әзірге жоқ. Зеленскийдің айтуынша, «техникалық тұрғыдан көп нәрсе АҚШ-қа байланысты», сондықтан олардан сигнал күтіліп отыр.
Алдын-ала есептеулер бойынша, Украинаға жіберілетін еуропалық контингенттің саны 25-30 мың адамды құрайды. Бұл нақты бекітілген сан емес. Әскер саны ұлғаюы мүмкін. Әзірге 21 мемлекеттің 10-ы соғыстан соң өз әскери күштерін бітімгерлік миссиямен Украинаға жіберуге келіскен.
Батыс әскерінің Украинадағы нақты функциясы әлі келісілген жоқ: Ол ірі қалаларда (елдің орталығы мен батысында) орналасатын оқу-жаттығу миссиясы болуы мүмкін.
Сонымен қатар, еуропалық әскердің Ресей тарапынан болуы мүмкін арандатуға қалай әрекет ететіні де әзірге белгісіз.
ТРАМП ВЕНГРИЯ МЕН СЛОВАКИЯҒА ШҮЙЛІКТІ: РЕСЕЙ МҰНАЙЫНАН БАС ТАРТЫҢДАР!
Алдағы уақытта Украинадағы соғысты бейбіт реттеу бойынша: Зеленский мен Путиннің кездесуі, одан кейін Зеленский, Путин мен Трамп кездесуі, соңынан «төртжақты кездесу» (болжам бойынша еуропалықтармен) жоспарланған. Егер Ресей бейбітшілік жөніндегі нақты келіссөздерден бас тартса, Еуропа мен АҚШ қосымша санкциялар енгізеді. Уақыты нақты айтылмады.
«Reutersтің» дерегінше: Трамп Еуропаны Ресей мұнайын сатып алуды тоқтатуға және Қытайға қысым жасауға шақырған, себебі Қытай Ресейдің әскери машинасын қаржыландырып отыр.
Нақтысы: Трамп Венгрия мен Словакияға шүйлігіп, Ресейден мұнай мен газ сатып алуды тоқтатуды талап еткен.
ЗЕЛЕНСКИЙ: ЕО-ҒА МҮШЕЛІК – БІЗ ҮШІН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК!
Украина президенті Зеленский «ниеттестер коалициясының» отырысынан кейін Украинаға берілуі керек қауіпсізідк кепілдіктері жайлы бүйдеді: «Қауіпсіздік кепілдіктерінің ішінде біз ең алдымен көріп отырғанымыз — Еуропалық одаққа мүше болу. Бұл біз үшін міндетті экономикалық қауіпсіздік кепілдіктері, әрі саяси, әрі экономикалық, әрі геосаяси. Сондықтан қауіпсіздік кепілдіктеріне деген біздің көзқарасымызда бұл маңызды тармақ болып саналады және ол жеке тармақ ретінде енгізілді», - деді.
НАТО: ПУТИН ҰЗАҚ МЕРЗІМДІК СОҒЫСҚА ДАЙЫНДАЛУДА!
Ал НАТО Бас хатшысы Марк Рютте: «Путинді әсіре күшейтіп, одан теңдессіз басшы жасаудың керегі жоқ. Ол әрі кетсе, Техастың губернаторындай адам», - деді.
Ол сондай-ақ, Ресей мен Қытай ұзақ мерзімдік конфронтацияға дайындалып жатқанын айтты. Бейжің мен Мәскеу әскери өндірісті дамыту бойынша уағдаластыққа қол жеткізген.
Рютте: «Ресей жалпы бюджеттің 40 пайызын әскери өндіріске жұмсап отыр. Биылдың өзінде Ресей 1,5 мың танкі, 3 мың бронды көлік пен жүздеген «Ескендір» зымырандарын шығармақ. Сондықтан, Украинадағы соғыс аяқталғанның өзінде, Ресейден НАТО-ға төнген қауіп сейілмейді. Еуропа елдері барлау қызметтерінің болжауынша, Ресей алдағы 5 жылда ЕО-ға соғыс ашуы мүмкін. Шабуыл Балтық елдерінен басталады деп күтіледі», - деді.
Рютте сөзін: «Украинада Батыс елдерінің әскері бола ма, жоқ па, оны Мәскеу шешпейді», - деп түйіндеді.
Mezgil.kz