Ши төрағаның шақыруымен Қытайға сапарлап барған Ресей президенті Путин төңірегіне бірлі-жарым ақпарат құралдарын жинап, Ресей-Украина дағдарысын реттеу бойынша сұрақтарға жауап берді.

(Сурет: currenttime.tv)
Сол жиында сөз болған басты мәселе – Путин мен Зеленский кездесуі бола ма, жоқ па?
Путин бұл сұраққа былай деп жауап берді: «Жалпы мен мұндай кездесуді жоққа шығарған емеспін. Зеленскиймен жолығудан қашпаймын. Бірақ, бұл кездесудің қандай мәні бар? Одан нәтиже шыға ма? Күмәнім бар», - деді.
ПУТИН ЗЕЛЕНСКИЙДІ МӘСКЕУГЕ ШАҚЫРДЫ...
Ресей басшысы осы сөздері арқылы президент Зеленскиймен екіжақты немесе үшжақты кездесудің болып қалуы мүмкін екенін, бірақ соғыстың әлі жалғасатынын, өйткені кездесуден еш нәтиже шықпайтынын ашық айтты.
Путин «соғыс жақын арада аяқтала ма?» деген сұраққа: «Егер ақылға қонымды шешім айтылса, бұл қақтығысты тоқтатудың қолайлы нұсқасы туралы келісуге болады», - деді.
Путиннің бұл жауабы да екіұшты. Ресей басшысы Мәскеуге ыңғайлы шешім табылмаса, Кремль соғысты жалғастыратынын айтты.
Сөз арасында АҚШ президенті Трамптың соғысты тоқтатуға шын ниетпен кірісіп жатқанын айтқан Путин: «Дональд менен үшжақты немесе екіжақты кездесудің мүмкіндігін сұрады. Мен мұндай кездесуді ұйымдастыруға болатынын айттым. Зеленский дайын болса, Мәскеуге келсін», - деді Путин.
УКРАИНА: ПУТИН ЖҰРТТЫ АЛДАП ОТЫР...
Украина басшылығы осыған дейін Мәскеуді кездесу орны ретінде қарастыруға болмайтынын айтқан.
Украина Сыртқы істер министрі Андрей Сибига Путиннің «бітімсіз бітім» һәм Украина еш уақытта қабылдамайтын ұсыныстарды талап етіп қойып отырғанын айтты.
«Дәл қазір кем дегенде 7 мемлекет Украина мен Ресей басшыларының кездесуін өткізуге дайын. Австрия, Қасиетті Тақ (Ватикан), Швейцария, Түркия және Парсы шығанағының үш мемлекеті. Бұл маңызды ұсыныстар және президент Зеленский кез келген уақытта мұндай кездесуге дайын», - деп жазды Сибига.
«Алайда Путин мүлде ақылға қонбайтын ұсыныстар ұсайтып, жұртты алдауын жалғастыруда. Сондықтан, Ресейге қысымды күшейту ғана оны шын мәнінде бітімге мәжбүрлей алады», - деді Украина СІМ басшысы.
Германия канцлері Фридрих Мерц пен Швейцария президенті Карин Келлер-Зуттер да Зеленский-Путин кездесуі туралы пікір білдіріп, қос елдің басшыларына кездесу өткізуге ең тиімді орын – Женева екенін айтты.
ЗЕЛЕНСКИЙ: ПУТИН КЕЗДЕСУДЕН ЖАЛТАРУДА...
Ал Украина президенті Зеленский Данияға сапарлап барып, Путиннің кездесуден жалтарып отырғанын мәлімдеді.
«Путин кездесуден жалтарып отыр. Мен бұл туралы президент Трамппен сөйлесемін. Егер мұндай кездесу болмайтын болса, онда бізге көмек беріңіздер. Ресейге санкция салыңыздар. Біз Путинмен кездесуге дайын екенімізді әлдеқашан айттық», - деді.
ТРАМП: ЗЕЛЕНСКИЙ МЕН ПУТИН КЕЗДЕСУГЕ ДАЙЫН ЕМЕС!
АҚШ президенті Трамп Зеленский мен Путиннің кездесуіне қатысты «CBS News-ке» берген сұхбатында сөз етті.
Трамп: «Зеленский мен Путин қазір кездесуге дайын емес. Бірақ, жақын арада бірдеңе болады. Біз мұны жасаймыз», - деді.
Трамп Ресей-Украина қақтығысын тоқтату «оңай» болады деп ойлағанын, бірақ «жағдай әлдеқайда күрделі болып шыққанын» айтты.
Mezgil.kz