Сібір күші: Еуропадан айырылған Ресей, Қытайдың құшағына енуде!

Қытай мен Ресей ұзақ жылдық келіссөздерден кейін «Сібір күші-2» газ құбырын салу бойынша келісті. Ресей аталған құбыр арқылы Қытайға газ сатуды арттырмақ. Мәскеу Еуропаға сататын газды енді Қытайға бағыттауға ниетті. Ресейлік мамандар «Солтүстік ағын», «Солтүстік ағын-2» газ құбырларын «Сібір күші-1», «Сібір күші-2» құбырлары алмастырады деп санайды.


 

Ресей президенті Владимир Путин мен Қытай төрағасы Си Цзиньпин келіссөз барысында энергетика саласындағы әріптестікті дамытуға уағдаласты. «Сібір күші-2» газ құбырын салу идеясының талқы болғанына бірнеше жыл өтті. Осы жолы ресейлік «Газпром» «Сібір күші – 2» газ құбырын салу бойынша Қытаймен меморандумға қол қойды. Жоспар бойынша Ресей аталған құбыр арқылы Қытайға жыл сайын 50 млрд куб газ жеткізбек. Сонымен бірге, «Сібір күші-1» құбыры арқылы газ жеткізуді 8 млрд кубқа арттырмақ.

 

Ресей мен Қытай арасындағы келісім толық іске асатын болса, 2030 жылдан бастап Ресей Қытайға жыл сайын 38 млрд куб газдың орнына 110 млрд куб газ жеткізетін болады. Бұл Қытайдың нарығындағы газдың 40 пайызы ресейлік газ болады деген сөз. Соғысқа дейін Ресей Еуропа нарығына басты газ жеткізуші ел болды. Алайда Украина соғысына байланысты Ресей Еуропаны газбен бопсалауға тырысты. Қазіргі сәтте Еуропа елдері ресейлік газдан бас тарту үстінде. Бейжің Еуропаның бұл мысалын ескеріп, ресейлік газға толық тәуелді болудан қашқақтауда және өзге мемлекеттерден де газ алып, балама ресурс қорларын іздестіруде.

 

Әзірге Ресей мен Қытай арасында нақты келісім жасалған жоқ. Тек меморандум бар. Сәйкесінше, газдың құны, келісімнің мәні жайлы айтуға әлі ерте. Дей-тұра Қытай билігі ресейлік газды жеңілдікпен алуға ниетті. Мәскеудің қиын жағдайда екенін ескерген Бейжің, Ресейден қосымша жеңілдік сұрауда. Болашақ келісімшарттарда да газ бағасы жеңілдікпен сатылуы мүмкін дейді сарапшылар.

 

Путин Ресейді энергетикалық державаға айналдыруды ойлайды. Бұл туралы ВВС басылымы жазды. Мәскеу мұнай мен газды көбірек өндіру арқылы бюджетін толтырып, әскерін модернизациялауды қалайды. Алайда Кремльдің бұл жоспарына батыстық санкциялар мен Украинаның ресейлік энергоресурс көздеріне соққы жасауы кедергі болуда. Киев Ресейдің мұнай-газ өңдейтін зауыттарына соққы жасап, құбырларын ұдайы атқылап келеді. Соғыс басталған сәттен кейін ресейлік «Газпром» алғаш рет пайдадан қағылып, шығынға батқанын айтты.

 

Ресей Еуропа нарығын жоғалтуда. Ресейлік газды Еуропада АҚШ, Әзербайжан және Катардың сұйытылған газы алмастыруда. Ресейдің газын көп көлемде сатып алатын бір ғана ел қалды. Ол - Қытай. Осы ретте Ресей Қытайға тәуелді елге айналу үстінде. Сарапшылар «Сібір күші-2» газ құбыры 5-8 жылда салынып бітуі мүмкін деп санайды. Алайда бұл құбыр Еуропа нарығынан түскен пайданы алмастыра алмайды. 2019 жылы Ресей Еуропа мен Түркияға 165 млрд куб газ жеткізді. Ал «Сібір күші – 1», «Сібір күші-2» құбыры толық іске қосылып, барлық қуаттылығымен газ жөнелткен күннің өзінде жөнелтетін газ көлемі 110 млрд кубты құрамақ. Сарапшылар бұл қуаттылыққа жету үшін Ресейге кемі 15 жыл қажет болатынын айтуда.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар