Молдова соңғы жылдары Мәскеудің ықпалынан құтылуға біршаматырысқанымен, ел ішінде саяси қысым күшейіп отыр.

(Сурет: dialog.ua)
Ресейшіл партиялар мен оппозициялық саясаткерлер күзгі саяси науқан қарсаңында Кишинев билігіне қысымды күшейтуде.
Біз бұған дейін Молдовада ресейшіл күштердің соңғы сайлауда жеңілгені туралы жазған едік. Дегенмен елде Мәскеуге жақын күштер мен сепаратистік аймақтар әлі бар. Соның бірі — Гагаузия. Бұл аймақ Ресейшіл ұстанымымен белгілі. Жуырда оның басшысы Евгения Гуцул сотталып, жеті жылға түрмеге қамалды. Оған «Шор» партиясын Ресей арқылы заңсыз қаржыландырды деген айып тағылып, 2025 жылдың тамызында Буюкан аудандық соты үкім шығарды.
КСРО ыдыраған тұста Приднестровьеге әскер кіргізіліп, Мәскеудің әскери ықпалы орнаған еді. Сол ықпал әлі күнге дейін сақталып келеді. Бұл аймақты Ресей іс жүзінде Молдовадан бөліп алып, жеке билеп отыр. Батыс елдері мұндай әрекеттерді «Молдованың тәуелсіздігіне қауіп» деп бағалап, Кишиневті қолдауын жалғастыруда. Бірақ Мәскеу үшін Молдова — геосаяси тұрғыда аймақтағы тағы бір «қақпа» іспетті. Сондықтан қақтығыстар мен саяси текетірес әлі де жалғасуы мүмкін.
Молдова соңғы жылдары Шығыс пен Батыстың арасындағы қақтығыстың ортасында қалды. Мәскеу бұл елді өз ықпал аймағында ұстап қалуға бар күшін салып жатса, ресми Кишинев керісінше Еуропаға қарай бет бұрды. Бұл тек Молдованың ғана емес, тұтас аймақтың тағдырына әсер ететін күрделі процесс болып отыр.
МОЛДОВАДАҒЫ САЙЛАУ: МӘСКЕУ МАЯ САНДУДЫ КЕТІРУГЕ КҮШ ЖҰМСАМАҚ
Келесі айда өтетін парламенттік сайлау Молдова үшін шешуші сын болғалы тұр. Президент Мая Санду бұған дейін Ресейдің сайлау науқанына бұрын-соңды болмаған деңгейде араласуға дайындалып жатқанын ескерткен.
Кремльдің жоспары айқын: Молдованы Еуропадан алыстатып, өзіне ыңғайлы билікті орнату. Осы мақсатқа жүздеген миллион доллар бөлініп, бір бөлігі сайлаушыларды сатып алуға, ал бір бөлігі парламентте Мәскеуге бағынышты көпшілікті қалыптастыруға жұмсалмақ.
Бұл жоспардың артында Кремль әкімшілігінің ықпалды тұлғасы Сергей Кириенко тұр. Бұған дейін Молдова бағытына жауапты болған Дмитрий Козак істен шеттетіліп, билікті өзгертуге бағытталған операцияны енді Кириенко тобы қадағалап отыр.
РЕСЕЙ МОЛДОВАНЫ УКРАИНАҒА ҚАРСЫ ПЛАЦДАРМҒА АЙНАЛДЫРҒЫСЫ КЕЛЕДІ
Мәскеудің есебі бойынша, бұл тек Молдованың ішкі саясатына ғана емес, Украина мен бүкіл Еуропа қауіпсіздігіне де ықпал етеді. Молдованы өз мақсатына бағындырудың ең қауіпті тұсы – оны Украинаға қарсы плацдармға айналдыру жоспары.
Деректерге қарағанда, Ресей Приднестровьеге бір жылдың ішінде ондаған мың сарбаз жеткізуді, қару-жарақ пен оқ-дәріні жасырын тасымалдауды көздеп отыр. Бұл мақсатта Кишинев әуежайы мен Бельцы қаласындағы ұшақ қабылдау орындары пайдаланылуы мүмкін.
Тіпті Мәскеудің 18 ай ішінде Одессаның батыс бөлігін басып алу операциясын жоспарлап отырғаны туралы ақпарат бар.
СЕПАРАТИСТІК АЙМАҚТАР – КИШИНЕВТІҢ БАС АУРУЫ
Молдова үшін бас ауруына айналған тағы бір мәселе – сепаратистік аймақтар. Солардың бірі – 1990 жылы бөлініп шыққан Приднестровье. Бүгінде бұл аймақта 200 мыңнан аса Ресей паспортын ұстағандар тұрады және ол Мәскеудің Молдоваға қысым жасау тетігі болып отыр.
Екіншісі – Ғағауызия. Оңтүстікте орналасқан бұл автономияның қазіргі басшысы Евгения Гуцул Кремльге адалдығымен танымал. Ол жақында «Шор» партиясын заңсыз қаржыландырды деген айыппен жеті жылға сотталды. Дегенмен аймақ әлі де Мәскеудің саяси тірегі болып қала беруде.
КИШИНЕВТІҢ РЕСЕЙШІЛДЕРМЕН КҮРЕСІ ЖАЛҒАСУДА...
Молдова билігі ресейшіл күштерге қарсы соңғы жылдары қатаң шаралар қолдана бастады. Әсіресе «Шор» партиясы мен оның көшбасшысы Илан Шор негізгі нысанға алынды. Шор сырттай 15 жылға сотталып, шетелде жасырынуда. Партия мүшелері де бірінен соң бірі қамауға алынды. Осының нәтижесінде ресейлік БАҚ жұмысы шектеліп, ақпараттық кеңістік тазартылып жатыр. Бұл қадам Мәскеудің ел ішіндегі үгіт-насихат мүмкіндіктерін әлсіретті.
Алайда саяси майдандағы тартыс жалғасуда. Өткен жылы Молдова ТМД-дан шығатынын мәлімдеді. Парламент ондаған келісімнің күшін жойып, Мәскеумен стратегиялық серіктестікті тоқтата бастады. Президент Мая Санду бұл қадамды «елдің болашағы Еуропамен байланысты» деп түсіндірді. Оның бастамасы ЕО тарапынан қолдау тапты.
Өткен президенттік сайлау мен ЕО-ға қосылу жөніндегі референдум Молдованың нақты бағытын көрсеткендей болды. Сайлауда Мая Санду жеңіске жетіп, екінші мерзімге қайта сайланды. Ал референдумда еуропалық интеграцияны қолдағандар небәрі аз ғана басымдықпен – 50,28 пайызбен жеңді. Бұл қоғамның әлі де екіге жарылғанын білдіреді: бір бөлігі Еуропаны таңдаса, екіншісі Ресейге сенім артады.
Осылайша Молдова тарихи кезеңге аяқ басты. Мәскеу ел ішіндегі сепаратистік аймақтар мен қаржылық құралдарды пайдаланып, билікті өзгертуге ұмтылып отыр. Ал Кишинев Еуропаға қарай батыл қадам жасап, орысшыл күштерге қарсы күресті күшейтті.
Молдова тағдыры тек бір мемлекеттің ғана емес, бүкіл аймақтың болашағына әсер етеді. Өйткені Мәскеу Молдованы бақылау арқылы Украинаны қыспаққа алғысы келеді. Ал Санду бастаған билік бұл жоспарды бұзып, Еуропамен бірігуді көздейді. Алда Молдованы үлкен сынақтар күтіп тұр. Елдің қай бағытты таңдайтыны – тек оның азаматтарының ғана емес, Еуропаның да қауіпсіздігі үшін шешуші мәнге ие болмақ.
Mezgil.kz