Шыны керек, қазір Қазақстан мен Қытайдың әр жақтылы байланысы күн санап жоғары деңгейде дамып келеді. Екі мемлекет басшылары әр рет кездескен сайын қос елдің тағдыр шешті мәселелеріне назар аударып, бір қатар келісімдерге қол қояды.

(Суреттер: chinadaily.com.cn, zakon.kz)
Осы аптада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға іссапармен барып, ШЫҰ саммитіне қатысты. Осыға орай Қытайдың «China Daily» сайты Қазақстан Президентінің арнайы мақаласын жариялады.
«Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас ғасырлар бойы көршілік негізінде қалыптасып, әрдайым өзара сенімге, қолдауға және түсіністікке негізделіп келеді. Бүгінде бұл тарихи достық стратегиялық әріптестіктің және мемлекетаралық ынтымақтастықтың үлгісіне айналды. Бізді 1700 шақырымнан астам бейбіт әрі тату көршілік шекара байланыстырады.
Бұл берік рух елдер арасындағы жоғары деңгейдегі өзара сапарлар мен тығыз саяси диалог арқылы нығая түсуде. Жаһандық деңгейдегі көрнекті саясаткер – Президент Си Цзиньпиннің көреген басшылығымен Қытайдың қазіргі таңдағы қарқынды дамуы көршілеріне, соның ішінде Қазақстанға да айтарлықтай пайда әкеліп, бірегей мүмкіндіктер ұсынып отыр», - делінген мемлекет басшысының мақаласында.
Сонымен бірге Қ.Тоқаев екі елдің ортақ сапары барысында жаңа әрі болашағы зор кезеңге қадам басқан сәтте сыннан өткен серіктестігіміздің беріктігі мен тереңдігіне ой жүгірту маңызды екенін, соңғы жылдары қос тарап ортақ болашаққа деген көзқарастың және барлық саладағы ынтымақтастықтың күшеюінің арқасында жаңа серпінге куә болып келе жатқанын атап өтті.

(Сурет: Сайт скрині)
«Әлемдік экономикалық сын-қатерлерге қарамастан, біздің елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық байланыстар қарқынды дамып келеді. 2024 жылы екіжақты сауда тарихи рекордқа жетіп, 44 миллиард АҚШ долларын құрады. Осылайша Қытай Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық серіктесі мәртебесін нығайтты. 2005 жылдан бері Қытай кәсіпорындары Қазақстанға 27 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция салып, бүгінде елімізде шамамен 6 мың компания жұмыс істеп жатыр. Олар технологиялық прогресс пен өнеркәсіптік жаңғыртуда маңызды рөл атқаруда. Қазақстан мен Қытай тағдыры ежелгі Жібек жолы дәуірінен бері тоғысып келеді. Қазір біз осы мұраны жаңа көлік дәліздерін дамыту арқылы жалғастырудамыз», - деп атап көрсетті ол.
Ел басшысының аталған мақаласында екі елдің заманауи сауда және көлік желісі туралы да сөз болды. Қазақстанның Еуразиядағы маңызды транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайтып, Қытай экономикасының берік сенімділігін көрсету алға қойылды.
«Біздің бірлескен күш-жігеріміздің жарқын мысалы – Транскаспий халықаралық көлік бағыты немесе Орта дәліздің жедел дамуы. Ол Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасындағы жүк ағынын үздіксіз қамтамасыз ететін ең қысқа әрі тиімді жол болып отыр. 2024 жылы Достық-Мойынты теміржол желілерінің қосымша іске қосылуы Қытай – Еуропа бағыты бойынша Қазақстанның транзиттік әлеуетін бес есеге арттырады. Өткен жылы біз қытайлық серіктестерімізбен бірге Сиань қаласында сауда және логистика орталығын ашып, байланысымызды одан әрі күшейттік», - деп жазды Қ.Тоқаев.
Ал мұнай-газ саласы екі елдің экономикалық байланысының басты тіректерінің бірі болып қала беретіні, оған Қазақстан – Қытай мұнай құбырының кеңеюі, сондай-ақ мұнай өңдеу және мұнай-химия зауыттарының жаңғыртылуы мен құрылысы кіруі хақында да айтулы шешімдер ортаға салынды.
«Дипломатиялық тұрғыда Қазақстан мен Қытай Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) аясында тығыз жұмыс істеп келеді. ШЫҰ Еуразиядағы көпжақты ынтымақтастықтың негізгі тетігіне айналып, тұрақтылықты, экономикалық өсуді және мәдени алмасуды қамтамасыз етуде. Құрылтайшы елдер ретінде Қазақстан мен Қытай ұйымның аймақтық өркендеуге бағытталған күн тәртібін жүзеге асыруда бірлесе еңбек етті. Қытайдың төрағалығы кезеңінде ШЫҰ өңірлік қауіпсіздікті күшейтуге, экономикалық интеграцияны тереңдетуге және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға айрықша назар аударды. Бұл басымдықтар Қазақстанның аймаққа қатысты көзқарасымен толық үндес».
Қасым-Жомарт Тоқаев мақаласында Қазақстан мен Қытай тарих тоғысында тұрған сәтте, екі мемлекет бір-біріне өзара құрмет көрсетіп, ортақ көзқарас арқылы ынтымақтастықтың жаңа жетістіктеріне бірге қол жеткізіп, екі елге де нақты пайда әкелетініне, сондай-ақ аймақтық және жаһандық өркендеуге үлес қосатынына сенімділік танытты.
Mezgil.kz