Ресейдің әскери шығыны артуда. Бюджеттен бөлінетін қаражаттың басым бөлігі қорғаныс және қауіпсіздік саласына жұмсалуда. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Ресейдің бюджеттік әскери шығыны 8,484 трлн рубльге жетіп, жаңа рекорд орнатты. Бұл туралы Қаржы министрлігінің ақпаратына сүйене отырып, Халықаралық қауіпсіздік институтының сарапшысы Янис Клюге айтты. Аталған институт Германияда орналасқан, ал Клюге әскери шығындарды есептеу бойынша сарапшы саналады.

2025 жылдың бірінші жартысындағы әскери бюджеттік шығын 2024 жылдың бірінші жартысындағы әскери бюджеттік шығынмен салыстырғанда 31%-ға артқан. Ал 2023 жылдың қаңтар-маусым айымен салыстырғанда 95%-ға артып отыр. Ал соғыстың бірінші жылының 6 айымен салыстырғанда 3,5 есеге көбейген.
Әскери бюджет күн сайын орта есеппен 46,9 млрд рубльді соғысқа жіберуде. Бұл кей ресейлік аймаққа бір жылда бөлінетін қаржыдан да көп деген сөз. Мысалы Қалмақияға жылына 28 млрд рубль, Қарашай-Шеркес аймағына 30 млрд рубль, ал Алтай республикасына 43 млрд рубль бөлінеді.
Қазынадан әскери шығынға бөлінетін қаржы көлемі де артқан. Мысалы өткен жылы ол 35% болса, биыл бұл көрсеткіш 41,2% болды. Екінші жарты жылдықта тағы 39,8% бөлінеді деп жоспарлануда. Бюджеттік кірістің 50,1% қаңтар-наурыз айларында соғысқа бөлінді, ал маусым соңында тағы 48,2% қаржы бөлінген. Бір сөзбен айтқанда, Ресей билігі федералдық қазынаға түсетін салықтың әр екінші рублін соғысқа жіберуде.
Ресей әскерінің үштен екі бөлігі құпияландырылған. Яғни, қаражаттың 62%-ы қайда, қай салаға бөлінгені белгісіз. Ашық дереккөздер бойынша жарты жылда 3,2 трлн рубль қаражат бөлінсе, құпияландырылған бап бойынша 5,2 трлн рубль қаражат бөлінген. Соғыс барысында әскери бюджеттің құпия бөлігі 41%-ға артты. Сөйтіп 2022 жылмен салыстырғанда құпияландырылған бюджет көлемі 4 есеге көбейген.
2022-2024 жылдары Ресей үкіметі әскер мен қорғаныс өнеркәсібі саласына 20 трлн рубль жұмсады. Ал 2025 жылдың бюджетіне 13,5 трлн рубль «ұлттық қорғаныс» бабы бойынша әскери салаға бөлінген. Бұл барлық бюджеттік шығынның 30% деген сөз. КСРО құлағаннан кейін, дәл осындай көлемде қорғаныс саласына қаржы бөлінген емес.
Жалпы ұлттық қауіпсіздік деген желеумен ІІМ, Ресей гвардиясы, Тергеу комитеті мен арнайы қызмет, әскерді қоса алғанда бюджеттің 40% күштік салаға жұмсалуда. Бұл Ресейдің ЖІӨ-нің 8% деген сөз. Алайда аталған көрсеткіш белгілісі, белгісіз тұстары да бар. Оны есепке алса, ресейлік бюджеттің тең жартысы қорғаныс және қауіпсіздік саласына бөлінген болып шығады.
Ресей билігі 2025 жылы Украинамен келісімге келіп, соғысты аяқтаса да, 2026 жылы әскери шығын көлемі азаймақ емес. Себебі 2026 жылға қорғаныс саласының кешендері қару-жарақ шығаруға тапсырыс алып қойған. Ресей тек 2027 жылдан бастап қорғаныс бюджетін азайта бастауы мүмкін.
Сарапшылар Ресейдің әскери салаға бюджетті тым көп бөлуі әлеуметтік саланы «өлтіретінін» айтуда. Соның ішінде денсаулық саласы мен білім саласы артта қалып, әлеуметтік қолдау кенжелеп қалмақ дейді олар.
Mezgil.kz