Ресейге жасалған шабуыл: Мұнайсыз қалған Венгрия, мұңайған Орбан!

Украина  21-тамызда Ресейдің кезекті мұнай құбырына соқққы жасады. Бұл жолы Брянск облысындағы «Унеча» станциясына дрондар шабуыл жасаған. Аталған станция «Дружба» құбырының басты жөнелту орталығының бірі саналады.


Украинский Генштаб признал атаку на нефтепровод «Дружба» | Москва |  ФедералПресс

 

Шабуылдың болатынын Украинаның дрондар әскерінің қолбасшысы, «Мадияр» лақап атымен танымал Роберт Бровди мәлімдеді. Ол өзінің телеграм парақшасына «48 сағатқа жөндеуге жабылады» атты хабарлама қалдырды. Артынша аталған құбырға соққы жасалғаны белгілі болды. Шабуылды Венгрияның СІМ басшысы Петер Сийярто растады. Ол «Дружба» құбыры арқылы мұнай жөнелтудің тоқтағанын айтты.

 

Айдың басынан бері Брянск облысының Унеча ауданындағы Высокое ауылында орналасқан станция төртінші рет шабуылға ұшырады. 6-тамыз күні кемінде бір дрон нысан аумағына соғылып, өрт шықты. 12-тамызда Украина қарулы күштері станцияға HIMARS зымырандарымен соққы беріп, соның салдарынан станциядағы сорғылар мен құбыр жүйесі зақымданды. Сондай-ақ жөндеу шеберханасының ғимараты өртеніп, мұнай қоймаларының бірінің шатыры жанды. Сол кезде станциядан жеті адам эвакуацияланып, өрт сөндіру барысында бір өрт сөндіруші жарақат алды.

 

13-тамызға қараған түні нысан тағы да дрондардың шабуылына ұшырады. Жергілікті тұрғындар өрттен шыққан қызыл жалынды көргенін хабарлады. Бұдан бөлек, 18-тамызда Украина қарулы күштері Тамбов облысындағы «Дружба» мұнай құбыры жүйесіне кіретін «Никольское» мұнай жөнелту станциясына соққы жасады. Шабуыл нәтижесінде магистраль арқылы мұнай жіберу толығымен тоқтатылды. Артынша Венгрия мен Словакия Ресей мұнайынсыз қалғанын айтып, мұңын шақты.

 

Венгрия СІМ басшысы Сийярто 14-тамызда «Унеча» станциясына жасалған соққыларға байланысты жеткізілімдердің тоқтағанын мәлімдеді, ал 18-тамызда Словакиядағы құбыр операторы «Дружба» құбыры арқылы мұнай жіберудің тоқтатылғанын хабарлады. Алайда 20-тамызға қарай Венгрия мен Словакияға мұнай жеткізу қайта жанданды.

 

«Біз Украина енді біз үшін өмірлік маңызы бар құбырға шабуыл жасамайды деп үміттенеміз. Бұл – біздің соғысымыз емес. Венгрия оған араласпауы тиіс!» – деп атап өтті Сийярто. Өз кезегінде Словакияның экономика министрі Денис Саков құбырдың тез арада қайта іске қосылғанын атап өтіп, жеткізілімнің уақытша тоқтауы елге барынша аз шығын әкелді дейді. Венгрия теңізге тікелей шыға алмайтын ел болғандықтан, мұнайды негізінен құбыр арқылы алады. Оның басты мұнай көзі Ресей саналады. Балама бағыты ретінде Хорватиядағы Омишаль порты арқылы Адрия мұнай құбырын (JANAF) айтсақ болады. Алайда ол құбырдың мұнайы Ресейдің мұнайымен салыстырғанда қымбат және көлемі шектеулі. Сол үшін Венгрия ресейлік мұнайға басымдық береді. Венгрияның ірі мұнай өңдеу зауыты – Szаzhalombatta MOL зауыты, ол «Дружба» құбырына тәуелді.

 

Ресей Қорғаныс министрлігінің деректері бойынша, 21-тамыз кешінен бастап Ресей аумағында 54 украин дроны атып түсірілген. Оның ішінде 19-ы – Брянск облысында, 11-і – Волгоградта, 8-і – Ростовта, 7-і – Воронежде, 3-тен – Белгород пен Орёл облыстарында, 2 – Курскіде және 1 – аннексияланған Қырымда.

 

Украина Ресейдің мұнай қоймалары мен жанармай терминалдарына, мұнай өңдеу зауыттарына соққы жасап келеді. Киев Ресейдің экономикасы үшін мұнай мен газдың аса маңызды екенін айтып, Кремльдің негізгі қаржы көзіне нұқсан келтіру стратегиясын таңдағанын мәлімдеді. 


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар