АҚШ пен Венесуэланың арасындағы шиеленіс артуда. Вашингтон Венесуэла жағалауына үш эсминец кемесін жіберді. Аталған кемелер Aegis зымырандарымен қаруланған. Бұл туралы Reuters басылымы мәлімдеді. Кемелер аймаққа жеткен сәтте, есірткі тасымалдайтын картельдерге қарсы әрекет ететін болады. USS Gravely, USS Jason Dunham, USS Sampson кемелерінің қатысуымен арнайы әскери операциялар да іске асуы ықтимал.

Трамптың бұйрығы бойынша АҚШ кемелері Кариб аймағының оңтүстігінде үлкен ауқымды операция өткізуді жоспарлауда. Reuters басылымының жазуынша АҚШ аталған операцияға 4 мың сарбазды жұмылдырмақ. Аталған аймаққа P-8 барлау ұшақтары да аттанбақ. Сонымен бірге Вашингтон Кариб аймағына әскери сүңгуір қайықтың бірін жіберуді жоспарлауда. АҚШ-тың әскери күштері халықаралық су айлағында әрекет етеді. Алайда әскерилер есірткі тасымалдайтын топтарға дәл соққы жасауды да жоққа шығармайды.
АҚШ билігі есірткі тасымалдайтын қылмыстық топтарға қарсы қысымды арттыруда. Трамп билікке келе сала, ақпан айында бірнеше есірткі тасымалдайтын топтарды лаңкестік ұйымдар қатарына қосты. Оның ішінде Мексикадағы «Синалоа» картелі мен Венесуэладағы «Трен-де-Арагуа» ұйымы да бар.
Президент Трамп картельдерге қарсы әскери күш қолдануды рұқсат ететін арнайы жарлық шығарды. Бұл туралы The New York Times жазды. Жарлық АҚШ әскерилеріне картельдерге қарсы қару қолдануға мүмкіндік береді. Осылайша Вашингтон картельдерге қарсы соғыс ашуда. Трамптың жарлығы АҚШ әскерилеріне тек теңізде ғана емес, сонымен бірге өзге ел аумағында да әскери операция өткізуге рұқсат етеді.
Трамп Мексикадан келетін босқындар мен есірткі тасымалын азайту үшін шекара маңына ұлттық гвардия жасақтарын топтастырды. Есірткі картельдеріне қарсы қатаң күрес басталатынын айтты.
Екі апта бұрын Трамп әкімшілігі «Күн картелі» деп аталатын топты лаңкестік ұйымдар қатарына қосты. Ақ үй аталған топты Венесуэла президенті Николас Мадуро басқарады деп мәлімдеді және Мадуроны ұстауға 50 млн доллар сыйақы тағайындады.
Венесуэла басшысы Николас Мадуро АҚШ-тың әрекетін қатаң айыптады. Вашингтонның аймаққа әскери кемелерді жіберуін айыптай отырып, 4,5 млн ерікті жасақ жасақтап, оларды Венесуэладағы зауыттар, өндіріс кешендері маңына орналастыратынын айтуда. «Мен жұмысшылар мен шаруаларды агрессияға қарсы жұмылдыру шараларын тоқтатпаймын. Олар зауыттарда, кешендерде қызмет етуде. Олар өз кешендерін ықтимал қауіптен қорғайтын болады. Қасиетті Венесуэла жерін ешқандай империя басып ала алмайды», - дейді Мадуро.
Сарапшылар Трамптың Мадуроға қарсы әскери операция өткізу мүмкіндігін жоғары бағалайды. Ықтимал сценарийдің ішінде әуеден жасалатын соққыны айтуда.
Mezgil.kz