Ресейлік ақпарат көздері оккупациядағы Қырым аймағында және Байқал аймағында жанармайдың тапшылығы артып, жанармай бекеттерінде бензинді арнайы талонмен беру басталғанын жазуда.

Оккупациядағы Қырымның тұрғындары жанармай бекеттерінде АИ-95 маркалы бензинінің жоқтығын айтуда. Жанармай негізінен арнайы талон арқылы ұйымдарға берілуде. АИ-95 маркалы бензинінің бағасы да шарықтап, литріне 70 рубльге жеткен.
Байқал аймағындағы Краснокаменск, Борзя қалаларында да жанармай тапшылығы өткір мәселеге айналды. Аталған қос қалада АИ-95 бензині мүлде жоқ. Сарапшылар Байқал маңында жанармай тапшылығы тамызда басталғанын айтуда, ал оккупациядағы Қырымда 7-тамыздан бастап жанармай тапшылығы артқан. Оккупациядағы Қырымда АИ-95 маркалы бензині 70 рубльге жетті. Краснодар аймағында бұл 65 рубль, ал Ресей бойынша орта есеппен 63 рубльді құраған. Осылайша Қырымда жанармай тапшылығы бағаның күрт өсуіне әкелді.
Мамандар жанармай тапшылығын Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына Украинаның шабуыл жасауымен түсіндіруде. 2025 жылдың 19-тамызына қараған түні Украина Волгоград аймағындағы мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасады. Киев соңғы 45 күнде Ресейдегі 7 ірі МӨЗ-ді соққы астына алған.
2022 жылдан бастап Ресей мен Украина арасындағы соғыс тек майдан шебінде ғана емес, сонымен қатар энергетикалық инфрақұрылымда да жүріп келеді. Украина өз мүмкіндіктерін кеңейтіп, дрондар мен зымырандар арқылы Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарын (МӨЗ) нысанаға алуда. Бұл соққылардың әскери ғана емес, экономикалық және саяси салдары болуда.
2024–2025 жылдары Украина дрондары Ресейдің ең ірі мұнай өңдеу нысандарына 30-дан астам соққы жасаған. Жалпы есеппен Ресейдің мұнай өңдеу қуатының 12–15% шамасы істен шықты.
Соққы салдарынан Ресейдің ішкі нарығында жанармай бағасы 20–30%-ға дейін қымбаттады. Үкімет 2024, 2025 жылдың көктем-күзінде уақытша бензин мен дизель экспортын шектеуге мәжбүр болды.
Қазіргі сәтте Украинаның соққысы ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізуде. Ресей диқандары егістікті ору науқанында жанармайдың тым қымбаттап кеткенін айтуда.
Mezgil.kz